Жуырда «Атамекен» бизнес орталығында «Атамекенiм» атты республикалық акцияны түсiндiру мақсатында баспасөз мәслихаты өттi, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмаларды жүзеге асыру үшiн қолға алынған бұл акция кәсiпкерлерге арналған. Жиынды ОҚО кәсiпкерлер палатасы ұйымдастырды.
Қазiр облыста қайырымдылық шараларымен ұдайы айналысып жүрген кәсiпкерлер бар. Олар әлеуметтiк нысандар салып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетiп жүр. Дегенмен, кәсiпкерлер өздерi ұсынған қаражаттың игi мақсатта жұмсалғанына сенiмдi болуы үшiн олардың бастамаларын үйлестiретiн орталық қажет-ақ. Өйткенi, қазiр жұрттан ақша жинап алып, өз мақсатына пайдаланатын алаяқтар аз емес. Сонымен қатар, қайырымдылық жасау мақсатында көмекке мұқтаж тұрғындарды iздеп жүрген қалталы азаматтар да аз емес. Оларға да жөн сiлтейтiн мекеме керек. Ендi осы мiндеттермен «Атамекен» Ұлттық кәсiпкерлер палатасы айналысатын болды. Оның сайтында елiмiзге танымал кәсiпкерлер мен меценаттардың реестрi орнатылады. Көмекке мұқтаж кез келген азамат осы сайтқа кiрiп, өтiнiш қалдырады. Кәсiпкерлер өтiнiштердi көрiп, көмегiн көрсетедi.
ОҚО Кәсiпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкiров «Атамекенiм» акциясы кәсiпкерлердiң беделiн көтерiп, олардың қоғаммен байланысын күшейтетiнiн айтты.
– Бұл – бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн жүзеге асыруға бағытталған жоба. Облысымызда қайырымдылықпен айналысатын кәсiпкерлер баршылық. Олар жасаған жақсылығын жариялауды жөн көрмегендiктен, көп жағдайда елеусiз қалып қояды. Сол үшiн бiз олардың еңбегiн бағалап, меценат кәсiпкерлердi қоғамға үлгi етуге тиiспiз. Осы арқылы өзге азаматтарды қайырымдылық жасауға үгiттеймiз. Бүгiнде облыстардың табысы салық түсiмдерi мен бюджет көлемiмен есептеледi. Менiң ойымша, кәсiпкерлердiң қайырымдылық жасау көрсеткiшi де сараланып, жұртшылыққа айтылуы тиiс, – дейдi ол.
Жиында жомарттық жасап көзге түскен iскер азаматтарға мемлекет тарапынан түрлi жеңiлдiктер жасалатыны да айтылды. «Атамекен» кәсiпкерлер палатасы бұл бағытта өз ұсыныстарын әзiрлеген. Мәселен, Салық кодексiнiң 133-бабы бойынша бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында қайырымдылық жасаған кәсiпкерлерге салық төлеуде жеңiлдiк қарастырылған.
«Атамекен» кәсiпкерлер палатасының сарапшысы Майя Исаеваның айтуынша, егер кәсiпкер қаржылай көмектескiсi келсе, алдымен сол мұқтаж адам тарапынан өтiнiш жазылуы тиiс. Ол арнайы тiркелiп, көмек көрсетiлгенi жөнiнде ресми құжат сақталады. Аталған құжат арқылы салық төлеуде мемлекеттiк жеңiлдiктерге қол жеткiзуге болады.
Айта кетейік, көмекке мұқтаж жандар Facebook пен Instagram парақшаларындағы жалпыға ортақ топта да өтінім қалдыра алады. Аталған акция жыл соңына дейін жалғаспақ.