Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токио Олимпиадасында спортшылардың ойынына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жапондық қарсылас Демеудің (Жадыраев – ред.) қолын көтергенін күтті. Бұл бір үлкен қателік болды. Біз оған басыңды түсірме, ол өте қауіпті деп үнемі айттық. Жарыстың аяқталуына 30 секунд қалған еді. Ол шаршап, басын түсіргені сол еді, «жазалау» басталып кетті. Өзі де жапондық балуанның жеңіп кеткенін түсінбей қалды», - деді бас бапкер Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингіде.
Нұрсұлтан Тұрсыновқа келсек, бапкер оның жақсы дайындалғанын жеткізді.
«Дайындығы мықты болғанымен, ол төрт жыл үзілісте отырып қалды. Бәлкім сайыс тәжірибесі жетпей қалған шығар. Тіпті осы жағдайда да ол өте жақсы күресті. Оның жеңілгенін төрешілердің қателігі деп есептеймін», - деді Бақтияр Байсейітов.
Бұған дейін бас бапкер Нұрсұлтан жасаған әдістің бағаланбай қалғанын айтқан еді. Төрешілер оған екі ұпайды бергенде, Нұрсұлтан жеңіске жетер еді.