06 жел, 2016 сағат 20:39

Назарбаев: Өзге елдің шаңын жұту біздің жолымыз емес

- Өзге елдің шаңын жұту біздің жолымыз емес. Бүгін Жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

«Біз бүкіл әлемдегі дағдарысқа, нашар жайттарға қарамастан тоқтамастан дамып жатқанымызды, алып кәсіпорындарды іске қосатындығымызды айтамыз. Жаңа жұмыс орындарын, заманауи зауыттар, қайта өңдеу орындарын құрудамыз. Әлемде мұнымен қазір кім айналысуда. Қандай мемлекет? Ондайлар жоқ. Демек, біз ұлы болуға ұмтылған елміз. Оның халқы да ұлы, оның бүкіл өкілі сіздер осында отырсыздар», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы тек ауқымды индустриаландыру ғана  елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосатындығын баса айтты.

«Біздің  басты мақсатымыз - арман. Адамның арманы болған кезде ол ешуақытта қартаймайды. Арманмен өмір сүру қажет. Сол арманға қарай жылжу қажет. Арман өте үлкен болуы тиіс. Егер тіпті ортасына дейін жетер болсаң, онда зор табыстарға кенелесің. Бірінші кезекте мұны жастарға айтып отырмын. Бұл біздің 25 жылдығымыздың қарсаңындағы маңызды шаралардың бірі болды. Міндеттер жаңа, егер мен оны алдарыңа қойсам, жұмыс істейік», - деді Назарбаев.

ҚР Президенті патшалық Ресей кезінде қазақтың жер қойнауының барлық байлығы шикізат күйінде сыртқы тасымалданғанын, тіпті еліміздің ішінде жолдардың да болмағанына ерекше тоқталып өтті.

«Ал қазір қараңыздаршы, қандай темір жолды іске қостық. Бұрын мұндай болған емес. Өйткені, біз колония болдық. Мұнай, газ, алтын, күміс - құдайға шүкір бізде бар. Бұл біздің қалтамыздағы байлығымыз. Оны ешкім ала алмайды. Біз өзге елдердің шаңын жұтпауымыз қажет. Бұл біздің жолымыз емес», - деді Елбасы.