14 жел, 2018 сағат 09:04

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндіктері шектелмейді

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Олар үшін "кедергісіз орта" қалыптастыру жайын баса айтты.

Мемлекеттің әлеуметтік саласындағы маңызды бағыттарының бірі - осы мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Статистика бойынша қазіргі таңда елімізде 674,2 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның ішінде 62%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 25,4%-н зейнеткерлер құрайды. Ал 12,6%-ы 18 жасқа толмаған жеткіншектер.

Елбасы жолдауларында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту, оларға қатысты қиындықтарды шешу жайына ерекше тоқталып келеді. Тіпті кәсіпкерлерге осындай жандарды жұмысқа алу жайын да тілге тиек еткен еді. Ал "кедергісіз ортаның" болуы мұндай жандар үшін аса маңызды. "Кедергісіз орта" деп - мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысын жеңілдетуге арналған пандустар мен жақсы ыңғайлы тротуарлар, стандарттарға сай кең есіктердің және басқа да сыртқы орта элементтерінің болуын айтады.

"Кедергісіз орта" сыртқы факторлармен ғана шектеліп қалмағаны абзал-ақ. Мәселен мүмкіндігі шектеулі жандардың саяси науқан кездерінде сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруіне жағдай жасалуы - осының бірден-бір мысалы іспетті. Себебі мұндай жандар осындай мемлекеттік маңызы бар шараларға қатыса алмай келген еді. Бір сөзбен айтқанда кедергі болған. Жақында Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында бұл мәселе талқыланып, кедергіні жоюдың жолы табылды.

- Сайлау учаскелеріне барып дауыс бергісі келетін мүмкіндігі шектеулі жандардың саны аз емес. Өтініштер түсіп, арнайы науқанға қатысқысы келетін жандар саны көбейіп келеді. Олар дауыс беруге келгеннен кейін қажеттілігіне байланысты ыңғайлы форматта сайлау материалдарын, бюллетеньдерді ұсыну бұл сайлау комиссиясының міндеті болып саналады. Осыған байланысты ОСК жүйелі түрде біраз жұмыстар жасады, - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлейменова.

Осыған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар саяси науқанға үйлерінде отырып қатысатын. Алда сайлау орындарына арнайы барып дауыс бергісі келетін жандарға жағдай жасалмақ. Себебі олардың барлығы сайлау құқығына ие. Осы санаттағы азаматтарға ыңғайлы орта қалыптастыру үшін учаскелер техникалық базамен жарықтандырылады. Көлігін қоятын арнайы орыннан бастап, арбамен келетіндердің сайлау орындарына еркін кіріп-шығуларына дейін мүмкіндік жасалады. Зағип жандар трафареттермен, нашар көретіндері жарықтандыру жайларымен толық қамтамасыз етілмек. Бұл да "кедергісіз орта" қалыптастырудың бір нышаны. Өйткені, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндіктері шектелмегені маңызды.