Фото: marica.kz
Депутат Елнур Бейсенбаев тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып, банктердің несие мөлшерін реттеу қажеттігін айтты. Депутаттың пікірінше, микроқаржы ұйымдарының несие мөлшері тым шектен шыққан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Депутаттың пікірі "Adal_adam" парақшасында жарияланды.
«Бізде банктердің халыққа беретін несиедегі қоятын пайызы едәуір жоғары. Тіпті біздің Орта Азиядағы көршілес мемлекеттер бар, банктік жүйесі бізден әлдеқайда төмен, мүмкіндіктері шектеулі, бірақ олардың пайыздық мөлшерлемелері бізден төмен. Еуропадағы мемлекеттерде ипотекалық займдар 12-13 пайыздан аспайды. Мынау тұрған Ресей Федерациясында жеке берілетін пайыздық мөлшерлеме 15-17 пайыздан аспайды. Ал біздегі кейбір микроқаржы ұйымдары бар, микроқаржы ұйымдары деп біз оларды бөлек қарастырамыз да, бірақ олар да тура банктің қызметін атқарып отыр. Олардағы берілетін пайыз 44-45 пайызға дейін кетіп қалады. Ал кейбір банктерде көлікті өзіңіздің атыңызға аударатын болсаңыз, ол жердегі пайыз 36-38 пайызға дейін. Осы мәселені реттейтін уақыт келді», - дейді депутат.
Оның айтуынша, банктік
жүйедегі бәсекелестікті арттыру қажет. Белгіленген деңгейлерді қою керек.
«Менің ойымша, біз қоғамды бөлеміз ғой: бюджеттік қызметкер, зейнеткер деп, ал банкте бәріне физикалық тұлға деп қарайды. Менің ойымша, олардың табыс көзіне байланысты белгілі бір деңгейлерді енгізу қажет», - деп түйіндеді сөзін Елнұр Бейсенбаев.