Соңғы кездері онсыз да ию-қию ұйқысынан әлсін-әлсін оянып, мазасы болмай жүрген шал, әдеттегідей, таң қылаң бере балконында фильтрсіз сигареттің талын ұзақ-ұзақ иіскеп отырып, дүниеге бей-жай, мағынасыз көз тастаған. Төменде тырп-тырп аяқ дыбысы естіледі. Бара-бара ол көбейіп, қаланың қалың нөпір тірлігі басталады; бет-бетімен безіп бара жатқан жұрт, бет-бетімен безіп келе жататындар да солар. Кім не бітіргелі барады, кім не бітіріп қайтты… оны біліп, сұрап жатқан ешкім жоқ.
– Су! Ұлының қарлығыңқы даусы балконға әзер жетті. – Су!
«Құзғын сәріден көні кепкен ит-ай!» Зығырданы қайнаған шал ас бөлмеден үлкен зеренмен су алып, баласы жатқан бөлмеге кірген. Бет-аузы көгілдір тартып, өн бойының арса-арсасы шыққан неме әкесіне ала көзбен қарады.
– Я же просил, «жаныма су әкеліп қой» деп.
– Мынаны не, тауысып тастағансың ба? Шал төсек жанында тұрған шәугімнің қақпағын ашты. – Бір түнде…
– Жалко что ли? Баласы зерендегі суды қылқ-қылқ жұтып алды. – Как там на счет выпивки?
– Бір-екі ұрттам ғана.
– Давай сюда.
Баласы жарты стақан самогонды қолы дірілдеп, қақалып-шашалып зорға ішті.
– Яд что ли? – деді сосын біраз тұншығып отырып.
Шал жауап қатпай шығып кетті. Ызылдатып шай қойған. Қанша жылдан бері осы. Өз шайын өзі қояды. Өзі ішеді. Еті соған әбден үйреніп алғаны соншалық, баласы үйге қайтып келгелі бөлмелері қушиып, мұның тынысы да тарылып кеткен сияқтанады. Жанына жайсыз. Өзінен басқаның бұған керегі жоқ еді. Өзіне-өзі ғана керек. Басқаны қайтеді. Баласының қайтып келген қырсығын көрмейсің бе?.. Ит-ай… Өзінен туды дегенмен, бала кезінен жат болып қалғанға бауырың езіле қоймайды екен. Өзгеден көріп жүрген әкелік мейірімін өзінен қанша іздесе де таппай-ақ қойған.
Бір подъездің бір қабатында тұратын төрт отбасы жылдар бойы қатар жасап та бір-бірін біле бермейтіні – әркім өзіне- өзі ғана керек. Ешқайсысы да «Оу, осы көршілердің жағдайы қалай өзі?» – деспейді. Өзгелер үшін тұяқ серіппейтін тұйық тірлік. Шал әбден көндіккен. Мұнда ұл болған соң шүйіркелесіп отыру дейтін ұғым бөтен. Ұзақ жыл паровоз кабинасында қиыр-шиыр кезген ғұмыры әуелде далабезер қылып жіберген. Қырықтан енді асқанда қатыны өлді. Қайта үйленген жоқ. Керек қылмады. Пойыздағы қызметті, қыз-қырқынның қызығын місе тұтты. Ойна да күл. Ешкімнің алдында борыштар емессің.
Осылай өткізді ол өмірін. Қала… Жол… Рельс…
Оқта-текте ауыл еске түсетін. Сонда туды ғой. Өсті. Бірақ әскерден соң теміржолшылардың оқуын бітіріп, пойыз жүргізіп кетті. Өмірі рельстің бойынан бөлінбейтін, анадайда аузы қисайып әкең өліп жатса да, пойызды тоқтатуға болмайтын кәсіп ол. Осыдан кейін бұл ауылды да, ауылдағы ағайын-туғанды да баяғыда ұмытқан. Олардың да мұны тарс естерінен шығарғаны күмәнсіз. Мұндағылар және білмейді. Дос-жаран дегенге о бастан үйір емес-тұғын. Бірді-екілімен соншалық әмпей-жәмпей болмаса да, анда-санда шай берісіп жүруші еді, әйелі өлген соң ол да тыйылған. Үйелменділермен араласуға жалғызіліктінің сәні келмейтін болып шықты. Сосын жан-жағына қолды бір сілтеген. Әйтеуір, жалғыз ұл бар. Ұлы үйлене сала қайын атасының қолында тұрды. Алғаны – прокуратурада беделді қызмет істейтін бір дөкейдің маңдайға басқан жалғызы екен, «сүйетінің рас болса, біздің үйде тұрамыз», деп ұлын қолдарына кіргізіп алған. Орысшалау өскен баласында қазақтың «күшік күйеу» дейтін намысқа тиетін ұғымы жоқ болатын.
Жалғыздың жайы белгілі. Өзінен жаралды дегенмен, біртүрлі бөтен. Көбіне-көп анасының бауырында, жанында болды. Бұл пойызбен рельс бойлап қиыр-шиыр дүние кезумен, ресторанда істейтін орыстың ышқыры бос, тоқ балтыр, қалың құйрық, қиылған бел, қаз бөтеге қыз-келіншектерімен алма-кезек көретін рахатымен жүрді, үй-жайды оншалық қаперіне де ала қоймайтын.
Өмір өтеді ғой. Жылжыған жылдармен бала да өсті. Мектеп бітірерге біраз қалғанда шешесі өлді. Сосын бұл күтуші әйел жалдаған. Өзі жол үстінде болған соң балаға қарасын дегені. Қарауын ол байғұс қарады ғой, бірақ баласы өзі білерменімен өсті. Сыра, шарапқа үйірлеу болды. Сөйтіп жүріп мектеп бітірген. Сұраған парасын беріп институтқа түсірген. Бес жыл бойы сол бергенін жыл сайын бере жүріп оқуын бітірген. Бағы шығар, прокурор болып істейтін дөкейдің қызына үйленген соң, қайын атасының даңғарадай мекемесімен тектес мекемеде прокуратураның қызметкері болып шыға келді. Ендігі талай-талай бел-белеске шырқап шығып, тау төбесінен қарап тұрар ма еді, түбіне ішімдік құрғыр мен қыз-қатын жетті.
Содан ұлы қыз-қатын мен ішімдіктің қыр соңынан өкшелеп қалмай қойды. Үйленгеннен кейін көп ұзамай араққа сылқия тойған күндері қайдағы бір сары албастыларды үйге алып келетін пәлеге ұшыраған. Орысша оқып, орысша сөйлеп өскен жуадай солғыр: «Батона, (грузиншелейді) развлекаться надо», – дейді. «Ит-ау, мұның кім?» «А, какая разница тебе? Лучше сообрази закуску». Қайтеді, барын үстелге қояды. Қойып, өз бөлмесіне кетпек болса, ұлы жібере қоймайды. «Давай, батона, с нами…». «Бірдеңе ұрған ба?» «Да брось, старина». «Енді, мына қыздан…». «Не говори ерунду, бұған баребир », – дейді ұлы ананың шолтиған юбкасының астынан тақымына дейін көрініп тұрған жуан екі санының арасына көзін сатып. Баласының көзімен бірге, шалдың да көздері еріксіз солай кетеді. Кеткенде, бұлдырап мына сары сайтанның бұтында лыпа бар ма, жоқ па, анық айыра алмайды.
Екі алыстан соң баласы әкесіне иек қағады. Көзіңді құрт дегені. Құртады. Құртқанда, барар жері – жатып жүрген бөлмесі. Теледидарды тоққа қосады да, көсіледі. Сөйтіп жатып көз іледі. Содан селк етіп оянады бір кезде. Хабарлары, жарнамалары, кинолары бітіп кеткен көгілдір экран дырылдап тұрады. Шал оны сөндіріп, ұлы мен сары сайтан жатқан көрші бөлмеге құлақ тігеді. Сары сайтанның жалынған ба, жаныққан ба, әйтеуір жаны не кіріп, не шыққан ыңқыл ыңырсығы ап-анық естіледі. «Япыр-ай, мына сары қаншықтың әні сұмдық қой, – дейді шал күбірлеп. Өле ме, қайтеді?» «Батона! –деп айғайлайды бір кезде ұлы. – Ты жив?».
Амалсыз дәлізге шығады. Арақ сіміріп, ұрғашы әурелеуден әбден діңкелеген ұлының құлпет кейпінен есі шығып кетеді. «Пузырь, батона», – дейді ұлы. «Менде қайдағы арақ?» «Сбегай, а?» «Ит-ау, жарым түнде…».
Десе де, барады. Не көп, түні бойы істейтін дүңгіршек көп. Не көп, дүңгіршекте арақ көп.
Ұлының әр келісінде әрқилы сары сайтан келеді. Қара албастылары да бар. Қай сайтан, қай албастысы да бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай. Уһілеп, үздігіп, үйді басына көшіріп жатады. Әуелде шал бұған үрке қарап, ашуланып, еденге түкіріп, жаман кіжініп, ішінен дымдарын қалдырмай сыбап отырушы еді, бара-бара оны бір қызығушылық пен әуестік биледі. «Көрсе…» – деді. Өзі өткен, өліп-өшкен мектеп қой. «Қой, ұят қой, ұят» деуді де ұмытқан жоқ. Бірақ әуестік – әл бермейтін әзәзіл емес пе? Қайсыбірде төсегінен жайлап тұрып, мысықша еппен басып, ұлы мен сары сайтанның жынойнақ бөлмесінің есігіне келген. Есіктің үстіңгі жағы әйнек болатын. Көзәйнегін тағынып, ақырын содан ішке үңілді. Әуелі көзі төсек басындағы шыраққа түсті. Шырақтың білтесінен шыққан бір шөкім жарық үлп-үлп етеді. Бөлме іші қызғылт көлеңке. Шал қызғылт көлеңкенің арасынан ұлы мен сары сайтанды әзер тапты. Жаңа ғана жан алып, жан беріп екіленіп жатқан сайтанның үні өшіпті. Жалаңаш бөксесі дөңкиіп төсекте жалғыз жатыр. Ұлы еденде. Екі бүктеліп қалған. Сірә, әбден діңкелеп құласа керек.
Шал ұзақ тұрды. Кетейін дегенде ұлының қозғалғанын байқап қалды. Расында, анау басын көтерді. Мен осы қайдамын дегендей, жан-жағына мағынасыз қарап отырды да, тәлтіректеп түрегелді. О, Құдай, бері жүріп келеді! Шал сүрініп-қабынып бөлмесіне әзер жетті. Есігіне кіріп үлгергенше, соңынан ұлының әлсіреп әзер-әзер шыққан даусы қуып жетті. «Батона!.. Батона!.. Пить». Шал шықты. «Дай пить, батона». «Су ма?..» «Огненный…». Шалды жалғыз сәтте әзәзіл айналдырды. Бөлмесінен өзі тығып ішіп жүретін 90 градустық самогонды қырлы стақанымен алып шықты да, белуарынан асыра құйып: «Осыны тарт», – деді. Ұлы самогонды көмейіне төңкере салып, демін ала алмай қылғынып, шеке тамырлары адырайып, көзі шарасынан шығып, көгеріп-сазарды да қалды. Содан әзер дем сімірген. Енді тікесінен-тік құлап бара жатты. Әкесі сүйеп қалмаса… Сүйеп қалды да, дәл сол жерге жатқызып, үстіне босағада ілулі тұратын қойтан жылғы ескі плащын тастай салды. Сосын жанында аз-кем тұрған. Қорылы үдей түскенде барып, сары сайтан жатқан бөлмеге енді еппен. Қыздың жалаңаш бөксесіне үздіге үңілді. Толық та топ-томпақ. Жайлап иығынан қозғап еді, қазір үстіне тас құлап кетсе де, дәнеңе сезер емес. Шалдың қаны қызып, тамырлары лыпылдай бастады. Шанда бір қарсы үйдегі шекілдеуік сатқыш жасамыс жуан әйелдің етегін көтеріп қойғаны болмаса, жас иістен баяғыда қағылған, бірақ оның қызуы мен жұпары жадында қалған кәрі бура оқыс шабынып, шырақтың шөкім жарығын жалғыз үрлеп өшіріп, «Ә, Құдай, өзің кешір мені!» – деп, сары сайтанның үстіне міне берген. Жас тәннің қуат беретіні бар ма, шалың күнтүймесін пышақпен ойып алып жатсаң да қыңбайтын халдегі удай мас қыздың балғын, жұмсақ денесін бір сағаттың айналасында екі рет езіп алған. Сосын бөлмесіне ентігіп жетіп, нәпсінің қызуынан балқыған, босаған бойына ие бола алмай жастығына жантая кетті.
Шал әзәзіл нәпсінің дәмін баяғыдан білетін. Сонау пойыз жүргізіп жүрген жылдары ресторандағы даяшы, аспаз, жолсерік қыз-келіншектердің қималарын қисайта қынадай қырған «жаугер» ғой. Енді мынау баласының сары сайтандары мен қара албастыларына шауып қойғанын да бәлендей ұят демеді. Рас, баласы пісіп жүрген күбісіне әкесінің неткені сәл-сәл нелеу… Біртүрлі қымсынады. «Ұлым біліп қойса ұятырақ» деп те қипақтайды. Бірақ оған кім айтады? Айтып қояр дейтін сары сайтан, қара албастылардың сықпыты анау, адам түгілі айғыр шауып жатса да сезбейді.
Мұндай жағдай тағы бірнеше рет қайталанды. Бұрын ұлының келіп жынойнақ жасайтынынан азар да безер болатын шалың енді оған: «Жиі келіп жүрсеңші. Мен жалғызбын ғой. Менің сенен басқа кімім бар?» – дейтінді, ол аздай, келуі кешігіңкіресе, телефон шалатынды, 90 градустық самогонды көбірек алып қоятынды да шығарған. Көрші үйдегі шекілдеуік сатқыш жасамыс жуан әйел кір халаты жер сызып, ескі тәпішкесін тырпылдатып, «Шал-ау, күйлеп өлем бе?» – деп, баяғысынша күлмең қағып келіп еді: «Сен, айналайын, ендігәрі иектегеніңді қой маған», – деп айдап шыққан. «Оғың мүлде таусылған ғой?» – дейді ана бейбақ. «Байғұс-ау, біз қазір қара қанат кәрі құстарды емес, сары қауырсын сандуғаштарды дәлдейміз», – деген бұл. «Далбасаңа сиейін, ит қақпас!» – деп кетті ол.
Шал оның сыртынан мысқылдап қарап мырс-мырс күлген. Мырс-мырс күліп тұрып, «Өй, сорлы, сен не білесің?» – деп6 өзінен-өзі қарадан-қарап күпінген. Күпініп тұрып: «Шүкір», – деді Құдайға. «Не шүкір етіп тұрмын?» – деп те ойлаған сосын. Ойлағанда, көз алдында да, көкейінде де удай мас сары сайтан, қара албастылардың дөңкиген жұмсақ бөкселері жайрап жатты… Соларды қалай уыстап, қалай мытығаны, дүрдиген емшектерін сорпылдата сорғаны, ертесіне қайтуға жиналып жатып әлгілердің құйрықтары мен омырауларын сипалай беретіндері көз алдына келіп, қуық астындағысы жыбырлап, қутыңдап қалатын.
Жалғызілік жылдары мұның көңіл көтерері – самогон болды. Содан ептеп ішіп жүреді. Көп емес, ептеп. Барнаулдан қайсыбір жылы қоныс аударып келген Ахромеев дейтін орыс шалы бар. Самогонды со пәледен алады. Градусы – 90. «Арақтың жанында бұл адам», – деп қояды әлгі Ахромеев. «Әй, адамың не?» – дейді шал бұрын естімеген теңеуге таңғалып. «Таза» дегенім ғой». Шал қитығады: «Адам таза ма?» «Черт знает». «Онда неге?..» «Самогон действительно арақтан таза. Менікін айтып отырмын. Таза, бірақ естественно адал жолдан тайдырады». «Онда неге жасап сатасың?» «Оны үкіметтен сұра. Жасап сатуды содан үйрендік. Өзі де ақылы толмай келе жатқан адамды арақпен азғындатып жатқан әуелі уақыт». «Мұныңды естіп қоймай ма?» «Сен айтпасаң, қайдан естиді? Бірақ сен тісіңнен шығармайсың ғой». «Неге?» «Самогон сатпай қоямын саған». Екеуі қосарлана күледі. Жайраңдасып отырып самогоннан бір-бірден тартып алады. Удай мас сары сайтан, қара албастылардың қатты емшек, қалың құйрықтарына дәнігіп алғаннан кейін, көңілі қутыңдап тұратын шал енді Ахромеевті қажайды. «Орыс-ау, ойнасың бар ма? Болмаса, осындағы бір шекілдеуік сатқыш қатынмен таныстырайын, бір жәшік самогон берсең», – дейді. «Побойся Бога, − деп анау азар да безер болады. – Уходи, дьявол».
Шал кез келген қызықтың кез келген сәтте көрген түстей өте шығатынын, сағымға айналып кеткендей болатынын білмейтін. Арақ пен қыз-қырқынның соңына шам алып түскен ұлының жалғыз күнде төбесінен жай түсті: қызметінен айрылып, қайын атасы мен әйелі көр-жерін арқалатып үйінен айдап шыққан. Содан қолына қайтып келген. Жатып та, тұрып та ішеді. Қалтасы қағылғалы қашан. Қазіргі қылғытатыны самогон. Оны да тауып келетін бұл. Зейнетақысы бар ғой, әйтеуір. Оның үстіне, баласы арақтан әбден жеңіліп біткен бе, орта стақанға шалқасынан түседі. Содан ұзақ ұйқы. Түс әлетінде әзер басын көтеріп, стақанынан тағы жұтып, қайта құлайды. Кешкісін де сол. «Әй, сенің осы қарның ашпай ма?» – деп сұрайды шал. «У водки, батона, очень высокая каллория», – дейді ұлы өңезденіп кеткен тілінің ұшы екі езуінен кезек-кезек жылт-жылт етіп.
Кей күндері ұлының қалт-құлт басып балконға шығатыны бар. Темекі талын бірінен кейін бірін сорып, үнсіз ұзақ отырады. Көрікті-ақ еді, енді қырыққа жетпей беті мыж-мыж, тіп-тік бойы еңкіш тартып, қолдарының терісі кеберсіп, әр-әр жері ақтаңданыпты. «Енді не істейсің? – деп сұрайды шал. − Жата беремісің өстіп?» «Налей, батона». «Құлап қаласың ғой». «Умереть бы…». «Қой, оның не?» «А разве ты этого не хочешь?… Хочешь, хочешь…». «Қой әрі. Жалғыз қалып…». «Ты и так-то всю жизнь одинокий. Одиночество требует избавления от всех, в том числе и от родных. Это такая болезнь. Твоя болезнь… Твоя беда… Даже, твоя смерть, батона». «Өзеуреме өйдеп». «Дело в том, что ты чужой мне. Родной, но чужой. Ты почти не жил с нами. Ты часто бросал нас на произвол судьбы. Мать не смогла выносить этого долго. Одиночество для замужних женщин смертоносно». «Жә, жә, – деді шал. – Сенің айтқандарыңды түсініп жатқан мен жоқ. Сен мынаны айт. Осылай жата беремісің, қайтесің?» «А как ты думаешь?» «Ішіңе қалай кіріп шығам?» «Кто-то должен же жить в этом доме». «Мен ше?.. Мен бар емеспін бе?» Шалдың көзі ежірейіп шыға келді. «Но, ты не вечный». «Әй, әй…». Шалдың басы қалтаңдап, қолындағы сәндік таяғымен цемент еденді тық-тық ұрды. Ұлының көзі алайды: «Налей!» «Немді? Теңге де қалмады. Қайдан табам?» «Это уж твоя проблема, батона». «Өйдеме, нетіп…». «Батона!..» Ұлының қанталаған көзінің қарасы көрдей суық екен, қатты тіксініп қалған. «Батона!» – деген зәрлі дауыс енді осы үйдің, үй түгілі мұның да қожасы менмін дегенді айғайлап айтып тұрды. Осы жасына келгенше «Мен!.. Тек өзім!» деген түсінікпен ғана өмір сүрген адамға бұл аса ауыр тиген; ашу-ыза, дәрменсіздік, лағнет, өкпе, өлердей жек көру – бәрі-бәрі көзі, көмейі, қолқасына түгел кептеліп, шерменде көңілі зеңбірек атсын кеп. Осынау азапты ойлар енді жатса-тұрса соңынан қалмай, күндіз күрсініп, түнде күңіренетін болған. Мынау үш бөлмелі үй толы жиһаздар, тіпті аяқ-табақтарға дейін енді өзінікі болмайтынына өкінетін де мінез шығарды. Ол ұлынан бәрін, тіпті өмірді де қызғанатын секілденді. Өзінен-өзі қорқа бастаған. Нелер сұмдық ойлардың шырмауында қалды. Соның ішінде… Соның ішінде ұлынан құтылу… Ойында пайда болған осыны ойына алудың өзі сұмдық үрейлі еді…
Ұлы шалға маза беруді қойған. Еңсесін шанда бір көтерген кездерінде көр-жерді көйітіп, қанын ішеді. Шешесінің жасына жетпей өлгеніне де, мұның ішімдікке мектепте жүріп-ақ үйір болғанына да, келіннің осы үйге келіп тұрмағанына да осы кінәлі екен. Тіпті сары сайтан, қара албастыларды алып келгенінде, «мұныңды қой» демегені үшін де кінәлі болып шықты. Бәрінен бұрын, самогонға шапқылатып қойғанын қайтесің. «Әкел», – дейді. «Тап», – дейді. Қай уақ, түн бе, күн бе, таң азан ба, есеп емес, бар да, әкел. Ахромеевке әбден қарызданды. Бірде бұл дауыс шығарып көрсе, ұлы дәл төс сүйегінің шеміршегінен қолындағы стақанмен қатты ұрып жіберді. Тұра алмай тыпырлап ұзақ жатты.
Кімге барып, не айтады? Ағайын-туыс жоқ, дос-жаран жоқ. Тырп-тырп басып келіп үйлерінің алдындағы көлеңкеде, осылардың подъезінде, пойызда жолсерік болып істейтін екі жас тайлақпен ырбаңдасып отыратын ботқа бет, боқ қарын участковыйдан жайлап сыр тартып еді: «Шырағым, елде бір туыс бар еді». «Так». «Соның жалғыз ұлы бар. Маскүнем. Басбұзар». «Так». «Сол енді шалды қорлап, ұрып өлтіремін деп қорқытатын көрінеді». «Так». «Так дегенде, не шаруа істеуге болады соған?» «Заңға беру керек». «Ары қарай?» «Заң тексереді». «Әуелі қамап, сонан соң тексере ме, немене?» «Жоқ, әуелі тексеріп, бәрі расталса барып қамайды». «Неге керісінше емес? «Сен заңға беріп қойыпсың» деп ол ит әкесін өлтіріп қойса ше?» «Ақсақал, сіз мені тергеймісіз? Заң жаңағыдай, енді не керек?»
Заңның тәртібімен ұшпаққа шыға қоймасын білген шал ұлынан қалай құтылудың ұшығына жете алмай, ұзынды-кеш өкпесі қабынып, өзегі өртеніп, өлі мен тірінің арасында мең-зең, дел-сал омалып отырып алады.
Түн баласы қилы-қилы түс көреді. Түсінде марқұм әйелі баласының ит жейдесін көрсетіп, бұған үнемі сұқ саусағын безеп тұрады. Тағы бір түстерінде баяғы сары сайтандар мен қара албастылар емшектері салақтап, жабыла мұны тырағайлата қуып жүреді. «Сендерге не керек?» «Бізге артылдың, енді біз сені мінеміз!». Шошып оянады. Қайсыбірде түсінде сары сайтанның біріне артылып жатыр екен, әлдекім иығынан түртеді. Қараса – ұлы. Шошыпты. «Менің әкемді көрдің бе?» – дейді ұлы. «Мен емеспін бе?» «Емессің, – дейді анау. – Отец разве так делает?». Шал төсегінен атып тұрып, айнала-төңірегіне мағынасыз әңірейеді.
Таяуда ғой, бұл мүлде қаперіне алмаған жағдай болды. Түс әлеті еді. Ұлы сол ертеңгі жарты стақан самогоннан кейін өлі-тіріде жатқан. Есіктің қоңырауы безілдеп қоймаған соң, барып, әуелі көзойықтан үңілсе, өзі бірде өкпесі өшкенше өңмеңдеген қара албастының бірі тұр. Ашты. «Привет, старик». «Е, шүкір». «Ерик, дома?». «Дома болғанда, тұра алса…». «Мас, наверное. Да пусть… Собственно говоря, я пришла к тебе, аташка». «Маған?..». «Иә, саған». «Нағыл деп?..» «Срочно бес мың теңге керек». «Бес мың теңге? Не деп берем оны саған?» «Не деп берем?.. А трахать любишь. Думаешь мен білмейді. Сын… Потом отец… Ты, аташка… Ой, ой… Даже невозможно поверить, какой ты сексуальный гигант». «Мына қаншық біліп жатқан екен ғой, − деп ойлады шал іштей біртүрлі секемденіп. – Құдайдың ұрғаны-ай». «Так что, дорогой гигант, гони деньги… А то Ерикті қазір оятып, обо всем расскажу. Как, сойдет?» «Жә, жә… – деп шал елпілдеп кетті. Екі көзі ұлы жатқан бөлме жақта. – Қазір, енді нетелік… Өзің өтші былай балконға». «Давно бы, так», – деп, қара саны жарқылдаған қара албасты қайқаң-қайқаң басып, айтқанды істеген. «Сен осында тыныш қана отыра тұр, – деген шал сол елпеңдеген қалпы тым баяу сөйлеп. – Мен қазір келем» «А ты, куда?» «Айтқаныңды әкелмеймін бе?» «Только скорей».
Шал қалтаңдап, шекілдеуік сатып отыратын баяғы жасамыс жуан әйелді бетке алған. Ары қарап еңкейіп, әлденесін түртпектеп жатыр екен, иттің қалың құйрығының ені сала құлаш. «Мынау сұмдық қой!» дегенге қара тілінен қан тамып тұратын бетті пәлекет: «Оған таңғалмай-ақ қойыңдар. Көрінген еркек көтендей-көтендей жалпайтып жіберген», – деп қарқ-қарқ күліп қарап тұрады.
«Жайшылық па, елге қарап тоңқайып?» – деген бұл таяп келіп. Әзілдеген түрі. «Саған қарай жел жіберіп тұрмын», – деді қолма-қол қолтығына су сеуіп сөйлейтін пәлекет. Шал осып жауап қайтаруға шақ қалып, өйтпеді. Ісі түсіп тұрғанда… Оның үстіне, ана жолы «сары қанат сандуғаштарды дәлдеп жүрміз», – деп, меселін қайтарып жібергені тағы бар. «Иә, жол болсын, – деді әйел. – Қайда жайылып барасың?» «Өзіңе қарай да». «Қойшы-ей?» «Рас». «Айт». «Анада артық кеттім». «Кетсең нағылдейсің?» «Кешір деймін де». «Есі бар еркек кешірімді олай сұрамайды». «Енді қалай? Айтсаңшы өзің…». «Өкпе төсекте тарқайды, көрші…і…і». Шалдың денесі мұздап қоя берді. Уыздай сары сайтандар мен қара албастылардан кейін мынаған… Бірақ, амал қане… «Менің де ындыным құрып тұрған жоқ па?». «Міне, иманым деші». «Иманға сенесің бе, маған сенесің бе?». «Е, онда…», – деп жуан әйел жайраң-жайраң етті. «Әуелі, − деді шал, – маған бес мың теңге бере тұрсаң». «Неге? Не деп?» «Қарызға, әрине. Балаға апарып беремін де, көзді ашып-жұмғанша пәтеріңде боламын. Қағып-сілкіп, төсек жайлай бересің». «Қай…дам…», – деп анау қылмыңдап тұр. Ақша берсе де, жанына еш еркек жата қоймайтын байғұс ұрғашының бұған өлердей діңкелеп тұрғанын шал біледі. «Уақытты бекер оздырмайық та». «Қашан қайтарасың?» «Он біріндегі пенсиядан». «Дәл қазір келетінің шын ба?» «Келмей… Бірдеңе ұрып па?» «Дегенмен, куәлігіңді беріп қой». «Сенбеймісің?» «Куәлігіңе сенем».
Қара албасты балконда темекісін бұрқыратып отыр екен. Мұны көріп орнынан тұрды. «Принес?» «Мә!» Қыз санап алды. «Ерику привет передашь?» «Қой, айналайын». «Запомни, аташка, при необходимости я приду к тебе. За деньгами». Шал әлдене айтып та үлгерген жоқ, қасы-көзін қылмыңдатып, мұның ауын алақанымен қаққыштап: «Ай да бессмертный гигант пока!» – деп шығып жүре берген. Содан бері о пәлекет есіктен әне-міне кіріп келетіндей зәре-құты қалмайды. Кім, қашан келсе де, қалтасын тесіп тұратын бес мың теңгесі қайсы? Қара албасты, қара албасты, ал анау өзі өліп-өшіп әурелеген екі-үш сары сайтандар да келіп жүрсе ше?.. Баласы естісе, білсе…
Бара-бара шал самогон ішуін жиілете түскен. Бәрін ұмытайын дейді. Адам өз күнәсінен үрейленуі сұмдық екен. Жаныңа еніп алған қорқыныш қолқа-жүрегіңді суырып жеп, не ұйқы, не күлкі бермейді. Кеше ғана әлпештеген әсем дүние – атқан таң шыққан күн, туған ай – бәрі-бәрі пәтуасыз бекер болып көріне берген. Бұрын-соңды болмаған өкініш, опыну сезімдері алпыс екі тамырын алма-кезек буындырып бойы бордай тоза бастаған.
Шал балконнан шығып, ұлы жатқан бөлменің есігін ашты. Самогонның күлімсі иісі мүңкіп кетіпті. Төсегінде төрт аяғы төрт жаққа кетіп рабайсыз жатқан ұлының өлі-тірісі белгісіз. Ол ішінен шыққан шұбар жыланға әрі шошына, әрі өлердей жек көре қарады. Бір сұмдығы, осы мезет өзге түгілі өзін де ит етінен жек көріп, өзінен өзінің жүрегі айныған. Қалтаңдап бөлмесіне жетіп, жарты шөлмек самогоннан бір стакандайын жұтып алып, төсегіне жантайды. Қанша жатқанын, қай кез екенін айыра алмады. Дабырлаған адамдардың даусы ап-анық естіледі. Тек не айтып, не қойып жатқандарын айырып болмайды. Неғылған адамдар? Подъезде осыншама адамның дабырлап тұруы мүмкін емес. Төмендегілердің бесінші қабатқа, бесінші қабаттағы пәтердің есігі, терезесі жабық бөлмесіне дәл осылай таяу естілуі неғайбыл. Теледидар ма дейін десе, ол өшіп тұр.
Шал қолы қалтылдап самогоннан тағы бір жұтқан. Содан бір кез көз алдын елес кезді: қарсы қабырғада әлдебір адамдардың жансыз бейнелері байқалады. Басын сілкіп, көзін кеңірек ашты. Иә, бейнелер… бұлдыр-бұлдыр. Бірақ анық көрінеді. Оң жақта жол. Тау жолы. Жаңбыр себелейді. Лайсаң жолдың арғы жиегінде бір топ адам әрқайсысы әртүрлі өлең айтып тұр. Одан ары – тау. Тау баурайына кесіп текше-текше жол салыныпты. Текше жолдар бұралаң-бұралаң. Сол бұралаң жолда төрт адам саты көтеріп, лай кешіп, төмен түсіп келеді. Саты үстінде – киізге оралып ұзынынан салынған сұлаба. Қайдан шыққанын, бөркі қоқайған біреу пайда болып, сұлабаның бас жағындағы жамылғыны көтеріп еді, шал өзін көрді. Өзі… Беті қап-қара. Шал көзін жұма қойды. Япыр-ау, бұ не пәле? Өңі ме, түсі ме? Түсі дейін десе, ояу ғой. Ой-санасы орнында. Сонда мынау қандай сұмдық?
Кірпігін қайта көтерген. Көзі қабырғада. Әне, әне… Сатылы топ сол орнында әлі жүріп келеді екен. Бөркі қоқайған сұрап жатыр: «Бұларың кім?» «Білмейміз». «Білетін біреу бар ма?» «Білмейміз». «Өзі қашан өліпті?» «Білмейміз». «Енді қайда алып барасыңдар?» «Білмейміз».
Шал әзер сүйретіліп тұрып қабырғаға барды. Алақанымен сипап көріп еді, көріп жатқаны түгел ізім-ғайым. Төсегіне қайта келді. Қайта келіп, көзін қайта жұмып, қайта ашқан. Қабырғада сол көрініс. Сатылы топ, саты үстінде өзінің сұлабасы. Беті қап-қара… Бағанағы әрқайсысы әртүрлі өлең айтып тұрғандар тапжылмапты. Кенет… кенет әлгілердің иықтарындағы саты шыңырауға қарай құлап кетті. Өлең айтқандар да, саты көтергендер де, бөркі қоқайған да оған назар аудармады. Шал үңілген… Сонда жарлауыттың терең түкпіріндегі шалшықта жатқан өзін көрді. Өз өлігін өзі көріп тұрған байғұста зәре-құт жоқ. «Топырақ салмайсың ба?» – дейді өлген өзі бұған. «А… а… а…» – лап үздік-создық азынап, аңырап шыққан даусын оның өзінен басқа ешкім естіген жоқ…
Екі күн өтіп, үшінші күні шал есін әзер жиды. Тәлтіректеп зордың күшімен орнынан тұрған. Ілбіп дәлізге шығып еді, мұрнына сұмдық бір жағымсыз иіс келді. Ас бөлмесіне кіріп еді, ас үстелінің үстінде де, еденде де ас қалдығы, не басқадай бұзылып иістеніп кететін ешнәрсе байқалмайды. Ұлы жатқан бөлменің есігін ашқан. Әлгі аса жағымсыз бөтен иіс сол жақтан бұрқ етті.
Баласы төсектен жерге құлап түсіпті. Аяқ-қолы тырбиған арса-арса қу сүйек. Екі көзі шақырайып, тас төбеге қарап қатып қалған. Бір езуінен шығып кеткен тілінің ұшы көкпеңбек болып көрінеді. Қатты шошып кеткен шал:
– Әй… Әй… – деп шегіншектеп-шегіншектеп барып, ас бөлменің ашық қалған есігіне шүйдесімен барып ұрып, еденге құлап түсті. Қатты зеңгіген басын зорға көтеріп: «Поезд ушел», – деді күбірлеп. Баласы үйге қайта оралғалы бері жанын жеген бойындағы опыну, өкініш, үрейден дым қалған жоқ…