Технология дамыған сайын кейбір мамандықтар жойылып, ІТ-мамандарға сұраныс арта түседі. Сондықтан жастарға болашағы бар мамандықтарды оқытудың маңызы зор. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгін Алматы облысына жасаған сапары кезінде осылай деді.
Сол себепті де партия елімізде бәсекеге қабілетті цифрлы орта қалыптастырып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына өз үлесін қосуды көздеп отыр. Осы бағытта бірқатар тың жобалар да қолға алынған. Атап айтқанда, партияның бастамасымен еліміз бойынша ІТ-сыныптар мен ІТ-орталықтар ашылып, халық бағдарламалау мен робот техникалырының негіздерін тегін меңгере бастады.
Сондай ІТ-сыныптардың бірі Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында ашылды. Аталған сыныптың жұмысымен танысқан Мәулен Әшімбаев мұндай бастамалар еліміздің дамыған елдердің қатарына қосылып қана қоймай, алдыңғы легіне шығуына мүмкіндік беретінін айтты.
– Қазіргі кезде технологияның қарқынды дамуына байланысты кейбір мамандықтар өзінің маңыздылығын жоғалтып, тіпті бірқатары мүлдем жойылуда. Ал керісінше ІТ саласының білгірлеріне деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан біз жастарымызға болашағы бар мамандықтарын оқытып, олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына өз септігімізді тигізуді қолға алдық. Осындай ІТ-сыныптарда оқыған жас жеткіншектер келешекте басқа саланы таңдаса да бұл жерде алған білімдері олардың ойлау қабілетіне оң әсерін тигізіп, алдағы өмірлеріне азық болары сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Аталған ІТ-сыныпта мектеп оқушылары STEM оқыту жүйесі бойынша заманауи бағдарламалау тілдерін үйреніп, тегін білім алуда. Бұл бағдарлама бойынша балалар командалық жұмыста тәжірибелерін шыңдап, ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қолданудың қыр-сырын үйренеді. Сондай-ақ жоба креативті ойлауға баулып, жастардың техникалық пәндерге деген ынта-жігерін оятуға бағытталған.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс орталығында ашылған ІТ-орталықтың жұмысымен танысып, партияның осы жоба арқылы xалықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды және елдегі жұмыссыздықтың жойылуына ықпал етуді көздейтінін айтты. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.