«Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» облыстық бөлімшелерінде 9 қарашадан 8 желтоқсанға дейін «Бәйтерек Девелопмент» желісі бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы ақпараттық орталықта өткен баспасөз мәлихатында «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Алтынбеков мәлім етті.
Қазіргі таңда елімізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылыстары салынып жатыр. Бұл бірегей бағдарламаның мақсаты – азаматтардың басымдық берілген санаттары мен қалың жұртшылық үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысының тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету. Құрылысты қаржыландыру көзіне байланысты осы бағдарлама аясындағы тұрғын үйлерді сату екі негізгі бағыт – жергілікті атқару органдары және «Бәйтерек» Холдингінің еншілесі «Бәйтерек Девелопмент» арқылы жүзеге асырылады.
– Шығыс өңірінде 18 млрд. теңге қаражатын жинақтап отырған 63 мың банк салымшысы бар. Бұл - біз үшін үлкен жауапкершілік. Салымшыларымыз өздерінің есепшоттарын баспана мәселесін шешу үшін ашатындықтан, оларға арналған тиімді ұсыныстар ауқымын кеңейтуге барынша тырысамыз. Тиімді шарттар мен баспана сапасын алдыңғы орынға қойып, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 30 пайыздық бастапқы жарнамен несие береміз, - дейді «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Алтынбеков.
Аталмыш банк салымшылары бұл бағдарлама бойынша жылына 5 пайыздық қолжетімді несие арқылы қалаған пәтерін ала алады. Тоғыз қабатты үй Өскемендегі Қ.Сәтпаев пен К.Маркс даңғылдарының қиылысындағы «Айымжан» көппәтерлі тұрғын үй кешенінде орналасқан. «Курмыш Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған бұл зәулім үй шаршы метрінің құны 152 663 теңгеден болатын 2, 3 бөлмелі 159 пәтерден тұрады.
Өңірімізде бұл мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Осы екіжақты келісім бойынша өңірімізде құны 3 млрд. теңге болатын жалпы аумағы 25 875 шаршы метрді құрайтын 4 үй (373 пәтер) салынады деп жоспарланып отыр.
Айжанат Бақытқызы
24 қар, 2016 сағат 17:11