14 қыр, 2016 сағат 10:25

«Нұрлы жер» бойынша жерді қайтару тетігі жылдың аяғына дейін қабылданады – А.Мырзахметов

Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жерді беруді көздейтін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Күні кеше Премьер-министрі қызметінде Үкіметтің алғашқы отырысын өткізген Бақытжан Сағынтаев аталған бағдарламаны әзірлеуді ұлттық экономика министрілігіне жүктеді. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі еліміздің жер қорын түгендеп шығуы тиіс. Сондай-ақ қала сыртындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару механизмдерін әзірлеу керек. Себебі қазіргі заңнамаға сәйкес, жергілікті билік жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерде мемлекет мұқтаждығына қайтара алмайды. Үкімет басшысының орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың айтуынша, аталған өзгерістер енгізу жұмысы жылдың аяғына дейін атқарылуы тиіс, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Енді, бұл бағдарлама тұрғын-үй коммуналдық шрауашылыққа байланысты болып тұр ғой. Аталған бағдарламаға тұрғын үй құрылысына қатысты барлық мәселелерді енгізейін деп жатыр. Оны экономика министрлігі атқарады. Бізге де қатысы бар жері сол, 10 сотық, жеке тұрғын үй құрылысына берілетін жерлердің көлемі. Ол жағынан өткенде комиссияда да (Жер комиссиясы – авт.) айтылған. Бүгінде қолбайлау болып отырған бірден-бір мәселе, ол – әкімдер елді мекендердегі, соның ішінде облыс орталықтарындағы (қаланың сыртындағы – авт.) ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттің мұқтаждығына жатқызуы тиіс. Ал бүгінгі заңнамаға сәйкес, тек әлеуметтік нысандарды, яғни аурухана, мектеп сияқты құрылыс нысандарын салған кезде ғана жерді мемлекет мұқтаждығына сатып алуға болады. Жеке тұрғын үй құрылысы болса, әзірше оған рұқсат жоқ. Ендігі жерде заң жүзінде осындай шешім (әкімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді мемлекет мұқтаждығына сатып алу туралы – авт.) қабылданатын болса, онда бұл жұмыс әлдеқайда жеңілдейді. Қазір біз заңға өзгеріс енгізу бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Соны енгізетін болсақ, жылдың аяғына дейін шешім қабылданады», - деді А.Мырзахметов Baq.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдымен инженерлік желілерді жүргізу көзделген. Содан кейін 10 сотық беріледі. Алайда Президент инженерлік инфрақұрылымға кеткен шығындарды қайтару механизмдерін де әзірлеуді тапсырды. Себебі оның барлығы бюджеттің есебінен атқарылады. Дегенмен, алдымен тұрғын үй құрылысы үшін жерді мемлекет мұқтаждығына қайтару тетіктерін заң жүзінде қабылдау қажет.

Арман АСҚАРОВ