Фото: Kazpravda.kz
Қазақстанда педагогтар құрамының жетіспеуі мен оның сапасын бағалау өзекті мәселе болып отыр. Сонымен қатар, педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесіне бақылау жоқ. Осы мәселелерді сенатор Нурия Ниязова өзінің депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сенатордың ақпараты бойынша Қазақстанда қазіргі кезде мұғалімдерді қайта даярлаумен айналысатын 100-ден астам ұйым жұмыс істейді, алайда іс жүзінде лицензиялау, сапа мониторингі және курстан кейінгі сүйемелдеу тетіктері жоқ.
«ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, педагогтарға арналған курстар өткізу жөніндегі мемлекеттік тізілімінде бүгінгі таңда 100-ден астам ұйым бар, олардың басым көпшілігі жеке ұйымдар. Көптеген құрылымдар өз жұмысын интернеттегі платформалар арқылы, салалық ұйымдар алдында ешқандай жауапкершіліксіз және есеп-қисапсыз жүргізеді – бұл мұғалімдердің біліктілігін арттыру процесінің бақылаусыз өсуіне әкеледі. Білім беру қызметтерін бәсекелестік ортаға беру жағдайлары көбейіп барады – бұл ауыр әлеуметтік салдарға алып келуде және білім сапасының артуына ықпал еткен жоқ. Одан бөлек, мұндай жағдайда ең басты мәселе – жауапкершілік тетіктері қандай», - деп атап өтті Нурия Ниязова.
Депутат мәселені шешу мақсатында педагогтардың біліктілігін арттыру үдерісіне мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, «Өрлеу» ұлттық орталығына жүйені үйлестіру функциясын бекіту, білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдарды міндетті түрде лицензиялау тәртібін енгізу, сондай-ақ даярлық сапасына қатаң стандарттар енгізу керек.
«Педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру жөніндегі шаралардан бастау керек. ЖОО түлектерінің «педагогтардың білімін бағалау» тестілерінің деректері бойынша олардың дайындық деңгейі өңірлік және өңірішілік бөліністе айтарлықтай сараланады. 2024 жылы тек 3490 түлек немесе 7653 түлектің 45,6 пайызы 50 пайыздық шекті еңсерді. Жоғарғы оқу орнындағы білім сапасының төмендігіне орай «қосымша оқудың» тиімді жүйесін жолға қою жағдайды түзетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл ретте педагог мамандықтары бойынша түлектерді даярлау сапасы үшін жоғары оқу орындарының стандарттары мен жауапкершілігін шұғыл түрде арттыру маңызды. Мемлекеттік бақылауды күшейту мұғалімдерді даярлау сапасын арттырумен қатар білім беру бағдарламаларына теріс көзқарас жағдайын болдырмауға көмектеседі. Мониторинг пен реттеудің жаңа тетіктерін енгізу білім беру жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді және педагогтардың кәсіби мәртебесін нығайтады», - деді Нурия Ниязова.