15 қаз, 2024 сағат 17:40

"Мұндай жағдай қайталанбауы тиіс": Депутат тілімізді мазақ еткен бапкердің әрекетін сынады


Сенат депутаты Геннадий Шиповских ҚХА мүшесі ретінде Станислав Черчесовтің қазақ тілін француз тілімен шатастырған әрекетіне қатысты Спорт министрі мен Қазақстан футбол федерациясына үндеу жолдады.

Депутат видеоүндеуді өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялады.

"Өздеріңіз көріп отырғандай, футбол құрамамыздың бас бапкері Черчесовтің қазақ тіліне байланысты брифингте айтқан пікіріне қатысты шу болып жатыр. Ол бұл жерде қазақ тілі мен француз тілін шатастырып тұр. Бұл видео әлеуметтік желіне дүр сілкіндіріп жатыр. Бір жағынан қарасаңыз видео ерсі көрінеді", - деді сенатор.


Ол видеоүндеуінде Черчесовке қазақ тілі мен француз тілінің айырмашылығын түсіндірді.

"Менің ойымша, ол біздің елімізде қызмет етіп, бас құрамамызды баптап жатқаннан кейін қазақша білмесе де, қазақ тілі мен француз тілінің айырмашылығын білгені дұрыс. Сондықтан соған мән берсеңіз. Өйткені қазақ тіліміз – еліміздің басты байлығы. Өзге ұлттың, өзге елдің азаматы екенін түсінеміз. Бірақ олай артық кетудің қажеті жоқ. Федерацияның немесе министрліктің адамдары ол кісіге тілге қатысты лайфхактарын айта кетсе жөн болар еді. Тілімізді мазақ етіп, оны басқа жағынан көрсетудің қажеті жоқ. Қазақ тілі – ол француз тілі емес. Қазақ тілі – ол дара тіл. Қазақ тілі – ол Абайдың тілі. Қазақ тілі – ол біздің ұлы тіліміз", - деп түсіндірді Шиповских.


Депутат елімізге келген өзге елдің азаматы болсын, өзге ұлт өкілі болсын, қазақ тілінің маңыздылығын түсініп, білгені дұрыс деп есептейтінін айтты.

"Спорт министрлігі мен ҚФФ-ның құлағына алтын сырға. Мұндай жағдай қайталанбауға тиіс. Біздің тіл – ол басты байлығымыз. Тілімізді ешкімнің ешқашан да мазақ етуге қақысы жоқ", - деді Геннадий Шиповских.


Айта кетейік, Футболдан Қазақстан құрамасының бапкері Станислав Черчесов баспасөз мәслихатында өзіне қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіге "Сен қазір француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?" деп, мысқылдады.