25 там, 2016 сағат 08:56

Мұнай мен газ – қытайдiкi, зауыт та...

Жердi шетелдiктерге жалға бермесе болмайтындай Қазақстанның басына не күн туды?! Мен осыған таңғаламын. Дамыған алдыңғы қатарлы елу елдiң қатарына енгенiмiз, отыз елдiң санатына қосылуға жақындап қалғанымыз қайда? «Самұрық-қазынамыз» қайда?! Не болды Қазақстанға?! Жердi шетелдiктерге жалға беруге, жеке адамдарға сатуға болмайды деп бас көтерiп жатқандарды президент: – Олар жердi бiлетiндер емес, асфальтта жүргендер деп кiнәлады. Сол асфальтта жүргендердiң бiрi менмiн. Асфальтта жүрейiн, мейлi пойыздың төбесiнде жүрейiн ЖЕР – менiң Анам, ЖЕР – менiң Отаным. Жерiмнiң ұлтарақтай бөлшегiн жатжұрттықтың иеленгенiн қаламаймын. Мұнай – қытайдiкi, газ – қытайдiкi, мұнай өңдейтiн зауыттар – қытайдiкi. Ендi жерiмiздi де тiлi бөлек, түрi бөлек, дiнi бөлек қытай иелене ме? Бабаларымыз: “Қара қытайды көргенде, сары орысты әкем дерсiң”, деп бiздi қытайдан сақтандырып кеткен жоқ па едi. “Қазгерманмұнай” компаниясын қытайлықтарға сатқаннан кейiнгi қоштасу дастарқанында аталған компанияның қаржы директоры болып қызмет атқарған Германия азаматы Мануэлья Шрам: “Германия мен Қытайдың ара қашықтығы он мың шақырымдай, ортақ шекарамыз жоқ, арамызды бiрнеше мемлекет бөлiп тұр. Бiз (Германияны айтқаны – авт.) Қытайдан қорқамыз. Сiздер дәл жанында отырып тiптi сескен­бейсiздер ғой”, – деген-дi. Қытайдан сескенбейтiндей Қазақстан соншалықты мықты ма? Бiз бейқамбыз.

Билiктегiлер шетелдiктерге жердiң жалға берiлуiн: «Жер азып бара жатыр, ертең құмға айналады. Шетелдiктер инвестиция құяды, жер түрленедi, гүлде­недi» деп ақтағылары келедi. Миллиондаған жылдар бойы азбай, тозбай жатқан жер неге тозады? 1954-жылдардан бастап Қазақстанда тың және тыңайған жерлердi игеру басталды. Сан ғасырлардан берi жатқан жер құнарланғандығын дәлелдеп, Отанға миллиард пұт астық бердi. Жердi шетелдiктерге жалға беру – Қазақстан мемлекетiнiң тамырына балта шабу. Мен мұны неге айтамын? Бабаларымыздан бiзге аманатқа қалған жердi бiз қорғамағанда кiм қорғайды? Жасым 76-да. Ұлдарым, қыздарым мен немере, шөберелерiм бар. Менiң артымда қалатын ұрпақтарым егер жерге ие бола алмай қалсақ, “Әкелерiмiз тамағының тойғанына мәз болып жүре берген екен ғой” – демей ме! 

Жердi жеке адамға да, заңды тұлғаға да сатуға болмайды.

Жерiмiздi шетелдiктерге жалға беруге болмайды.

Бiр айта кететiн жайт, Қазақстан Үкiметi басшысының орынбасары Асқар Мырзахметов Қызылордада өткiзген мәжiлiсте менiң сөзiмдi “үш минуттан артық сөйлеуге болмайды” деп үзiп тастады. Ал Мәжiлiс депутаты Бақытбек Смағұлов мырзаға (билiкке жағына сөйлегендiгiнен болар) үш мәрте сөйлеуге мүмкiндiк жасалды. Пiкiр айтушыларды қарсыластар және жақтастар деп екiге бөлгендiгi билiктiң ұстанымын көрсетiп отыр деп түсiнемiн.

Сәпен Аңсатов,

еңбек ардагерi, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.