07 қар, 2016 сағат 08:19

«Нұрлы жол» арқылы жаңа мектепке қол жеткізілді

Бүгін Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде 900 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған бұл жаңа білім мекемесінің іске қосылуы нәтижесінде бұған дейін Д.Қонаев  атындағы  және  № 49 орта мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесі шешімін тапты. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы барып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтады.

- Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қуанышқа кенеліп, жаңа мектепке кіргелі отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл мектеп Елбасының тапсырмасымен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы» бағдарламасымен салынды. Келесі жылы үш ауысымда оқыту мәселесі толығымен шешімін табатын болады, - деді облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде.

Аудан тұрғындары мен ата-аналар атынан Алматы облысының және Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» Төленді Сарыбаев сөйлеп, жерлестеріне ізгі тілегін жеткізді.

Мұнан соң мектептің құрылысын жүргізген «Артемида  ЛТД» ЖШС директоры Салман Асланов жаңа мектептің директоры Камшат Қыстаубаеваға ғимараттың кілтін табыс етеді.

Жаңа білім ордасының табалдырығын аттаған талапты оқушыларға Өмірбеков Жақыпбек ақсақал бата беріп, балғындарға жарқын болашақ тіледі. 

Айта кетейік, мектептің жалпы көлемі - 9859,4 шаршы метр. Ғимараттың  құрылыс жұмыстарына, құрал-жабдықтарына барлығы – 1 476,1   млн. теңге, оның ішінде Ұлттық  қордан – 1 330,0 млн. теңге, жергілікті  бюджеттен –  146,1 млн. теңге бөлінген. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қосымша тағы 34 млн. теңге қаражат қарастырылған.

Қазір мұнда 60 ұстаз қызмет етеді. Бүгінгі күні мектеп 750 оқушымен толықтырылып, 30 сынып жиынтығы бекітілген.

Мектепте әдеттегі оқу кабинеттерімен қатар жаңа модификациялық үлгідегі, атап айтқанда лингафонды-мультимедиялық, информатика, химия, физика, биология, алғашқы әскери дайындық, технология және шеберхана кабинеттері жабдықталған. Сонымен қатар 150 орынға арналған асхана және 2 спорт залы, ІІ қабатында 18 оқушыға арналған оқырман залы, 13 компьютермен жабдықталған кітапхана, 296 орындық мәжіліс залы орналасқан.

Мектеп ғимаратының сыртында 2752 шаршы метрді құрайтын жаңа үлгідегі жасанды газон төселген футбол және волейбол мен баскетбол ойындарына арналған алаң салынған.

Мектеп ауласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 ақ терек отырғызылып, 17 шырша, 800 түп раушан гүлдерімен және де басқа ағаш түрлерімен абаттандырылды.