07 там, 2024 сағат 10:14

Назым Қызайбай: Қазақ қыздары арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы болғым келген

Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасының жартылай финалында қытайлық У Юге есе жіберген Назым Қызайбай пікірін білдірді, деп жазады "Ұлт ақпарат" ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Әйелдер боксынан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атану арманым болды. Дзюдошы қыздармен Парижде жолыққанда да соны бір бірімізге тіледік.
Қазір өзіме аса көңілім толып тұрған жоқ. Өйткені алтын алғым келді және жеңуге болатын қарсылас еді. Алайда қытай қызы жекпе жек барысында алдап кетті. Оған қоса менде “қолаға жеттің, енді алтын алу керек” деген жүктеме тұрғандай болды. Сол кедергі келтіргендей.
Жеңсем де, жеңілсем де қасымнан табылатын отбасыма, достарыма рахмет айтамын!
Жеңісімді маған қолдау көрсеткен көпшілікке арнаймын!", - деді Назым Қызайбай.


Ал, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин боксшы Назым Қызайбайды Париж Олимпиадасының қола жүлдесімен құттықтады.

"Назымды Олимпиада ойындарының қола медалімен құттықтаймын!
Назым ұзақ жылдар бойы еліміздегі әйелдер боксының жарқын өкілі әрі команданың көшбасшысы болып  келеді.
Өзінің алғашқы Олимпиадасына  қатысқанына қарамастан, ол әлемдегі ең мықты спортшылардың қатарынан екенін тағы бір дәлелдеді. Сіздің бұл жетістігіңіз көптеген жас атлетке жігер сыйлап, еңбек пен төзімнің ақталатынына шынайы үлгі болсын деп тілеймін.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Назым мен оның бапкері Долкунжан Камековты және барша қазақстандықтарды Олимпиада медалімен құттықтаймын!", - делінген жеделхатта. 


Айта кетейік, Назым Қызайбай Бокстан ел қоржынына қола медаль салды.