09 қаз, 2020 сағат 07:48

Несие нарығы жаздағы «карантиннен» қалай өтті?

Жаз айлары несие нарығы үшін барынша күрделі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ranking.kz мәліметінше, несие нарығы екі ай қатарынан, нақты айтқанда маусымда 0,5, ал шілдеде 0,9 пайыз теріс мәнге кетті. Тек тамызда ғана 2,2 пайыз өсім болды. Қыркүйектің 1-інде Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің жиынтық несие қоржыны 15,18 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіш осы жылдың 1 маусымында 15,07 трлн теңге болған еді. Қорытындысында күзде банк займдарының өсімі жаздың басымен салыстырғанда 0,8 пайызды құрады. 

10 ірі банк-кредиторлардың арасында жаздағы «карантин» қорытындысы бойынша Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі үздік көрсеткішке қол жеткізді. Қаржы институтының несие қоржыны үш айдың ішінде осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай 13,3 пайызға, 1,19 трлн теңгеге дейін өсті. Көрсеткіш тұрақты артып отырды. Атап айтқанда, жыл ішінде ТҮҚЖБ қоржыны бірден 33,4 пайызға артты. Бұл сектордағы ең күшті көрсеткіш саналады. 

Сонымен қатар жаз айларында Bank RBK RBK (плюс 8%, 485 млрд теңгеге дейін) және Халық банкі (плюс 4,5%, 4,74 трлн теңгеге дейін) несие беруі артты. Осылайша, несие нарығына ортақ проблема кезінде жаздағы дағдарыстан ипотекалық несиелеу ғана қарқынды өсім көрсетіп отырған сегмент болып қалды. 

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» жобасы іске қосылды. Тұрғын үй сатып алуға жеңілдік ұсынатын займ жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға беріледі. Бастапқы жарна баспана құнының 10 пайызын құрайды. Жоба операторы - Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі. 2020 жылы жобаны жүзеге асыру үшін ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымы 210 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның 90 млрд теңгені құрайтын алғашқы бөлігі аталған банкке жіберілген.