Коллаж: Tengrinews.kz
Салтанат Нүкенованың мәйітіне 12 сараптама тағайындалды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
«Қуандық Бишімбаевтің ісіне қатысты айтар болсақ, Салтанат Нүкенованың мәйітіне сараптама жасау туралы қылмыстық іс аясында материал келіп түскені рас. Оның қалай қайтыс болғанына қатысты мән-жайды айта алмаймыз. Қылмыстық іс аясында 12 түрлі сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы шығарылып, құзырлы органдарға жіберілді. Біреуі осы аптада аяқталады. Ал 12-ші сараптама күні кеше ғана келіп түсті.
Заңнамада бекітілген тәртіпке сәйкес, отыз күнтізбелік күнде сараптама өткізілуі тиіс. Қорытындылары Ішкі істер министрлігіне жолданады», - деді Талғат Уәли.
Еске салайық, 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жыққан. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмған.
Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Елорда полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевті 2 айға қамауға алу шарасын санкциялады.
12 қарашада кісі өлімі болған «Гастро-Орталық» мейрамханасының директоры ұсталды.
15 қарашада өткен кеңесте Президент ІІМ-ге Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.