Желіде белгілі ақын Мұхтар Шахановты "Қарттар үйіне өткізіп жіберіпті" деген жалған ақпарат тараған болатын. Бұл жайтқа байланысты қаламгердің өзі пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақын қарттар үйінде емес, өз үйінде отырғанын айтып, желіде жалған хабар таратқан адамдарға ренішін білдірген.
"Мен өз үйімде отырмын. Осы үйде менің толып жатқан кітаптарым, әртүрлі адамдармен бірге түскен суреттерімнің бәрі тұр. Сондықтан мен туралы өсек таратқандарды кешірмеймін, оларды керек болса сотқа беремін. Өйткені менің әйелім - Ханшайым Бүгінқызы барлық кезде мен дегенде ішкен асын жерге қояды. Сол әйелімнің арқасында Құдайға шүкір осылай аман-сау келе жатырмын. Сондықтан маған осындай былапыт сөздер айтып, менің абыройымды төккен адамдарды керек болса, халықаралық сотқа беремін", - дейді Мұхтар Шаханов.
Айта кетейік, бұған дейін қаламгер Құдияр Біләл Facebook парақшасында Мұхтар Шахановты "Қарттар үйіне өткізіп жіберіпті" деген жалған ақпарат тарағанын жазған болатын.