«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңіріне таралуы тиіс. Бұл туралы бүгін Астанада аталған бірлестік тәрбиеленушілерімен кездесу барысында Елбасы - ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кездесу барысында ҚР Президенті рухы мықты халықтың болашағы да зор болатындығын атап өтіп, оған нақты мысал да келтірді.
«Мәселе халықтың көптігінде, мемлекеттің үлкендігінде емес. Мәселе - ұлттық рухта. Ойлап қараңдар, бар болғаны 16 млн халқы бар ветьнам елі АҚШ-қа қарсы тұрып, жеңіп шықты. АҚШ алып ел еді, қару-жарағы да көп еді. Ғылыми техникасы да көп еді. Қанша ауылдарын өртеді, қанша адамдарын қырды. Адамдарын зынданға отырғызды. Бірақ, жеңе алмады. Себебі, рухы жоғар ел еді. Мұның барлығы белгілі», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көп мемлекетте жігіттері де, қыздар да бірге әскери шепте тұрып, елін, жерін қорғайтындығын айтты.
«Мысалы Израиль мемлекетін алатын болсақ, барлық қыздар әскери міндетін өтеп шығады. Ел қорғау - барлық жұрттың, халықтың мойында тұрған міндет. Ата-бабамыз аманат еткен осы кең байтақ жерді қалай сақтап қалдық? Жанқиярлық батырлықтың арқасында, қан төгіп, тер төгудің арқасында аман алып қалдық. Сол бабаларымыздың рухы бізде болуы керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық өңіріне таралуы тиістігін атап өтті.
«Жастарымыздың барлығы осы ұйымға кірулері керек. Денелерін шынықтырып, әскери мамандықты игеріп, Қорғаныс министрлігімен бірге жұмыс істеп, болашақ отан қорғаушыларды, елдің болашақ азаматтарын тәрбиелеуге ат салысуы қажет. Сонда сіздер Президенттің де, елдің де тірегі бола аласыздар. Сол үшін біз жиналып отырмыз. Сол үшін мен сендердің араларыңа келіп отырмын. Баршаларыңызға шын жүрегіммен зор денсаулық, үлкен бақыт, еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болуын тілеймін», - деді ҚР Президенті.