06 ақп, 2020 сағат 15:18

Назарбаевтың бастамалары туралы 5 жаңа кітап таныстырылды

Елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары мен бастамалары туралы 5 жаңа кітап таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған жинақтарға мақалалар мен естеліктер берген авторлар арасында Қазақстанның алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Мемлекет және қоғам қайраткері Қабидолла Сәрекенов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов және Мәскеу мемлекеттік университеті қазақстандық филиалының директоры Александр Сидорович бар.

«Елбасы кітапханасының бастамасымен шығарылған бұл кітаптар жалпы біздің қоғам үшін, мемлекет үшін, әсіресе болашақ ұрпақ үшін өте маңызды. Біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жыл уақытта қандай жағдайды басымыздан өткіздік, бұл жолдан өту үшін қандай шаралар, қандай мемлекеттік саясат жүргізілді? Қазақстан деген кім, мемлекеттің мүмкіндігі қандай, әлеуеті қандай, қоғамның сапасын жақсарту үшін қандай реформалар жүргізілді? Осы сұрақтардың жауабы бүгінгі жаңа кітаптарда жазылған. Жастар үшін бұл – өнеге, тарих», - деді Қуаныш Сұлтанов Назарбаев орталығында жаңа кітаптардың таныстырылымында.

Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған жаңа жинақтарды қазіргі заман тарихын зерттейтін ғалымдар үшін аса қажет деп бағалады.

«Бүгінгі жинақтарды ҚР Тұңғыш Президенті қорының қызметкерлері соңғы 2-3 жылда әзірлеп шығарды. Онда Тұңғыш Президенттің өткен жолы, естеліктері, Қазақстанды ядролық қарудан азат етуі және былтырғы саяси транзит тақырыптары егжей-тегжейлі жазылған. Әсіресе қазіргі заман тарихын зерттейтін ғалымдар үшін, студенттер мен оқушылар үшін пайдалы жинақтар дер едім. Қазақстан – 30 жылда бір қан төкпей мемлекет тұрған, шекарасын белгілеген, астанасын ауыстырып, нарықтық экономиканы жасаған ел. 1917 жылдан кейінгі 30 жылды қарасақ, Совет билігі соғыс, аштық, репрессиядан 50 млн жуық адамынан айырылған. Ал Қазақстан өзінің алғашқы 30 жылында бейбіт мемлекет құрып, күрделі геосаяси өзгерістерді жасай алды. Соның барлығын Елбасы қоры жинақтап, дайындап берді. Енді әрі қарай жалғап әкетіп, өзге тілдерге аударып таратуымыз керек. Ғалым ретінде мұндай кітаптар таптырмас дүниеге айналады деп толық сеніммен айта аламын», - деді Б. Аяған.

Жаңа жинақтар Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет негізін құру мен жан-жақты нығайтудағы, көпұлтты Қазақстан халқын біріктірудегі, тұрақты, гүлденген және рухани қоғамды жасаудағы, әлемдік алпауыттармен ынтымақтастық пен серіктестікті дамытудағы көпқырлы саяси қызметі мен бірегей тәжірибесін, сондай-ақ оның бітімгерлік идеяларын көрсетеді.

«Нұрсұлтан Назарбаев: көшбасшылық стратегиясы» атты екі бөлімнен тұратын кітап Елбасының Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып тағайындалған сәттен 30 жыл ішінде Қазақстанның экономикалық-саяси тұрғыдан өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін, елімізді төрткүл дүниеге танытып, әлем қауымдастығына мойындатудағы тарихи рөлін кеңінен баяндайды.

«Біз білетін Елбасы» естеліктер жинағы үш кітаптан тұрады. Мұнда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетті дамытудың жаңа жолы мен үлгісін іздеген тұста Тұңғыш Президенттің жанынан табылған, одан кейін бейбіт елдің бақытына куә болған Елбасы замандастарының естеліктері топтастырылған.

«Н. Назарбаевтың еуразиялық бастамалары: тарихы, қазіргі жағдайы және болашағы» - Елбасы кітапханасының ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру аясында әзірленген жинақ. Бұл кітап еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығына және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуының 5 жылдығына арналған. Бұл Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістердің тарихына, мән-мағынасы мен маңызына арналған құнды кітап.

«Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» - Тұңғыш Президенттің бітімгерлік бастамаларына және оның барша адамзаттың мүддесі үшін ядролық қарудан азат әлемді құру жөніндегі саясатына арналған жинақ.

«Мәңгілік ел» идеясы: кеше, бүгін, ертең» - Елбасы кітапханасының бастамасымен жарыққа шыққан ұжымдық монография. Кітапта халықтың әл-ауқаты мен оның жарқын болашағын ойлайтын, қазақстандық қоғамның жаңа моделінің негізін қалаушы ретіндегі Елбасының рөлі айқындалады.