Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев әлемдік нарықтарда мұнай бағасы қайтадан өсіп келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Биыл мамырда сыртқы нарықтарда көптеген елде коронавирустың өсімінің төмендеуіне және біртіндеп карантиннен шығуға байланысты жағымды көңіл-күй басым болды. Карантин шараларын бәсеңдету экономикалық белсенділіктің және энергия ресурстарына сұраныстың қайта жаңғыруына ықпал етіп отыр. ОПЕК+ мұнай өндірісін қысқарту туралы уағдаластығын іске асыру есебінен мұнай нарығындағы теңгерімділік біртіндеп реттелуде. Мамырда мұнайға баға белгілеу бір баррель үшін 25,3 АҚШ долларынан 35,3 АҚШ долларына дейін, яғни 39,8%-ға өсті. Ал 8 маусымдағы жағдай бойынша әлемдік нарықтарда мұнайдың бір баррелі 40,8 АҚШ доллары деңгейінде жабылды», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша мемлекеттердің көбі карантин шараларын алып тастай бастаған.
«Мәселен, Global PMI Manufacturing индексі 2020 жылғы мамырда 39,6-дан 42,4-ке дейін өсті. Төмендеу барлық көрсеткіштер – шығару көлемі, жаңа тапсырыстар, жаңа экспорттық тапсырыстар және жұмыспен қамту бойынша баяулады. Кейбір жандану белгілерін біз Қазақстан экономикасында да Ұлттық банк ай сайын бағалайтын Іскерлік белсенділік индексі негізінде көріп отырмыз. 447 ірі, орта және шағын кәсіпорынға жүргізілген пікіртерім нәтижесі бойынша өнеркәсіпте, құрылыста және қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік индексі сәуірдегі 37,2 тармақпен салыстырғанда мамырда 44,0 тармаққа дейін өсті. Бірақ әлі де 50 тармақ белгісінен төмен болып қалып отыр», - деді ол.
Ерболат Досаевтың айтуынша жағдайдың едәуір жақсаруы қызмет көрсету саласында байқалады.