ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы паралимпиялық жаттығу орталығына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жазғы және қысқы паралимпиялық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервті сапалы әрі кәсіби дайындау үшін салынған елорданың жаңа бірегей спорт кешенімен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев ойын залын, күрес залы мен жаттығу бөлмелерін аралап көріп, спортшылармен және бапкерлер құрамымен әңгімелесті.
«Өздеріңіздің табандылықтарыңыз бен ерік-жігерлеріңіздің арқасында еліміздің даңқын асқақтатып жүрсіздер. Мен сіздердің еңбектеріңіз бен өршіл қасиеттеріңізге тәнтімін. Сіздер барша жұртқа лайықты үлгі көрсетіп келесіздер», - деді Қазақстан Президенті.
Нысанды аралап көру барысында Мемлекет басшысы XII қысқы паралимпия ойындарының чемпионы Александр Колядинге спорттағы жетістігі үшін естелікке сыйлық тарту етті.
Сонымен қатар, спорттық нысанның ашылу рәсімінде Азия Паралимпиялық комитетінің президенті Маджид Рашед Нұрсұлтан Назарбаевқа осы ұйымның Құрмет Орденін тапсырды.
М.Рашед бұл сыйлық Қазақстан Президентінің еліміздегі паралимпиялық қозғалысқа қосқан зор үлесін, сондай-ақ Елбасының ерекше мұқтаж адамдарды әлеуметтік қорғау және барлық азаматтар үшін бірдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арқылы тұрақты қолдау көрсетуін мойындаудың белгісі екенін атап өтті.