27 мам, 2020 сағат 11:58

Мұнай өңдеу зауыттары жұмыстарын тоқтатқан жоқ – Нұрлан Ноғаев

Қазіргі таңда мұнай-газ саласында өнімін өткізе алмай жүрген компаниялар жоқ. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда мұнай-газ саласында өнімін өткізе алмай жүрген компаниялар жоқ. Барлығы мүмкіндіктері бойынша Атырау –Самара және Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы және теміржолмен басқа да тараптарға өткізіп жатыр. Ішкі нарықта мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу процестері де ұйымдастырылды. Біз мұнай өндіруші компаниялардың өнімдерін өткізу үшін Үкімет қабылдаған шешімдерге, яғни кедендік баж салығын алып тастау жөнінде, кедендік одақтың сыртында мұнай өнімдерін шығару жөніндегі мәселелерді тағы да әкімшілік қолдауларды, реттеулерді қабылдадық», - дейді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, пандемияға қарсы экономикалық белсенділік төмендеген кезде мұнай өнімдерін тұтыну көлемі де азайды.

«Қазіргі Үкімет қабылдаған шешімдерге сәйкес мұнай өңдеу зауыттары өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Павлодар мұнай өңдеу зауыты 8 маусымға дейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол біткеннен кейін тұрақты жұмысын атқаратын болады», - дейді ол.