18 қыр, 2024 сағат 15:51

Қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ — Заитов мемлекеттік органдардың басшыларын сынға алды

Фото: Ринат Заитов Instagram аккаунтынан

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов мемлекеттік органдардың басшыларын сынға алды. Бұл туралы "Ұлт Ақпарат" хабарлайды.

Зайытов мемлекеттік органдардың басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті екенін еске салды.

"Сонда, жалғыз баласы жаламен сотталған ана, жарының жұмбақ қазасы, жылдап тергелмеген әйел, әскердегі ұлы мүгедек болып қалған әке, кәсібінен заңсыз айырылған кәсіпкер, жалғыз баспанасы алаяқтарға қолды болған отбасы, сот шешімін орындата алмай жүрген жәбірленушілер т.с.с. мыңдаған қорғансыз халық әділдікті қайдан таппақ? Білсеңіздер айтыңыздаршы! Қазақта: «Байды құдай ұрарда – байлығына мас болар, Биді құдай ұрарда – бұқараға қас болар" - деген ескерту бар. Халықтан қашпаңыздар", - деді депутат.


Мәжіліс депутаты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асыловқа аталған лауазымды тұлғалар мен халықтың арасында кедергісіз байланыс орнату жолдарын қарастыруды және азаматтардың арыздары сырғытпа жауап (отписка) деңгейінде қалмауын қадағалау жүйесімен қамтамасыз етуді талап етті.

"Тіпті болмаса, депутаттардың есігі көрінбейтін кабинеттерге елдің өтінішін жеткізуге мүмкіндік берулеріңізді Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі регламентінің 11-тарау 149-тармағына сәйкес талап етемін!" - деді депутат Заитов.