23 мау, 2017 сағат 12:46

Нұрсұлтан Назарбаев: "Әр қазақ - менің жалғызым..."

Шетте жүрген бауырларға жанашыр болу - әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Мен үшін шетте жүрген бауырларға жанашыр болу, әр қазақстандыққа қамқорлық жасаумен бірдей маңызды. "Әр қазақ - менің жалғызым" деген  өлең жолын құрылтай мінбесінен әлемдегі  әрбір қазаққа жолдаймын. Сіздерге айтарым, ауылдарыңызға қайтқаннан кейін алыстағы ағайынға менің дұғай сәлемімді жеткізіңіздер. Қазақ баласы қай елде тұрса да, олар Ұлы далада Мәңгілік ел құрып жатқан байтақ Қазақстанның ажырамас бөлшегі  болып табылады. Жүрегінің түбінде осынысы ұстасын", - деді Елбасы.

ҚР Президенті құрылтайға шеттен келген қандастарымызға мұндай жиын күнде өтіп жатпағандығын, сондықтан елорданы, ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалап қайтуға кеңес берді.

"Бүгін барша қазақтың басын біріктірер салмақты ойлар айтылып, ізгі істер бастау аларына сенімдімін. Сіздердің де ойларыңызды тыңдағым келеді. Екі күннен соң барша мұсылмандар үшін  қасиетті айт мерекесі басталады. Біз ұмытылып, өшіп кеткен ата дінімізді қайтарып, Қазақстанда 2500-ден астам мешіт ашылып, елімізді имандылыққа шақырып отырған халықпыз", - деген мемлекет басшысы барша қазақстандықты алдағы айт мерекесімен құттықтады.