Алдымен баспана…
Биыл Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ-Т» ЖШС тұрғын үй құрылысы комбинатымен, олардың жұмыскерлерімен танысып, мекеменің өңірдегі үй тұрғызу мәселесіндегі елеулі орнын атап өткен еді. Сонда «Алдымен баспаналы болу керек, содан кейін отбасын құру керек. Егер өз үйің болмаса отбасын қай жерге құрасың?! Бізде дұрыс істемейді. Алдымен баспана мәселесін шешіп алу керек, сосын үйлену керек», – деген ағалық ақылын да айтқан болатын.
Отбасын құрып, отау көтеру үрдісін қазақтар үйлену дейді, яғни үйлі болу деген мағынада. «Үйің жаман болса, күйің жаман» деп түсінетін қазақ отбасы болудың алғышарты ретінде үйлі болуды бірінші кезекке қойған. Сол себепті де, үйленген баласына отау үй тігіп беретін. Мүмкін, ол бұрынғы кез, киіз үй бүгінгі тұрақты баспанаға қарағанда әлдеқайда арзан деп уәж айтатындар табылатын шығар. Бірақ біз сол заманда қалып қойған жоқпыз ғой – өсіп-өркендеп, жаңа технологиялар мен жетік техникаларды меңгеріп жатырмыз, ендеше, неге үй мәселесінде кері кетуіміз керек?!
Мен елу жылдан аса құрылыс, оның ішінде үй салу мәселесіне көп араласқан қазақ мамандарының бірімін. Үй құрылысы ісін зерттеп-зерделеп, талай жылғы жұмыс барысында оның анық-қанығына жеткендеймін. Сол себепті, осы мәселеге қатысты өзімнің азаматтық көзқарасымды кәсіби маман ретінде білдіргім келеді.
Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасында келтірілген деректерге сүйенсек, БҰҰ-ның әлеуметтік стандарттарына сәйкес бір тұрғын басына шаққанда кемінде 30 шаршы метр тұрғын үйден келуі тиіс. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш соңғы жылдары 16,7 шаршы метрден 21,1 шаршы метрге дейін өскен деген мәліметтер кездеседі. Бұл дамыған елдермен салыстырғанда 2-3 есе төмен. АҚШ-та бұл көрсеткіш адам басына шаққанда 75 шаршы метрге жуық, Ұлыбританияда 62 шаршы метр, Германияда 45 шаршы метр шамасын көрсетеді. Бізге осындай көрсеткіштерге жету үшін әлі біраз жыл керек немесе нақты шешімдер қабылдап, бұл мерзімді қысқарту керек.
Субурбанизация және тұрғын үй салу ізденістері
Субурбанизация – (латын тілінен аударғанда suburbs – қала маңы) қала маңында қоныстану түрі, ол әлемнің бірқатар елдерінде негізгі бағыттардың бірі болып қалыптасты және салыстырмалы түрде әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар қол жеткізе алатындай деңгейді қамтамасыз етті. Ол жөнінде Екінші дүниежүзілік соғыстан шаршап шыққан Американың, Батыс Еуропа елдерінің үй мәселесін шешу тәжірибесі үлгі боларлық. Ол елдер, әсіресе, Америка, қала маңынан және басқа аймақтардан бір отбасылық үй салуға тоқтаусыз жер бөліп, әр түрлі құрылыс материалдарын қолдануға кеңінен рұқсат берді. Соның арқасында олар баспаналы болуда бірден алға шықты. Көптеген Батыс Еуропа елдерінің жағдайлары да осындай. Мысалы, Ұлыбритания астанасының қала сыртындағы жалғасы – Үлкен Лондонның бүтіндей бір қабатты үйлерінің тұрғындары өз азаматтары, яғни ағылшындар.
АҚШ пен Ұлыбритания адамдардың жекеменшік үйлерде тұру ұмтылысына қатты көңіл бөледі. АҚШ-тың қалалық тұрғын үй қорындағы бір отбасылы үйлердің үлесі үштен екіні құрайды, бұл көрсеткіш орталық қалаларда екіден бір, ал қала маңында төрттен үш шамасында. Бір отбасылық үйлер саны үнемі өсіп отырады.
Елімізде соңғы уақытта бірнеше облыс орталықтарында ірі панельді шығара алатын үй құрылысы комбинаттары мен зауыттары салынды және салынуда. Осы бағытымыз дұрыс па, бұрыс па – осыған бір талдау жасап көрейікші. Бұл жерде сөз үй құрылысының осы түрі туралы мамандардың пікірлері мен алыс және жақын шетелдердегі тәжірибелер жөнінде болмақ.
Көршіміз Ресейде тұрғын үй құрылысының келешегі жөнінде, ертеректе салынып қалған ірі панельді зауыттарды не істеу керек, болашақта осындай зауыттар салу керек пе, керек емес пе деген ізденістер мен сұрақтар бойынша ғылыми пікірталастар, конференциялар өтіп тұрады, тіпті, бұл мәселе ғылыми-зерттеу жұмыстары мен диссертациялардың тақырыптары ретінде де қарастырылып жүр. Бір айта кететін жағдай, бұрынғы зауыттарды жаңғырту талпынысы болғанымен, Ресей ХХІ ғасырда жаңа ірі панельді зауыттар салуға бағдарлама қабылдады дегенді естіген емеспін.
Осыған орай, ресейлік Алексей Щукиннің 2007 жылы жарияланған («Эксперт» журналы, №46/2007, Мәскеу) «Азарт вместо строительного бума» деген мақаласында Голландияның белгілі сәулетшісі Барт Голдхорнның пікірін келтіріпті: «…возврата к крупнопанельному жилью быть не должно. Это устаревшая технология – в Европе от нее отказались еще в семидесятые годы… Именно в семидесятые в европейском домостроении произошла смена технологического уклада: от крупнопанельного к мелкосборному… Грубо говоря, крупнопанельный дом собирался из двадцати деталей, а мелкосборный – из ста. Большое число производителей стало делать отдельные детали дома». Осы жүз немесе одан асатын құрылыс материалдары мен бөлшектері адамның өзі күрделі техникасыз көтеріп әрі монтаждай алатындай болуы керек.
Соңғы жылдары газеттер жарыса жазып жатқан кейбір ұранды мақалаларда комбинаттарда, зауытта жасалған ірі панель материалдардың құнын тұрғын үйдің соңғы бағасы деп шатыстырды. Мұндай өнімдердің бірнеше бағасы болады: біріншісі – зауытта дайындалған өнімнің өзіндік бағасы, екіншісі – құрылыс алаңына жеткізу және сонда үйіп жинау бағасы, үшіншісі – монтаждау, төртіншісі – құрылыс жабдықтары мен ішкі инженерлік желілерді жүргізу, бесіншісі – әрлеу, алтыншысы – алаң ішіндегі жүйелер мен коммуникациялар, жолдар, өткелдер, жетіншісі – абаттандыру және қолданысқа енгізу бағалары. Ал кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тек бастапқы бағасы ғана көрсетіліп, ірі панельді үй құрылысы комбинаттары өнімдерінің арзандығы «таңдай қақтырды» және бұл тек үйдің қоршау конструкциялары ғана екенін де жеткізе айтпайтын еді.
Бұрынғы типтік жобаларды баспа беттерінде мамандар, құрылысшылар, жобалаушылар, сол жоба бойынша салынатын ғимаратты тұтынушылар – бәрі талқыға салатын, ал қазір ол жобаларды мамандардың өздері дұрыстап қарауға үлгермей жатады. Бұл дұрыс емес. Ғимараттың келешектегі моральдық және физикалық тозуы деген бар. Біздегі ғимараттардың көпшілігі кемінде – 50, тіпті 100 жылға дейін жарамды болады деп есептеледі, бірақ моральдық тозу ертерек болатынын білген дұрыс. Кейбір жобалардың моральдық тозуы 10-15 жылда-ақ басталып кетеді.
1990 жылдардың басында ел біріккеннен кейін неміс мамандары бүкіл ірі панельді тұрғын үй қорын бұзып, еуропалық стандарттарға сай жаңа тұрғын үйлер салуға пейілді болды. Алайда, мұндай жобаның жалпы құны 500 млрд неміс маркасына (шамамен 300 млрд АҚШ доллары) жетеғабыл, тіпті, одан да асып кететін болды. Бұл елдің бюджетіне үлкен салмақ салатын еді. Сол кезде тұрғын үй қорын қайта құру және жаңарту туралы шешім қабылданды. Одан кейінгі он жыл ішінде бұл бағдарлама неміс халқына біткен мұқияттылықпен орындалды.
Біздің жағдайымызда 1960 жылдардан бастап салынған барлық ірі панельді үйлерді осындай деңгейде жаңартуға шамамыз жете ме? Осы жылдың мамыр айындағы көрсеткішке сәйкес, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы статистика агенттігінің деректері бойынша 817 000 шаршы метр, бірақ оның барлығын халық алып жатыр деп айта алмайсың. Істің адамдары 2-3 пәтерден алып қойып, кейіннен тиімді сату үшін үй бағасының қымбаттағанын күтіп отырады. Біздерде өткен ғасырдың 1970-1980 жылдары бұзылған және апатты жағдайдағы үйлерді алып тастағанда жылына шамамен 0,6 шаршы метр қосылып отыратын. Бұл көрсеткіш Еуропада осы жағынан өте жетілген, ол қазірдің өзінде жыл сайын 1 шаршы метрден кем емес. Ал біз бұл көрсеткіш бойынша жыл сайын 0,6 шаршы метр мен 1 шаршы метрдің аралығынан аса алмай келе жатырмыз.
Үй салу межелерінің тиімді бағыттары
Үйсіз жүрген жастарымыздың көпшілігінде қаржы жоқ, тіпті, кредит алу мүмкіндіктері де шектеулі. Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің жеңілдікпен берілетін кредиттерінің өзіне де кез келгеннің қолы жете бермейді, өйткені, үйсіз адамның жақсы жұмысқа тұру мүмкіндігі де жоқ. «Қыз алмаған жігіттің қырық қызда дәмесі бар» демекші, қолында жұмысы, басында үйі жоқ жастарды әр нәрсеге еліктіру қиын емес. Қазіргі күні радикалды діни ағым жолына түсіп кеткен жастарымыз көбейе түсуде, соларды тоқтатудың бір жолы баспанамен қамту, өздерінің қалауымен үй салу мүмкіндігін қарастыру. Адамның алдында болашағына деген бір сенім пайда болса, ол соған жету жолында тау қопарады! Жері болса, тепсе темір үзетін 25-30-ға келген жігіттер көп жағдайда үйді бір маусымда-ақ салып бітіреді, ол қиын емес.
Қазір еліміздің телевизиялық нарығы қарқынды дамып, ол әлі де халықтың көп тұтынатын құралы болып келеді. Қаншама телеарналар бар, солардың ішінен біреуі жеке үй салуға арналған жетісіне бір сағаттық хабар ашуы керек. Онда аз қабатты үйлерге арналған инновациялық материалдармен және құрылыс технологияларымен таныстырып, кірпіш пен ағаштан жасалатын материалдардың түр-түрлерінен басқа да арболит/пенобетон/газбетон сияқты жеңіл блоктар мен жеңілдетілген ажыратылатын және ажыратылмайтын қалыптар жөнінде, финдік және шведтік технологиялардың мәнісі туралы мәліметтер беріп отырса, көпшіліктің ақпараттық сұранысын қанағаттандырар еді.
Қазіргі уақытта ірі қабырғалық материалдарды жасау үшін миллиардтап ақша шығындап, көптеген үлкен үй құрылысы комбинаттарын, зауыттарын салудың қажеті бар ма? Ондай материалдардан салған үйлердің бағасы қымбат әрі олардың тұрмысқа қолайсыздығы көптен белгілі. Оның үстіне ірі панельді үйлердің егіз қозыдай бірінен-бірі айнымайтыны қалалардың сәулеттік сұрықсыздығына әкелетініне ешкімнің таласы жоқ шығар.
Жақында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев халықпен есептік кездесуі кезінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 2016-2017 жылдарға бөлінген қосымша қаражаттар туралы, жалға берілетін тұрғын үйлердің, кредиттік үйлер мен коммерциялық үйлердің қаншасы салынатыны туралы баяндады. Сонымен қатар, ол Елбасының Үкіметке 2016 жылдың екінші жартысында экономикалық дамуды ынталандыру мақсатында жеке тұрғын үй құрылысына қосымша қаражат бөлуді тапсырғанын атап өтті. «Бұл мақсатқа 23,9 млрд теңге шамасында ақша бөліну жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1 мың км.-ге жуық инженерлік желілер салынатын болады», деді өз сөзінде министр.
Баспана мәселесін тездетіп шешу үшін, Елбасының жоғарыда айтылған жеке үй құрылысына қосымша қаражат бөлу туралы тапсырмасы негізінде келешекте аз қабатты тұрғын үйлерді көптеп салу жұмыстары министрліктер мен әкімдердің қолдауын қажет етеді.
Келешекте біз көп қабатты үй құрылысына қарағанда аз қабатты үйлер салу қарқынын кеңінен дамытуды көздеуіміз керек. Монолитті немесе монолитсіз көп қабатты ірі панельді зауыттар салуды және ірі панельді қаңқалы үй тұрғызуды толығымен бизнесмендер өз қаражаттарымен, өз мүмкіндіктерімен шешуі керек. Жер, инженерлік желілер және басқа мемлекет атынан берілетін көмектер, негізінен, жеке үй мен аз қабатты тұрғын үйлерге басымырақ бөлінуі керек.
Қазақстанның тұрғын үй құрылысына ақша жинақтау жүйесіне 10 жыл толуына арналып, 2013 жылы Астанада өткен халықаралық конференцияда халқымыздың қандай үйге мұқтаж екеніне көңіл бөлініпті. Жалға берілетін үйлер, уақытша баспаналар мәселелерін қарастыра келіп, Ұлттық банктің қазіргі төрағасы Данияр Ақышев «баспана инстинкті» деген ұғымға тоқталып өтіпті. Сонда 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер қорытындысын зерделеп, халқымыздың тұрғын үйді жалға алып немесе уақытша тұруға емес, өз шаңырағының, өз меншігіндегі үйі болуын қалайтынын атап өтті. Біздің банкирлеріміздің баспана мәселесіндегі ұлттық ерекшеліктерге назар аударып жүргені көңіл қуантады. Бұл біздің бағзы заманнан келе жатқан әдетімізге сәйкес.
Халықтың тұрмысының жақсылығы – басында жеке үйінің болуы. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүріміз, тұрмысты сайлап алып, отбасын құру ыдыс-аяқтың сылдырын азайтып, берекелі өмір сүрудің алғышарты болып табылатынын ата-бабаларымыз баяғыда-ақ түсінген.
Біздің басты байлығымыз – өскелең ұрпақ, дені сау, ойы түзу жастар. Жеріміздің қасиетін жастарға сіңіру керек дейміз, олар өздерінің жерге иелігін сезіне алмаса, оны қадірлемейсің деп қалай кінәлаймыз?! Бұл мәселені шешпей, қай тұрғыдан болсын алға жылжи алмаймыз.
Шешім кілті – «Нұрлы Жолда»
Бұл орайда «Нұрлы Жол» бағдарламасы түйсікпен танылған сәтті жоба екенін атап өткен жөн. Бұл – барлық игі істердің басы. Дүние жүзінде көптеген қалалар мен елді мекендер сулы өзендер мен теңіздердің жағалауына салынады. Қалауы келіп тұрса, мұхиттың жағасына да жайғастырылады, өйткені, кеме жолдары қарым-қатынас және тасымал жолы ретінде үлкен мәнге ие.
Осыған орай 2016-2020 жылдары автомобиль жолдары үшін жаңа «Нұрлы жол – Батыс», «Нұрлы жол – Шығыс», «Нұрлы жол – Оңтүстік» бағдарламаларын әзірлеп, инфрақұрылымдық даму жолдарына сәйкес жеке автожол жобаларын жүзеге асырса, Батыс Еуропа – Қытай, Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Атырау – Астрахань, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды күре жолдары еліміздің келешек мүмкіншіліктерін жақсарта түсері сөзсіз. Себебі, бұл бағдарлама – солтүстік пен оңтүстікті, шығыс пен батысты жалғап жатқан күре жолдардың бойына қазіргі уақытқа сай елді мекендер салуға толық мүмкіндік беретін кілті табылған шешім. Біраз жылдан бері байқап келе жатқанымыздай, теміржолдың бойындағы халықтың тұрмыс-тіршілігі жолдан жырақ елден гөрі анағұрлым өркениетті, анағұрлым жақсы. Сондықтан, ендігі мүмкіндіктерді сол жол бойынан іздеу керек.
Бір қуантарлық жайт, үй мәселелерін шешу қозғалысы елімізде басталып та кетті. Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Соның ішінде жол бойын жеке үй салу мақсатында пайдаланудың жақсы үрдісі Қызылорда қаласында бой көтергені қуанышқа бөлейді.
Нұрсұлтан Әбішұлы қала үлкейгенінің зиян еместігі, өйткені, қаланың өсуімен өркениетіміздің де дамуы алға басатынын айта отырып, «Әлемде ғылым да, технология да осындай ірі қалаларда дамиды. Біздің жеріміз байтақ. Халық Қазақстанның ауылдық жерлерінде орналасқан. Біз барлық жерде бірдей мұны дамыта алмаймыз, сондықтан ірі агломерацияны құру және жасау – бұл біздің елдің маңызды міндеті», деп атап өтті. Қазіргі кезде уақыт ағымына сай жақсы дамыған елдердің бірі – Оңтүстік Корея. Оның астанасы Сеулде жалпы халықтың үштен бірі тұрады. Қалаларымызды аз қабатты үйлермен кеңейтуді сауатты орындай алсақ, жолды, инфрақұрылымды дұрыс жолға қойсақ, күрмеулі көп мәселенің басы ашылар еді.
Сырғып аққан уақытты нақты істермен игеріп, халқымыздың әрі кеткенде 10-15 жылда сайлы тұрмыстары, жайлы үйлері болатынына сенімі болатын жағын қарастыру керек. Ол үшін Елбасымыздың сөзінің шындығын көрсете білуіміз керек. Қазақ туғаннан кейін шаңырақсыз қалмаған. Жаңа тұрмыс жаңа ақ отау үйден басталатын еді ғой. Қазіргі үй қиындықтары халқымызды сол қасиетінен айырды, кейбір азаматтар, әсіресе, жастарымыз абдырап қалды.
Келешекте дамуымыздың басты бағыттарының бірі жол екенін Елбасымыз өзінің «Нұрлы Жол» бағдарламасында айқындап берді. Нұрлы жол тіршіліктің көзі ғана емес, елді мекендерді бір-бірімен жалғастырады, сауда-саттық, қарым-қатынас құралы. Ол – үй салу мәселесін екпіндете жетілдіретін бағдарлама. Оның екпіні шағын және орта бизнесті дамытуға күшті серпін береді.
Адамның «өз үйі, өлең төсегі», жайлылық, қауіпсіздік, рахат сезімін сыйлайтын аз қабатты, саялы бақты үйі болуы керек, бұған «Нұрлы Жол» бағдарламасы кеңінен жол ашып отыр. Сол себепті, «Нұрлы Жол» – құлпына кілті табылған бағдарлама деп айтар едім.
Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
Ұлттық инженерлік академиясының академигі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
"Егемен қазақстан" газеті