06 сәу, 2017 сағат 11:53

Нұрлан Ноғаев: Сарайшықты сақтау керек

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жеті хан жатқан Сарайшыққа үйінді деп қарауға болмайтынын айтты. Бұл туралы аймақ басшысының "Қазақстан" Ұлттық арнасындағы "Басты тақырып" бағдарламасына берген кешегі сұхбатында белгілі болды.

Сарайшықты сақтап қалу мүмкін бе деген сауалға облыс әкімі сақтап қалу қажет екенін айтып жауап берді.

– Сарайшықта, біреу білер, біреу білмес, мамандардың айтуынша, қазақтың жеті ханы жерленген. ...Бұл не үшін керек бізге? Сіз айтқандай босқа уақыт өткізіп жатқан жоқпыз ба? Бұл жатқан топырақ үйінділері ғой. Соны қазбалай беріп не қылымыз, қаражат жұмсап не қыламыз дегендей. Бірақ, халық айтқандай, өткенді білмей, болашақ болмайды. ...Сарайшықты сақтау керек, – деді ол.

Айта кетелік, былтыр Атырау облысының әкімдігі 1,5 миллиард теңге қарастырып, көне шаһарды шайып бара жатқан Жайық өзенінің жағасын бекітуді бастады. Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігі ежелгі қаланы қалпына келтіру үшін тағы 100 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді. Сарайшық қаласын туристік орталыққа айналдыру үшін кәсіпкерлерді тарту жоспарланып отыр.

Көне шаһар Атырау қаласынан 45 шақырым жерде Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Алтын орданың саяси, экономикалық орталықтарының бірі болған қала Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы атанды. Жібек жолының бойында тұрған мұнда 7 хан жерленген. Олар: Мөңке, Тоқтағу, Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Ших Мамай және Жүсіп хандар.

"Ұлт ақпарат"