18 нау, 2019 сағат 14:15

«Nur Otan» өзекті мәселелерді оң шешу үшін жаңа жобаны қолға алды

«Nur Otan» өзекті мәселелерді оң шешу үшін жаңа жобаны қолға алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды.

Партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған «Халыққа көмек» жобасы Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынғанын айтты.

– Мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігін айтып, «Халыққа көмек» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Партия жаңа бастаманы мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес қауымдастықпен бірлесіп іске асырады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жоба негізінде партияның еліміздегі барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жаңғырып, олар Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінде қызмет көрсете бастады. Сондай-ақ аталған бастама аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған жазбаларға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Соның нәтижесінде қоғамдық қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда «Nur Otan» партиясы халықтың мүддесін қорғайтын және Елбасы тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізетін басты институт болып табылады. «Халыққа көмек» жобасын жемісті жүзеге асыру үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерімен бірге бастауыш партия ұйымдарының да әлеуетін пайдаланамыз. Өйткені біздің басты міндетіміз – халықтың мәселесін тиімді шешуге ықпал ету, – деді Мәулен Әшімбаев.