22 қыр, 2017 сағат 16:04

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтті

Шымкентте «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының  кезектен тыс ХХХІІ конференциясы өтті.  Жиынға  облыстық партия филиалы саяси кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қалалардан сайланған делегаттар, мемлекеттік органдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Конференцияда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуір күнгі  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асыру барысы туралы  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі, партия филиалы төрағасы Жансейіт Түймебаев баяндама жасады.

«Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бекітілген 6 арнайы жобаның  яғни,  «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа есім» жобалары жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда қоғамда кең талқыланып отырған латын қарпіне көшу бағдарламасын халыққа түсіндіру жұмыстарының ең алдыңғы қатарында «Нұр Отан» партиясы тұруы тиіс,- деді Жансейіт Қансейтұлы.  

Жиын барысында облыстық славян мәдени орталығының  төрағасы Юрий Кирюхин, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дәурен Ахметов,  Шымкенттегі №45 мектеп гимназиясының директоры Роза Пак,  «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Бекзат Төлебай  сөз сөйледi.

Сонымен қатар, конференция бағдарламасына сәйкес, «Нұр Отан» партиясынан Оңтүстік Қазақстан облыстық №11 сайлау округы бойынша Сүлейменов Қайрат Мұсаханұлы, №35 сайлау округінен Әшірбаев Байкен Әшірбайұлы, №49 сайлау округы бойынша Серманиязов Бақытжан Қапшықбайұлы, №50 сайлау округі бойынша Қуатбекова Рабиға Әбдімұсақызы облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер ретінде ұсынылды.

Конференция жұмысын қорытындылаған облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы  облыстық филиалы төрағасы Жансейіт Түймебаев партия активіне алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, жүктелген міндеттер мен тапсырмалар өз мерзімінде әрі сапалы орындалуына сенім білдірді. Мәжіліс қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.