15 қар, 2022 сағат 18:51

Нұрлан Әуесбаев Ақтаудағы сайлаушылармен кездесу өткізді


ҚР Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан кандидат Нұрлан Әуесбаев 15 қарашада Ақтаудағы Абай атындағы Мәдениет сарайында сайлаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ЖСДП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара барысында кандидат жиналған қауымға өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жөнінде баяндап берді.

Өз сөзінде Нұрлан Әуесбаев батыс өңірлерде инфрақұрылым мәселелерінің көптігін атап өтті. Десе де, жергілікті билік жағдайды түзетуге асығар емес.


ЖСДП-дан кандидаттың пікірінше, мемлекетті басқару үлгісін президенттік биліктен парламенттік-президенттік билікке ауыстыру арқылы ғана бұл тығырықтан шығуға болады.

Бұдан бөлек Нұрлан Әуесбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында мұнай-газ секторының ірі кәсіпорындарын ұлттандыруды ұсынады. Тек осындай нақты қадамдар арқылы ғана еліміздегі жұмысшылардың еңбек шарттарын жақсартуға болады.


Сонымен бірге Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды бағдарламасында қазақстандықтардың өмір сапасының Стандартын енгізу ұсынылады. Стандартта азаматтарымыздың сапалы тамақтануынан бастап, демалысына дейінгі барлық қажеттіліктері қарастырылуы қажет.