Еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізілетін медициналық сақтандыру жүйесі – Қазақстандағы әрбір тұрғынға қатысы бар маңызды реформа.
Міндетті медициналық сақтандыру пакеті халық үшін 2020 жылдан бастап қолжетімді болады. Осы бағытта алға қойған міндеттердің бірі – емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындарға уақытылы сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл әсіресе, қызмет бабы немесе оқу, т.б. түрлі себептермен Қазақстанның көптеген аймақтарынан келушілері көп елордамыз үшін маңызды. Сондықтан да Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы жан-жақты мәлімет беру, азаматтардың, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің сақтандыруға қатысты сұрақтарына жауап беру мақсатында жоспарлы түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.
«Аталған шаралар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Сарыарқа», «Байқоңыр» аудандарында, қоғамдық орындарында, «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Нұрлы жүрек» орталығында, сондай-ақ қаланың жоғарғы оқу орындарында ұйымдастырылды. Шара барысында кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде көрсетілетін қызметтер, сақтандыру жарнасының мөлшері, Бірыңғай жиынтық төлем бойынша жарна төлеу тәртібі, мемлекет тарапынан сақтандырылатын санаттар жайлы айтылды. «Мүмкіндігіңе қарай – төле, қажетіңе қарай – ем ал» қағидаты, яғни сақтандыру жарнасының мөлшеріне қарамастан барлық азаматтарға бірдей медициналық көмек көрсету ұстанымы түсіндірілді. Мұндай іс-шаралар жоспар бойынша алдағы уақытта да жүргізіледі», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілетін кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын МӘМС пакетінің операторы болып табылады. Тегін медициналық көмек пакетін қаржыландыру міндеті 2018 жылдан бастап Қорға жүктелген болатын. Ал, міндетті сақтандыру шеңберінде қызмет көрсету 2020 жылдан басталады.