15 мам, 2018 сағат 09:11

Назарбаев: "Бес әлеуметтік бастаманы" іске асыру арқылы құрылыс қарқынын арттырамыз

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы батыс өңіріне жұмыс сапарымен барған болатын. Әуелгі жұмысты аймақтағы іргелі кәсіпорындардың жұмысымен танысудан бастаған Елбасы сапар соңын Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесімен түйіндеді.

Орал шаһарына ат басын бұрған Ел Президенті өңірдегі бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, өнеркәсіптік кәсіпорындарды да аралап қайтқан-ды. Ендігі кеңес әлеуметтік-экономикалық мәселер төңірегінде болды. 

Жиын барысында БҚО облысы әкімі Алтай Көлгіновтің өңірдің даму барысы жөніндегі есебі оқылды. Өңір басшысы 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша баяндама жасады.

Сондай-ақ, облыс әкімі Елбасының мемлекеттік және салалық бағдарламаларға қатысты берген тапсырмаларының орындалуы жөнінде айтып өтті.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, басқосуда Нұрсұлтан Әбішұлы өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң баға берді.

– Бүгін облыстағы нысандарды аралап көргендегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық өңірдің атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағыттылған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

– Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жәйт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірдегі кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

– Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.  

Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту проблемасына тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

– Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнеске тиесілі бүкіл өнімнің 90 пайызын өндіріп отыр. Қалған 11 аудан 10 пайызды қамтиды. Жұртқа бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыста көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.  

Жиын соңында Елбасы өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұл басқосу өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне жаңа қарқын қосары сөзсіз. Аймақ тізгінін ұстаған Алтай Көлгіновтің алдағы жұмыс жоспары айқын. Нақты нәтижелер де өз жемісін бере бастады. Ел Президентінің Орал өңіріне жасаған арнайы сапары нәтижелі аяқталды.