Ақорда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысында сөйлеген сөзін жариялады. Ұлт порталы Елбасы мәлімдемесінің толық мәтінін оқырман назарына ұсынады.
Құрметті Кеңес мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Сіздермен осы тақырыптық брифингте жүздескеніме қуаныштымын.
Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз.
Біз бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті болып отырмыз. Осыған орай Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халықтарының «үніне» айналдық.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің бірінші жылы өтті.
Біз Кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық.
Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ/ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эритрея жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз.
Кеңестің барлық мүше-мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ризашылығымды білдіремін.
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Бүгінгі жиын – Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы барысындағы негізгі шара. Ол жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне арналып отыр.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқарады.
Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру туралы ұсыныс айтқан болатынмын.
Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизмді құруға қол жеткізілді.
Бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде.
Міне, ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөйлеп тұрмын.
Алайда, жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мәселесінің әлі де күрделі екенін және оның күннен-күнге өзекті бола түскенін айтуға мәжбүрмін.
Сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс.
Неліктен?
Біріншіден, сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген ХХ ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында «Біздің басты міндетіміз – келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ширек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті.
Дүние жүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигонын жауып, ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елден қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшына айналдық.
Ядролық қару мен ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз болды. Бұл Қазақстанның барша халқы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген ерікті қадамы еді.
Бүгінде еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып отыр.
Біз ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекіттік.
Екіншіден, өзара сенім жағдайы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септігін тигізеді.
МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің ашылуы – осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы әрі оның жүзеге асуының көрінісі.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты.
Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді.
Біз тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық және ядролық қарудан бас тарттық. Сол арқылы халықаралық беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық.
Осы ретте, Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз.
Төртіншіден, ғылыми-технологиялық прогрестің қазіргі мүмкіндіктері және жаһанданудың шынайы болмысы жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау міндетін адамзаттың аман сақталып қалу мәселесіне айналдырып отыр.
Жаппай қырып-жоятын қаруы бар елдердің көбеюі ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады.
Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық база ХХ ғасыр соңында «ядролық державалар клубының» кеңеюіне тосқауыл бола алмады.
Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген аса маңызды таратпау режімін нығайту үшін терең ментальді өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдер қажет деп ойлаймын.
Ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін мынадай шаралар атқаруды ұсынамын.
Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын.
Корей Халық Демократиялық Республикасының әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін.
Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы резолюциясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құжат Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын, соның ішінде санкция шаралары мен мәжбүрлеу шараларын айқындайтын болады.
Екінші. Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген резолюцияларымен бекіту қажет.
Жаппай қырып-жоятын қаруды иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде ядролық державалардың кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет деп санаймын. Бұл атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттер үшін керек.
Үшінші. Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты.
Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет.
Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта Біріккен Ұлттар ұйымының 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдар көрініс тапқан еді. Әлемдік қоғамдастық қолдаса, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.
Төртінші. Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек.
Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көп жақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті.
Ол күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналды.
Қазақстан да өз үлесін қосқан сенім ахуалының арқасында осы келісім жүзеге асты.
Кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туындаған қиындықтарға қарамастан Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар одан әрі табысты іске асады деп сенемін. Бұл мәселені біз АҚШ Президентімен бірге талқыладық.
Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяға қатысты ядролық проблеманы реттеуде де қолдануға болады деп ойлаймыз.
Корей түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін білдіреді.
Осыған орай, мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз.
Сенім ахуалын қалыптастырудың маңызды талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтаймыз.
Қажет болған жағдайда, Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын.
Сенім шаралары бүгінде қантөгіс болып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзекті болып отыр.
Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде.
Өзара сенім Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн.
Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіссөз өтті.
Бесінші. Жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудегі бірден-бір тиімді құрал – ядролық қарудан азат аймақтар құру.
Сондай-ақ, бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып саналады.
Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын.
Мүдделі тараптарды осыған шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін.
Алтыншы. Бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі бар.
Осыған орай халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс.
Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстанымды қалыптастыру барысында да керек болады.
Бұл мәселелер Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы отырысында қаралуға лайық деп ойлаймын.
Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды.
Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген.
Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз қарудан азат әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жоятын қаруды қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет.
Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді.
Әлемдік қоғамдастық – алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады.
Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек.
Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз.
Адамзат ХХІ ғасырда жаппай қырып-жоятын қарудан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін.
Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп сенемін.
Назарларыңызға рахмет!
Америка Құрама Штаттары, Нью-Йорк қаласы