Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы туралы «Абыз Әбіш» кітабы жарық көрді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Әбіш Кекілбайұлы туралы толғаныстарды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдірахманов жазған. Онда қаламгердің әлемдік ауқымдағы асқан ойшылдығы, мәдениет, өнер, саясат, тарих, әдебиеттегі шеберлігі жан-жақты көрсетілген.
«Қай халықта да мақтан тұтатын тұлғалар болады. Ұлттың өз ішінде ардақ тұтатын адамдар аз емес. Бірақ халықтың өзге дүниеге, әлемге маңдай етіп ұстайтын тұлғалары көп болмайды. Олар аз болады. Сол қазақ үшін аздың біреуі – Әбіш. Қазірдің өзінде әулие Әбіш, аңыз Әбіш деп аталып отырған, көзі тірісінде-ақ аңызға айналған адам шын мәнінде әлемдік барлық өлшемдер бойынша ұлы ойшылдар қатарында. Жасы отыздан жаңа асқан кезде-ақ Еуропаның баспалары ХХ ғасырдағы әлемнің 100 таңдаулы жазушысы қатарына қосқан тұлға болатын. Әбіш ағаның шешендігі, көсемдігі, әділдігі, таусылмайтын білімі, ерекше жады болашақ ұрпаққа таңғаларлық феномен, үйренетін үздік үлгі болып қала береді» деді Сауытбек Абдрахманов.
Кітаптың алғысөзін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.
Айта кетейік, Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы кең ауқымда аталып өтуде. Алматыда жазушы атына көше беріліп, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды. Туған ауылындағы мектепте музей ашылып, жазушының бюсті орнатылды. Маңғыстау облыстық өлкетану музейіне Әбіш Кекілбайұлының аты берілді.
Нұр-Сұлтанда өткен «Әбіш Кекілбайұлы және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда жазушы шығармаларын БҰҰ тілдеріне аударып, кеңінен насихаттау үшін Ұлттық аударма бюросына ұсыныс жасау, ЕҰУ-дегі «Әбіш Кекібайұлы дәрісханасын» тың материалдармен толықтырып, қайта жабдықтау және Ә. Кекілбайұлының қайраткерлігіне байланысты құжаттарды көп томдық жинақ етіп даярлау жөнінде қарар қабылданды.