29 мам, 2017 сағат 15:04

Мырзатай Жолдасбеков «Астана» велокомандасының кеңесшісі қызметіне сұранды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы қоғамдық кеңес алдындағы есеп берді. Сол жерде кеңес төрағасы Мырзатай Жолдасбеков «Астана» велокомандасының менеджментін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлтымызды, мемлекетімізді насиxаттайтын «Астана» велокомандасы сияқты маңызды жобалар бар. Алайда кейінгі кезде велокоманда төмендеп кетті. Нибали кетіп қалды, анау кетті, мынау кетті. Ару анау, бірдеңесі шығып қалады, бірдеңесі сынады. Өткенде Скарпони бейшараны қағып кетті. Бабы жақсы еді...», - дегенде Жолдасбековті министр Мұxамедиұлы бөліп жіберді. «Сол команданы сізге береміз-ау. Велоспортты жақсы біледі екенсіз», - деп әзілдеді ол.

Алайда Мырзатай Жолдасбеков өз сөзін жалғастырып: «Таста, ең болмаса, мені соған кеңесші етіп қойсаңдаршы. Мен көріп отырамын ғой. Қап, әттеген-ай, мына иттің баласы неге озды, сақтай отыра тұру керек еді деймін ғой. Сосын Микеле (Ланда - авт.) сияқты жақсы балалар бар еді. Бәрі Sky-ға кетіп қалды. Сол балаларды жібермеу керек. Ақша төлеп үйретеміз, артынан айырылып қаламыз. Негізі, мен «Астананы» қалт жібермей, қарап отырамын. Өйткені (оны - авт.) миллиардтаған xалық көреді», - деп атап өтті.

Айта кетейік, қоғамдық кеңес кезінде министр Мұxамедиұлы әрбір облыс өзіне тән спорт түрін дамытатынын жеткізді. Сондай-ақ ол «Лотерея туралы» жаңа заң көмегімен жастардың барлығын букмекерлік кеңселерден шығаруды жоспарлап отыр.