30 сәу, 2019 сағат 18:39

#NurOtanPikir пікірталас алаңында жастар мәселесі талқыланды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен #NurOtanPikir еркін пікірталас алаңының кезекті отырысы өтті. Онда қатысушылар «Жаңа әлемдегі жастар келбеті» тақырыбында ой қозғап, әңгіме өрбітті.

Дәстүрге сай отырысты ғалым, Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жүргізді.

Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары еліміз үшін жастар мәселесінің маңызы қашанда жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі таңда еліміздің маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, осындай сәтте жастар да жауапкершілікті сезінуі керектігін тілге тиек етті. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары соңғы жылдары елімізде мемлекет тарапынан жастарға айтарлықтай жағдай жасалып жатқанын да айтып өтті.

– Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап, осы саладағы басымдықтарды айқындап берді. Оларды жүзеге асыруға біздің партия да белсене қатысады. Сондай-ақ біз партиямыздың кезекті XVIII съезінде қабылданған жаңа бағдарламамызда да жастар мәселесіне үлкен көңіл бөлдік. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Оның айтуынша, партияның жаңа бағдарламасында алдағы 10 жылда жүзеге асыратын нақты он мақсат анықталған. Олардың бірі жастарға қолдау көрсету ісіне арналып отыр. Осы бағытта партия үш басымдықты анықтады.

Бірінші басымдық жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған. Екінші басымдық – жастардың әлеуетін дамытып, жас буын арасында патриотизмді күшейту болса, үшінші басымдық – мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне назар аударған Мәулен Әшімбаев партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Жұмыспен қамту ісінде ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға сол арқылы жастардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік беруіміз керек. Осы салада партия нақты жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, еліміз бойынша ІТ-орталықтар ашып, жұмыссыз және мамандығын өзгерткісі келетін жастарымызды қайта оқытып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына қолдау көрсетіп жатырмыз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Іс-шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Shalqar» радиосының директоры Қалқаман Сарин, кәсіпкер, ІТ технологиялар саласында қызмет көрсететін STEM академиясының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының жүргізушісі Әйгерім Есенәлі, «Nur Otan» партиясы Баспасөз қызметінің басшысы Максим Споткай және «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.