26 шіл, 2016 сағат 20:40

Назарбаев: Бүгін Алматыда «теракт» болды

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты теракт деп атады», — деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды. Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, мемлекеттік органдарға оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

«Бүгін Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды, қазіргі уақытта Алматыда «Жедел ұстау» арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полиция қызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды», — делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Жансақтау бөлімінде 8 полицей жатыр. Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланған.