05 қаз, 2017 сағат 08:37

Нұрсұлтан Назарбаев: «Ақтөбе инновация көзі және ресурстарды тарту факторы болуы тиіс»

4 қазан, сәрсенбі күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында болды. ҚР президенті инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, сондай-ақ, өңірдегі өндірістік кәсіпорындарға барды, -деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, мемлекет басшысы Ақтөбе ферроқорытпа зауытына қарасты цехтардың бірінің жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 440 мың тонна ферроқорытпа өндіруге жететіні жөнінде баяндалды. Бұл өнім Қытай Халық Республикасына, Еуропа елдері мен АҚШ-қа экспортталады.

Елбасы мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған рельс-арқалық зауыттың жұмысымен де танысты. Мемлекет басшысына зауыт өнімін алыс және таяу шет елдерге, соның ішінде Өзбекстанға, Түрікменстан мен Әзербайжанға экспорттаудың қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Зауыт «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын өз өнімімен қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 430 мың тонна өнім өндіруге жетеді.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, озық үлгідегі Ultra-Clima инновациялық жүйесінің қолданылуымен салынған жылыжайды аралап көрді. Қазақстан Президентіне осы жобаның көкөністі бүкіл өңірге жеткізу, сондай-ақ оны таяу және алыс шет елдерге экспорттау мүмкіндіктері жөнінде баяндалды Кәсіпорынның өнімділік қуаты жылына 6 мың тонна көкөніс өндіруге жетеді. Айта кетейік, «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешені «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қолдауымен мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған.

«Нұр Ақтөбе» ауданының аумағында несиеге берілетін әрі жылдам салынатын бір қабатты және екі қабатты тұрғын-үй құрылысының барысымен танысқан Қазақстан Президенті еліміздің тұрғындары үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың маңызды екенін ерекше атап өтті.

– Халықтың әл-ауқатын арттыруда бұл бағдарламаның маңызы зор. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың жайлы тұрмысы үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысы жөнінде баяндады.

Бұдан өзге, Мемлекет басшысы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының қаржысына салынған жаңа Өнер орталығын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бағдарламасы аясында салынған Шығармашылық академиясын аралап көрді.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар, «Жұбановтар әлемі» атты жаңа орталықта болды. Орталық атақты Жұбановтар әулетінің көрнекті тұлғаларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынды.

Қазақстан Президентіне бұл нысанның құрылысы жеке адамдардың қаржысы арқылы жүргізілгені баяндалды. Мемлекет басшысы еліміздің көрнекті ғылым және өнер қайраткерлері – Жұбановтардың өмірі мен шығармашылығына арналған музейді аралап көрді.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев облыстың қоғам өкілдерімен кездесті.

Елбасы «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсетілген жаңғыру үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды.

– Әлем көз алдымызда өзгеруде, біз сол өзгерістердің ортасындамыз. Жаңа ғылымдар пайда болып, тың көзқарас қалыптасуда. Барлық реформалар, соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі замандастарымызды жарқын болашаққа дайындау үшін жасалуда, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақтөбе де инновация орталығы болып, өндірістік, қаржылық және адами ресурстарды тартатын факторға айналуға тиіс екендігін ерекше атап өтті.

– Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысының халқы екі есе өсті. Осы көрсеткішті арттыру мақсатымен мұнда тұтас шағын аудандар мен қажетті инфрақұрылым салынуда. Барлық жағдай жасалып жатыр. Тұрғын-үй, жол салынып, газ бен су құбырлары тартылуда. Сол сияқты бүкіл Қазақстан аумағы жол желісімен қамтылады. Міне, даму дегеніміз – осы. Мұны адами даму деуге де болады, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев облыс тұрындарына амандық пен бақ-береке тілеп, еліміздің өркендеуі жолында табысқа жетулеріне ниеттестігін білдірді.