Бүгін, 10 тамыз күні Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аудандарға жасаған сапарының қорытынды жиналысын өткізді. Отырысқа аудан әкімдері, басқарма басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі аудандарды дамыту жұмыс жоспарын жасақтап, оның аясында 223 іс шараны бекітіп берді. Аталған шаралар жоспарын орындау мен олардың орындалысын бақылау аудан әкімдері мен облыс әкімнің орынбасарларына тапсырылды.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аудандардағы инфрақұрылым, әлеуметтік мәселелерді шешу жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Әсіресе, ауылшаруашылық саласының дамуы қарқынмен жүріп жатыр. Облыстың бұрынғы әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың арқасында облыста сиыр сүтін, ешкі сүтін өндіру зауыттары, көптеген егіс алқаптары жұмыс істеп тұр. Аймақ басшысы осы жұмыстарды әрі қарай әр ауданның ерекшелігін ескере отырып жалғастыратынын айтты.
Нұрлан Ноғаев ерекше тоқталған жағдай ауыз су мәселесі болды. Нақты айтқанда, Құрманғазы ауданындағы Азғыр елді мекенінің жағдайы сөз етілді. Оның айтуынша, ауыл халқы әлі күнге дейін суды көлікпен тасып ішіп отыр. Ол аздай жаңадан салынғанына қарамастан су сақтайтын екі резервуардың біреуі тесіліп тұр. Аймақ басшысы бұған жауапты басшыларды жауапқа тартты. “Егер салынған нысан дұрыс жобаланбаған болса немесе құрылыс жұмыстары дұрыс жүргізілмесе, оны қалай қабылдап алдыңыздар? Енді оған қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізейін отырсыздар ма? Бұл салғырттықтың белгісі. Мәселені тездетіп шешіңіздер. Нәтижесін маған жеткізіңіз“, - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы сонымен қатар аудандардағы мектептердің жағдайын сөз етті. Ол кейбір мектеп басшылары өз жұмыстарына жауапкерлішікпен қарамайтынына назар аударды. ''Әлеуметтік нысан басшылары өз обектілеріне ұқыптылықпен қарамайды. Мәселен Махамбет ауылындағы балабақша немесе Тайсойғандағы мектеп. Салынғанына 5-6 жыл ғана болса да, азып-тозып кеткен. Қай басшы болса да, жауапкершілік алып, жұмысты бар күшін салып істеуі керек'', - деді әкім.
Облыс әкімі осылайша басшыларды шешім қабылдаудан қашпауға шақырды. ''Шешім қабылдамайтын болсаңыздар ол жерде неге отырсыздар? Олай болса, жұмыс істемейтін басшылардың орнына шешім қабылдаудан қорықпайтын адам қою керек, - деді әкім.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Ноғаев облыстағы 7 аудан мен 52 ауылдық округтің бәрін аралап шыққан еді. Сапар барысында ол аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысып, халықтың тұрмысын өз көзімен көріп шықты. Сапар қорытындысы бойынша көзделген 223 іс-шараның 187-і биыл, ал 26-ы 2017 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
"Ұлт ақпарат"