03 шіл, 2017 сағат 09:58

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жайы қаралды

Таяуда облыс әкімдігі аппаратында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садырдың төрағалығымен мүгедектер ісі бойынша кеңестің отырысы өтті. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары мен олардың санының өсу себептері және мүгедектіктің алдын алу жұмыстарын күшейту бойынша атқарылған жұмыстар жайы қаралды. Сондай-ақ, отырыста инклюзивті білім беруді дамыту туралы ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар мен көлік инфрақұрылымы объектілерінде қолжетімді орта құру туралы мәселелер де талқыланды. 

Жалпы, күнгейде әлеуметтік оңалту шаралары бойынша өткен 2016 жылғы жұмыстар 87%-ды құраса, 2017 жылы бұл мақсаттағы жұмыстар жоспардағыдан артығымен орындалып отыр. 

Мәселен, инклюзивті біліммен қамтамасыз етілген балалардың үлесін биыл 16,5 пайызға жеткізу болжанса, бүгінге дейін бұл жұмыстар 16,7 пайызға, яғни 129 балаға артық орындалып отыр. Мүгедектерге қолжетімді орта құру аясында 352 нысанды бейімдеу жоспарланып, қазіргі таңға олардың 50-і бейімделді. Сонымен қатар, мүгедектерге қолжетімді орта құруға кәсіпкерлерді жұмылдыру мақсатында 2016 жылы «Біз біргеміз!» акциясы өткізілді. Осы жұмыстарды жүргізу үшін 165 мобильдік топ құрылып, 2938 нысан зерделеуден өткізілді. Нәтижесінде 790 жеке нысан мен тротуар ретке келтірілді. Аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру, қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың проблемасына аудару үшін 2017 жылдың 20 мамыр-20 тамыз аралығында «Біз біргеміз!» атты акциясы жалғасуда.  

Мұнан бөлек, 2014-2016 жылдары 7537 мүгедек азамат жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 2016 жылы 76 адам қайта даярлау курстарына жолданып, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. 101 адам мал және егін шаруашылығымен айналысу мақсатында шағын несие алып, еңбек қатынастарын заңдастырып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған. 2017 жылдың 1 маусымына 783 азамат жұмысқа орналасты. 

Айта кету керек, облыстағы мүгедектер саны бүгінгі таңға 117 мыңнан асық. Олардың өңір халқына шаққандағы үлесі 4,1%-ды құрайды.