11 ақп, 2018 сағат 10:39

Мұрат Әуезов. Алтынбек Алаш азаматтарының рухани мұрасын жалғастырды

Екі мың алтының он бірінші ақпаны. Алаш жұрты Алтынбегінен айырылды. Дәл осы күні саясаткер, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктері дүниеден озды. Оған да 12 жыл өтіпті. Ал, Алтынбек туралы әңгіме әлі күн саябырлаған емес...

Осы ретте Мұрат Әуезовтың 2008 жылы "Жас Алаш"  газетінде жарық көрген мақаласын оқырман назарына тағы бір мәрте ұсынуды жөн көрдік.

***

Ұлтты санаулы адамдар ғана қалыптастырады. Биік мақсаттар қоя білетін, келешегі үшін, ертеңі үшін күресе білетін тұлғалары бар ұлттың ғана болашағы бар. Алтынбектей ардақты азаматы бар қазақ ұлты өзінің айбынын, асқақ рухын айдай әлемге паш ете білді. Алтынбекті күрескер ретінде танимын. Алтынбек арқылы қазақ ұлты да өзінің баянды болашағы үшін күресе білетін ұлт ретінде танылды.

Адамдардың шынайы өмірі мен оған баға беретін адамның арасында ақиқатты көлегейлеп тұратын әбден қалыптасқан жүйе бар. Қоғамның дамуына кедергі болып тұрған да сол саяси жүйе екені белгілі. Ақиқатқа жету жолында кедергілер көп. Эмперикалық тәжирбие ақиқатқа жетелемейді. Қоғамның бірігуі, жұмылуы қажет екені сөзсіз. Бірақ қандай негізде бірігеді? Қоғамның этикалық ұстанымы қандай болады? Бұл сұрақтардың маңыздылығын жоққа шығаруға болмайды. Осы мәселелер төңірегінде әлі де ойлану керек. Қоғамның тастай бірігіп, бір мақсатқа ұмтылып, жұдырықтай жұмылуын қолдайтындардың қатарындамын. Алайда қоғамды жоғары құндылықтар негізінде ғана топтастыруға болады. Соған көзім әбден жетті. Осы мәселеге қатысты Алтынбектің пікірі менің көңілімнен шығатын. Оның жоспары идеяға негізделген еді. Практикадан ажырамаған, шынайы өмірге бейімделген жоспары бар-тын. Логикалық негізге сүйенетін.

Біз көбіне-көп асыра сілтеушілікке, мәселенің байыбына бармай қорытынды шығаруға бейім тұрамыз. Осы кемшіліктен арылуымыз керек. Мәселеге ақылмен, оймен қарап, терең пікірмен сараптан өткізуге тиіспіз. Қоғамда не болып жатқанын елге жеткізуіміз керек. Қарапайым халық қоғамдық мәселелерді түсіне білуі қажет.

Қап тауындағы қақтығысты да айналып өтуге болмайтынын сезіп отырмын. Грузия – тамыры мыңдаған жылдарға кететін бай мәдениеті бар ел. Әдебиеті тез дамыды. Әдеби әлемге американдылықтардың енгізген тәжірбиесі бізге грузин жазушылары арқылы жетті. Отар Чиладзе деген жазушы арқылы. Грузиндер ана тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін қалай әпергенін жақсы білемін. Грузин жастары белдеріне жарылғыш заттар байлап алып, қалаларындағы орталық көшелерге шыққанын белгілі ғалым Нико Чавчавадзеден естідім. Оның өзінің баласы да алаңға шыққандардың қатарында болыпты. Грузия зиялы қауым өкілдері еркін ойлайтын, мемлекеттік билікке қарсы уәж айта алатын орта қалыптастыра білді. Зиялы қауымның ықпалы Грузияда күшті. Кеңес жылдарында Грузияда Отар Нодияның бастамасымен арнайы қауымдастық құрылды. Кеңес Одағының әр түкпірінен жиналған диссиденттердің барлығы да осы қауымдастыққа келіп қосылып жатты. Грузин оқиғасына баға берген тұста осы мәселені сырт айналуға болмас. Абхаздар мен осетиндер де намысшыл, рухы биік ұлттар екенін де ұмытпайық. Абхаз ұлтынан шыққан Фазыл Искандерді қалай ұмытуға болады? Мәселеге тек қана саяси баға беруге болмайды. Халықтың мәдениетіне де, тарихына да көз жүгірту керек.   

Алтынбекті түсіну үшін, Алтынбекке қайраткер ретінде, тұлға ретінде баға беру үшін оның туып-өскен жеріне, еліне зер салу керек. Алтынбек Қарқара аймағында ер жетті. Қазір Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» повесін қайта оқуға көштім. 1916 жылғы көтеріліс жайындағы шығарма екенін білесіздер. Патша үкіметіне қарсы көтеріліске шыққан Ұзақ, Жәмеңке, Серікбай сынды азаматтардың барлығы да қаза табатынын, қуатты патша әскеріне төтеп бере алмайтынын білді. Бірақ ержүректік танытып, батырлықпен, батылдықпен күресті.

«Арым – жанымның садағасы» деп ұрандатқан азаматтар өмірін қиса да, намыс үшін, ар үшін, ел үшін жан алысып, жан берісті. Қазақтарды бұл күресте қырғыз бауырлар да қолдады. Қазақ пен қырғыз ортақ мақсатта бірігіп, жұмылып күресті, басқынышлармен айқасты. Повесте Сұлтанмұрат деген өзбек ұлты жігітінің аты да аталады. Көтерісшілерге ақпарат жеткізіп, басқыншылар жайлы мәлімет берген де осы өзбек жігіті екені белгілі. Бұдан нені байқаймыз? Қазақтың да, өзбектің де қырғыздың да бірлігін, татулығын, ынтымағын көреміз. Патша әскеріне қарсы жұмыла күрескен ұлттардың ерлігін байқаймыз.

Алашордашылардың да мақсат-тілегі бауырлас ұлттардың ауызбіршілігі болатын. Алтынбек Сәрсенбайұлын Алаш азаматтарының арманын жүзеге асыруға тырысқан азамат ретінде білемін. Орталық Азия елдерін біріктіру Алаш азаматтарының арманы еді. Біз сол арманды орындауға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз шарт. Бір-бірімізге менсінбеушілікпен қарап қазақтар өзбектерге, өзбектер қазақтарға мұрнын шүйірсе, бір-бірін көре алмай, іштарлық танытып, бірін-бірі аяқтан шалса бауырлас елдер алысқа бармайды. Осыны түсіну керек. Мұны Алтынбектің ұлтына аманат есебінде де қабылдау шарт.                                      

Мұрат Әуезов