19 қыр, 2025 сағат 16:49

"Мың доллар жіберсеңдер, кез келген депутаттан құттықтау мен арқылы": Қуат Хамитов Мәжілісті мысқылдады

Фото: Қуат Хамитов instagram парақшасынан

Қазақстандық аралас жекпе-жек (MMA) спортшысы Қуат Хамитов  депутат Ардақ Назаровтың анасын құттықтауына қатысты Мәжіліс жауабын мысқылдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол депутаттар арқылы құттықтау жолдауға тапсырыс қабылдап, жарысқа қатысуға ақша жинайтынын айтып әжуалады.

"Мәжіліс депутаттарға туған күнімен құттықтауға рұқсат беріпті. Сондықтан айтарым, жігіттер! Барлық депутаттардың номерлері менде бар. Кімге жаңа жылмен, біреудің туған күнімен, қысқасы, құттықтау керек болса, барлығы мен арқылы.  Қазір каспийді тіркеймін. Мың доллар жіберсеңдер, кез келген депутаттан құттықтау мен арқылы. Дәл қазір жарысқа ақша жоқ еді. Өзіміздің жаман залда дайындалып жүрміз. Бір-екі құттықтау "ұрып жіберсек" шетелге жарысқа барып қайтатын", - деді ол әлеуметтік желі парақшасында.  


Еске салсақ Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған болатын. Бұл қоғамда дау туғызып, "депутаттың бұл әрекетіне шара қолданылуы керек" дегендер болды. Алайда бұған Мәжіліс бұқаралық ақпарат құралдарына "Парламент пен Мәжіліс регламентінің нормаларын, соның ішінде депутаттық әдеп ережелерін тікелей бұзу белгілері байқалмаған" деп жауап берген.