08 мау, 2016 сағат 10:17

Мұхтар Мағауин. «Туылған» мен «өлінген»

Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауат­сыз­дық көрінісі. Арыдағы мың жыл­дық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соң­ғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкерім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дә­лелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…» «Мен 1897 жылы… Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалар­дың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіс­пен, ренішпен жазып та жатты. «Туыл­ған» бейбақ кең дүниеге жаңа келген, шамасы бұдан бес-алты жыл бұрын. Одан кейін және дәп бүгінгі күні. Ешқандай нәтиже шықпады. «Туыл­ған» жұрттың берік сенім, нақты дәле­лі бар. Қалай айтсаңыз да бұрынғы қазақ білмеген, жазарман атаулы жаңылысқан. Бала өз еркімен, өзінен өзі тумайды ғой! Туылады! Анасы туа­ды. Міне, керемет. Мал – ұрғашы мал ғана туады. Әйел – табады. Бұрын­ғының анасы. Бес бала тапқан, он бала тапқан. Қазір де жалғыз-жарым баласын. Басқасын жиып қойғанда, өткен замандарда ешкім олай айтқан жоқ, олай жазған жоқ. Дәп осы арада ешқандай қисыны келмейтін ырықсыз етіс емес, қазақ тілінің грамматикалық ішкі заңдылықтарына сәйкес қалып­танған есімше сөз. Бұрнағы берік тұрғы, кейінгі ақылға сыйымды лепес атаулыны жиып қойдық. Жағалай «туы­лып» жатыр. Жекелеген қолда­ныс­­тан озып, жаппай қатарға енді. Қазіргі қазақ сайттарының бәрі дер­лік, ағымдағы баспасөздің көпшілігі, тіпті, кейбір, әжептәуір саналатын жазу­шы­лардың өзі тынымсыз «туы­луға» көш­кен. Ақыры, егемен еліңнің шекарасынан өтіп кетті. Бұл жақтағы алаштың жақсысын танымай, жаманын қасиет тұтатын қытай қазақ­тарына барып жетті, және мен қада­ғалап отыратын сайттарында жаппай қолданысқа түсті. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ен­де­­ше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көл­денең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туа­ды, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Ту­ған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қа­сым: «О да­риға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – мүлде қате: «…Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туыл­ған жан өлінбек», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлін­сем…» – деп айтулары шарт екен. Уақа емес, келесі бір басылымдарда түзетеміз! Ендеше, бүгінгі білікті қаламгер тіршілігінде, яғни өлінгенге дейін өзінің бар жазуына ие болуы керек. Оның ішінде біз де. Кейбір жеке басылымдарда, тіпті, ғұзырлы редактор ғана емес, еркін ойлы, білгір корректорлар сөйлеміңді оңдап, сөз­дерің­ді түзетіп жатыр, осы ретпен сен де бір күні «туылып» шы­ғуың әбден мүмкін. «Туылған» жанның «өлінбегі» хақ болса, әзірге жаңаша түрленбей тұрған «тіршілігіңде» ша­маң келсе, қаптай «туылған» сөз жен­деттерінен сақтанып, бар жазуың­ды қызғыштай қорып отыру қажет сияқ­ты. Жалғыз біз емес, жазатын, жазбайтын, әйте­уір шәлдіріксіз, түзу сөйлей алатын, басы тұнық барлық жұртқа қатысты лепес.

Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.

Кез келген халықтың тілі – аса күрделі категория. Заман озған са­йын өзгеріске түседі, жаңғырады, жаңарады. Бір пара сөздер әртүрлі себеппен қолданыстан шығады, жаңа ұғымдарға сәйкес жаңа сөздер қалыптанады. Мұның бәрі – табиғи жағдай. Алайда ғасырдан ғасыр өтіп, дүние қаншама құбылса да, тілдің сол ұлтқа тән фонетикалық құрылымы, жіктеу, септеу ерекшелігі, ұғым жүйе­сі бұзылмайды. Негізгі лекси­калық қор – атау сөздер сақталып тұрады, «ақ» – ақ болып, «қара» – қара болып қала бермек. Бұл көпе-көрнеу ақи­қатты еске салып отырға­нымыз, бү­гінгі қазақ басылымдарында көне заманнан келе жатқан ба­йырғы сөз­дердің кейбірі бұрмаланып, жаңсақ, тіпті, қарама-қарсы мағынада қолда­ныла бастады. Бұл жағы да түйсікті жазармандар тарабынан, ішінара болса да қаперге салынып жатыр, бірақ оңалып кеткен ештеңе жоқ. Бүгінгі қазақ қауымының «егемен» ерекшелігі, қайда қитар, қотыр мен соқыр болса, соған әуес. Судыр суайтыңыз – әлемдегі ең шыншыл адам болып көрінеді, аяр мен жалтақ – қайтпас қаһарман ретінде танылған, ұлтсыз жандайшап сатқын – күрескер, халқыңның ең адал, ең құрметті тұл­ғасы. Және керісінше. Сөз жайы да осы орайда. Жүз мәрте айтылып жатса да, мыйға қонбайды. Енді өзіміз көптен байқаған, біразы жаңадан тіркелген, кейбірі бізден бұрын да ескертіліп, нәтиже бермеген, қайт­кенде де бүгінгі бұзылған тілдің бар кетігін түгендей алмайтын, бірақ айт­пауға болмайтын, азды-көпті анық­тамалар. Оңтайлық үшін әліпби ретімен берейік.

«Ағарған». Мал сүмесіне қараған қазақта, тіпті, арыдағы Көне Түрік дәуірі, Шыңғыс хан заманының өзінде негізгі тағамдар үш топқа жіктелген: ақ, қызыл, пісәс. «Қызыл» – ет, етке қатысты дәм атаулы; «пісәс» – мал сүтінен, ұзақ сақтауға лайықталған тамақтар – құрт, май, ірімшік, сүзбе. Ал «ақ» — күнделікті қолданыстағы сүт өнімдері: қымыз, айран, қаймақ, қатық, таза сүттің өзі, ақ ірімшік, ең аяғы шалап. Советтік қазақ ежелгі кәсібінен ажыратылып, ішінара мал сүмесінен де шеттеген, оның есесіне ақ арақ пен қызыл шарап күнделікті тұрмысқа еніп, негізгі ішімдікке ай­налған кезде, қайткенде де мүлде жоғалып кетпеген ақ пен қызыл дәм атаулы жалпы есімінен айырылды, айырылмаса да, мүлде басқа мағы­наға ие болды: қазақы «қызыл» – қызыл шарап, ал «ақ» дегеніміз – ақ арақ болып шыққан. Әлбетте, «ақтың» болмысы айрықша, «ақ ішу» – арақ ішу деп қана ұғынылмақ. Осыған орай «ағарған» дейтін жаңа бір сөз қалып­таныпты. Бірте-бірте ауызекі тілден «әдеби» тілге көшкен. Әйткенмен, «ақ» пен «қы­зылдың» халықтың байырғы тілінен мүлде жоғалып кетуі мүмкін емес еді. Мал сирек сойылатын жаз күндерінде «қызылсырап отыру» – етті сағыну десек, наурыз тілегіндегі «Ақ мол болсын!» – орыстың водкасы емес, қазақтың сүт текті тағамдары, ырыс, береке, молшылық. Яғни, «ақ» та, «қызыл» да, біздің, бәлкім, тағы бір жазарман­дардың қолданысынан түспеген «пісәс» те халық тілімен бір­ге жасай береді деген сөз. Ал «ағар­ған» – «қызарған» мен «қарай­ған» сияқты, өзінің әуелгі мағынасында қолданы­луға тиіс.

«Ай дер әже, қой дер қожа жоқ». Қазір бар жерде дәп осылай жазылып жатыр: «Ай дер әже…» Неге әже? Неге ата, немесе әке демеген? Шын­дығында, әже емес, ажа! Кейінгі мағ­насы – ауыл-үйдің үлкені, ақсақалы, әкімі. Арғы тарих, бұдан мың жыл бұрын ажа – ру, тайпа көсемінің титулы, ал Шыңғыс хан заманында Кем-Кемжүт (Енисей) өлкесіндегі түрік қауы­мын билеген әмірші бек. Хан­дыққа тақау дәреже. Заман өзгере келе, ажа мәртебесі қатардан түссе де, кемі мың жылдық тарихы бар мәтел қаз қалпында бүгінге жетіпті.

Сонымен, «Ай дер ажа жоқ, қой дер қожа жоқ.» Нақтыланған, әрі толымды қалыбы. Біз тауып отырған жа­ңалық емес, бұдан отыз, қырық жыл бұрын, бәлкім, күні кешеге дейін осылай айтылып, осылай жазылатын. Ажа!

«Айналшықтау». Қазірде өте көп қолданылатын сөздердің бірі. Бұл енді мүлде ұятты жағдай. «Айналшық» – кешіріңіз, медицина тілінде латын текті «вагина», қазіргі орыс тіліндегі «влагалище» дейтін атаудың қазақша нұсқасы. Әдетте ұрғашы малдың мүшесіне қатысты айтылады. Сыртқы көрінісі емес, қынап бітімді ішкі жағы. Сойылған малдың атаулы бездері мен арам ағзаларынан басқа барлық бітімін, ең аяғы көтеншекке дейін тұтасымен пайдаға жарататын қазақ ұрғашы малдың жыныстық бөлігінің ауызғы бірер тұтамын кесіп алып, итке тастаған. Ырымға жаман, жеуге жарамсыз ғана емес, жиіркенішті, «айналшық» дегеніңіз осы. (Жатырға жалғас жеке ішектің қалған бөлігінің өзін әйелдер ғана, онда да қазанға салып емес, ішін сыртына келтіріп, отқа қақтап жеген.) Сондықтан да, бір ісін неше қайтара жасайтын, береке­сіз, пәтуасыз кісіні «Айналшық жеген бе…» дейтін сөгісті тіркес қалыптас­қан. Ал «айналсоқтау» – бір басқа. Біздің түйсіксіз жазармандардың «айналшықтап» жүргені де, бірер дыбыс, қарібі өзгерген «айналсоқ».

Сонымен, «айналшықтау» – ұятты сөз, тұпа-турасы – «айналсоқтау». Және осы негіздегі «айналақтау».

«Алаштың азаматы», «алаш қай­рат­кері». Бұл сөздер қазірде өткен­дегі Алаш-Орда қозғалысына қатысты айтылады. Қатесі жоқ. Алай­да ХХ ғасырдың басында Қазақ азаттығы үшін күрескен алыптарымыз – Әлекең, Ахаң мен Жақаң, және басқа да зиялыларды жай ғана «алаш азаматы» деп емес, «алаштың арысы», «алаш тұлғасы» дегендей, көте­ріңкі атағанымыз ләзім. Өйткені, «алаш азаматы», тіпті «алаш қайрат­кер­­лерінің» өзі бұрынғы-соңғы бүткіл қазақ тарихына, оның ішінде бүгінгі күнге де тиесілі. Бұл арадағы кілтипан – Алаш-Ордаға қатыссыз, ілкідегі және бүгінгі кез келген елеулі қазақты «алаштың азаматы» деп, ал айрықша еңбегі бар кісімізді «алаш қайраткері» деп білсек керек. «Алаш» сөзі – қазақ этнонимінің екінші сыңары, тіпті, негізгі атауы болатын. Алаш-Орда қызметіне байланысты, совет заманында мүлде дерлік тыйым салынды. Алайда тұтас бір халықтың өзіндік, ұлттық этнонимін ұмыттыру мүмкін емес. Жекелеген, әлбетте, 60-жылдардан кейінгі қазақ жазушыларының шығармаларында сыздықтап өтіп кетіп отырды. Ал халқымыз өз ішінде күнделікті қолданыстан шығарған жоқ. «Алаш» атауын ғана емес, осыған орай «алаштың азаматы» дейтін, марапат, мәртебеге теңдей алқау сөзді. Мәселен, менің өзімнің екі әжем мансапты қызметі болмаса да, адамдық қасиеті жоғары, намысты, өркеуде бір жігіттерді «алаштың азаматы» ғой деп, сырттай бата беріп, тілеулес болып отыратын.

Сонымен, арыдағы Алаш-Орда қайраткерлері – «алаш арыстары», «алаштың тұлғасы», кейінгі және бүгінгі, ұлттық санасы жоғары, кісілікті қазақ – «алаштың азаматы». Менің өзім әйгілі хирург, ұлтшыл зиялы, академик Кәмал Ормантаевтың 70 жылдығына орай жазған мақаламды «Алаштың азаматы» деген тақырып­пен жариялап едім. Бұл сөз қазіргі қолданыста мүлде жоқ деп айтпаймын, бірақ кеңінен тарамаған және арыдағы Алаш-Орда заманына ғана тән атау ретінде ұғынылады.

«Аллаһ». Соңғы он шақты жыл бойы осылай таңбаланып келді – «аллаһ». 90-жылдарда жалпыға арналып, көп таралған діни кітаптарда «алла» болатын. Әйткенмен, жаңа ғасырда, әуелі дін өкілдеріне, одан соң жазарман жалпы жұртқа «аллаһ» – арабшаға жақын, әрі сауатты көрінсе керек. Біріншіден, біз – араб емеспіз, қазақ тілінің өз заңы бар, соған орай «алла» түрінде қалыптасты және ауызекі тілде айтылуы тұрыпты, Бұқар жыраудан бастап, соңғы екі-үш ғасыр бойғы барлық әдеби нұсқалар­да – «алла». Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деген. Тағы басқа да өлең мен ғақылия сөздерінде қаншама мәрте қайталанған. Екінші­ден, менің Құран тілін игерген әде­биетші баламның айтуынша, араб лұғатының өзінде, жекелей, атау тұлғасында – «алла», тек тіркеме сөз жалғанғанда ғана «һ» дыбысы қосы­лады, мәселен, «аллаһу әкбар». Ақыры, тілімізді бұрмалаған, жазуымызды бұзған қаншама хикметтен соң, осыдан азғана бұрын Діни басқарма «алла» деп айтқан жөн болады дейтін пәтуаға келіпті. Сірә, жаңа мүфтидің ұсынысы һәм бекітуі­мен. Діндар ғұламаларымыз осыншама шырғалаңға түсірмей, бірден-ақ тоқтам салуы қажет еді. Әзірге толық түзелмесе де, өткен істі айтып отырғанымыз, бізде орынсыз еліктеу, керексіз солықтау деген – мейлінше өріс тапқан, қалыпты жағдай, іліп алады да кетеді, ақыры осылайша, барды былғап, жоқтың артын қуып жүргеніміз.

«Апа». Қазақ туған анасын «апа» деп атайтын… Күні кешеге дейін. Қазір жаппай «мама» болды. Қазақ­тың байырғы және бүгінгі де тілінде «маманың» негізгі мағынасы – емшек. Және жай ғана емшек емес, сүті мөлдектеген, ырысты емшек. «Мен – сәби, мейірімді ана құшағын­да, – Ақ мамасын сүйемін, құшамын да», – деп жазған Сұлтанмахмұт. Сүтті, бе­ре­келі ақ беретін үлкен бие – «мама бие», сиыр – «мама сиыр». Сөйтіп, ел-жұрттың орнында тұрғанда, «апа» атауы архаизмге айналды. Бүгінгі ба­ланың анасы – «мама» болып шықты. Ұлттық бейнеден айры­лудың әдепкі, ең жеңіл көрінетін бір ғана куәлігі. (Менің өзімнің алты балам туған шешелерін «апа» деп атап келеді, сондай-ақ алыс шетелде дүниеге келген, өсіп, алды бойжетіп, ержетіп, шалғайда күн кешіп жатқан төрт немерем де, аналарын «апа» дейді, бәлкім, бұл келінім қазақтағы ең соңғы «апа» болып шығуы да.) Әкенің «папа» болып кеткенін айтпай-ақ қояйық (біздің әулетте «көке»). Мұ­ның бәрі аз болғандай, «апамен» қоса «әже» атауы да ұмытылды. Бұл, сүйкімсіз, қартамыш көрінген «әже» сөзін мағнасы өзгеріп, қайта туған «апа» алмастырыпты. Бүгінгі қала қазағы, зиялы саналатын қауымның балалары әжелерін «апа» деп атайды. «Папалары» өздерінің туған шешесін «апа» деді ғой, сол ретпен. Күнделікті қолданыста ғана емес, баспасөзге де сыналай еніп кеткенін көрдік: «аталар мен апалар» деп әдемілейді көпшілік жазармандар. Бұл турасында біз, осыдан, шамасы бір мүшел, әлде он бес жыл бұрын «Атасы келінін…» деген мақала шығарыппыз. Одан ештеңе өзгерген жоқ. Өйткені бұл жаңарған «апа» ескілікті «әженің» орнын басқанына, кемі қырық жыл болды. Мәселен, біздің «Болезнь Бот­кина» деген әңгімемізде «көке» мен «апа» бар еді – «папа» мен «мама» ғой, көпшілік журналда көркемделіп шыққанда, денсаулығы тексерілмек кішкентай қыздың қасында жас жігіт пен кимешекті кемпірдің суреті тұр, яғни «папа» мен «бабушка». Бұл – 1988 жыл еді. Одан бері қаншама заман. Бүгінгі қазақ әйелі егде тартқан, немерелі болған кезінде «әже» атан­ғы­сы келмейді, қартайып, кеміп қала­тындай. (Әлдекім күмән келтірмес үшін, тағы да өзімді көтеретін, бәлкім, жаңаға жат, кертартпа қылып көрсе­тетін куәлік айтайын – біздің бәйбіше қырық екі жасымда әже болдым деп мақтанып еді, құдайға шүкір, бүгінде қатарынан өсіп, өніп, жетіліп жатқан немерелердің қарасыны, тәуба, тәу­ба, сол қырық деген қасиетті сан­ның бел ортасынан асты, әзірге санаулы шөберелерді қоспағанда, осылардың бәрі – үлкені де, кішісі де «әжелеп» тұрады.) Сонымен, қазіргі бала ха­лық­аралық «мамадан» айырылмайды, бірақ «бабушка» – «апа» емес, «әже» екенін білуге тиіс. Тым құрса біздің жазарман қауым табиғи, әрі ежелгі атауды бұрмаламай, орнымен қол­данса дейміз.

«Ардагер». Байырғы тілде бұл – аса көтеріңкі сөз еді, айрықша көзге түскен, атақты тұлға – қаһарманға тетелес ұғым. Бәлкім, одан да жоғары. Біздің бала кезімізде «Ардагер Амангелді ердің ері» дейтін өлең де болған. Осы «ардагер» кейінгі қырық жылда орыстың қатардағы «ветеран» сөзін алмастырды. Тура тілде айтсақ, майдангер атаулының бәрі «ардагер» болып шықты. Соғыс қана емес, «еңбек ардагері» дейтін тіркес пайда болды. Әрине, қарт біткен түгелдей құрметтелуге тиіс, айтарлықтай бүлі­ніп кеткен ештеңе жоқ, тек ежелгі бір, дәріпті «ардагер» сөзін арзандатып алғанымыз болмаса. Тіл – өзгереді, ескілікті сөздердің өзі түрленеді, жаңа мағынаға ие болады деп көңіл жұбатпасақ. Қайткенде де, әуелгі, нақты ұғымында қолдана алмайсыз. Ұлттық мемлекет жолындағы күрес ардагері Әлихан Бөкейханов… Ұлт­тық ояну бағдарында айрықша еңбек еткен ардагерлер – Ахмет Байтұр­сынов, Міржақып Дулатов… деп жазсаңыз, бәрі де қатардағы «ветеран» болып шығады. Бұл арада айтпа­ғымыз – барды сақтау керек, осы бетінде кете берсе, талай тамаша сөзден айырыламыз, кейбірі ұмыты­ла­ды, енді бірі басқа, мүлде теріс мағ­ынаға көшеді екен. (Әйтсе де, баяғы «ардагердің» өз күшіне еніп, қайта оралуы да ықтимал сияқты. «Ұлы Отан соғысының» және «Социа­листік үздік еңбектің» бүгінгі «арда­герлері» қатар-қатарымен жүзге жетіп, түгел­дей көзден ұшқан заманда, балша­бектік масат солғын­дап, тамашалау, суреттеу нысанынан айы­рылған жазарман атаулы қайыра жапырлап, жаңадан дем салса несі бар. «Арда­гер Әлихан Бөкейхан!..» Сол қатар­дағы және кейінгі шын ардагерлер… Тамаша емес пе! Байырғы, ас­қақ, әрі қуатты сөздің ақыр түбі өзіндік, тума мағынасына ие болуы! Тіпті, күмәнсіз сияқты. Жалғыз «ардагер» ғана емес, тұнығы шайқалған тағы қаншама мәйекті сөз. Өзіміз айтқан соң, өзіміз бастайық. Міне: «Алаш жұртының ардагер тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулат­ұлы, Мағжан Жұма­баев, Мұхтар Әуе­зов, Ілияс Есен­берлин…»).

«Атжалман». Қазіргі баспасөзде жаппай – «крыса», яғни «егеуқұйрық» атауының орнына қолданылып жүр. Бұл, негізінен шәрлі, кентті мекендер­ге тән, қазірде Қазақстан қалаларын, оның ішінде Алматыны басып кеткен «крыса» тышқан – бұрнада қазақ даласында атымен болмаған. Мен кішкентай кезімде үлкен әкемнен естіген «Сақади» дейтін қилы хикаяда «кіржі» деген сұмпайы кеміргіш аталатын. Абай төңірегінен тараған «Мың бір түн», және басқа да шығыс әңгімелерімен қатар, орыс және батыс романдары да қызғылықты тауарихтар ретінде көрініс тапқан ғой. Кейін анықтадым, бұл «Сақади» – ХІХ ғасырдың орта шенінде еңбек еткен белгілі орыс жазушысы Н.Полевой­дың «Сохатый», яғни «Бұлан-Бұқа» романының түрлене байыған қазақы нұсқасы екен. Ізгілікті қарақшы Сақа­ди абақтыға қамалған кезінде «кіржі деген тышқанды» ұстап алып, құй­рығына шала байлап, өрт шығарады да, қапастан аман-есен құтылып кетеді. Ол кезде Қазақ даласында жоқ нәрсенің қазақша атауы да жоқ. «Кіржі», яғни «крыса». Кейін, ХХ ғасырда кім, қалай енгізді – бұл «крыса» енді «егеуқұйрық» аталады және әдеби тілге түсіп, біржола тұрақтанды. Ал біздің шалағай газетшілер аяқ астынан тауып отырған «атжалман» – отаршылдық заман толқынымен жеткен «крыса» емес, ежелден-ақ бар, өзімізбен бірге жасап келе жатқан, далалық, «тума» тышқанымыз. Әзір­ше тұқымы құрып кетпесе керек. Түсі көбіне ала-күрең, қос қабырғасы қызғылтым, бітімі болбыр, құлағы үлкен, аяқтары қысқа, құйрығы шо­лақ, ұрты қапшық, керек десеңіз, әжептәуір сүйкімді мақұлық. Шөп, жапырақ жейді, әрқилы өсімдік тұқымдарын жақсы көреді; еңбекшіл, жер астындағы қоймаларына қыстық азығын молынан жинайды. Қолға оңай үйренеді, кішкентай кездерінде біздің балалар да асырап көріп еді. Әркімге таныс болса керек. Орысша атауы – хомяк. Ал «крыса» егеуқұйрық деген – ұзынқұйрық, сұрғылт, былық нас және қалалы жерлерде негізінен үйінді, тастанды тамақ қалдықтарын пайдаланады, шағын тұрқына қара­мастан шақар, жауыз, қорғансыз жас балаға шабудан да тайынбайтын, әрқилы жұқпалы ауру таратуы ықти­мал, бар болмысымен қатерлі пәле­кет. Айттық, бұрнағы жұртымызда аты­мен болмаған, Қазақстан шегін түбегейлі жаулап, үлкенді-кішілі бар­лық елді мекендерге біржола орнығуы – совет заманында, әуелде Түрксибтің салынуы, одан соңғы «тың көтеру» аталатын науқанның өрістеп, жүзеге асырылуына байланысты.

Сонымен, біздің қазақ баспасөзін басып кеткен кіржі крысаның ауызекі ғана емес, әдеби атауы да – «егеу­құйрық», ал «атжалман» – мүлде басқа, далалық тышқан.

«Әурет». Алдыңғы жылы Алма­тыда болып, Семейге барғанымда, қала­лық үлкен мешітке өте беріс, сыртқы тақтада тұрған: «Мешітке әуретіңізді жауып кіру керек!» – деген ескертпеге көзім түсті. Құлап қала жаздадым деп айтсам, артық емес. Қазақ ұғы­мында ежелден қалыптас­қан, көркем шығармаларда қолда­ныс­қа түскен, біздің өзіміздің жазуымыздан да көрініс тапқан «әурет» – әйел мен ер­кектің жыныс мүшелері һәм үлкенді-кішілі дәрет ағзасы. Сыпайы, әдеби нұсқа. Арабтағы әуел­гі мағынасы – шамды, ұяң мүшелер болса керек. Бір тілден екінші тілге көшкен сөздер әдетте әуелгі ұғымын сақтай бермей­ді, сол төңіректегі басқа бір мағынаға көшу мүмкіндігі – қалыпты жағдай. Ислам елдеріндегі әйелдер үшін анаусы тұрыпты, кеуде мен мойын, бет пен шаш, білек, тізе мен балтырға дейін тұмшаланып жүру міндетті болса, бізде ғасырлар бойы басқаша қалыптасты. Әдепсіздік емес, өзіндік тұрмыс негізінен туын­даған еркіндік. Әрине, мешітке кірген әйел түгілі, еркектің өзі ашық-алаң, алқам-сал­қам болуға тиіс емес, бірақ ешкім де, тұрпайы айтқанда, мешіт түгілі күнде­лікті жұмысқа, ресторан, кино, театр­ларға дамбалын түсіріп, артын ашып кірмейді. Тәрізі, «әуреті­ңізді жауып жүріңіз» – Семей мешітінің имамы ойлап тапқан даналық емес, Қазақстан мұсылмандар қоғамының жалпыға ортақ қағидасы болса керек. Дінге қатысты әлдебір мақаладан кейінірек тағы да көргенім бар. Әзір­ше ағым­дағы баспасөзге өткен-өт­пегенін аң­дамадым. Ұшыраса қалса, тіпті, жаппай қолданысқа түсіп жатса, таңыр­қамас едім.

«Волга». Жиі болмаса да, ара-тұра ұшырасып қалады. Сауатсыздық па, қырыстық па. «Еділ» ғой, ұлы дария­мыздың өзіндік, тума атауы. Тек бұ­рынғы-соңғы, қазіргі қазақ қана емес, бүкіл түрік халықтарына ортақ, қастерлі топоним. Айтып жатудың өзі артық. «Еділ» – «Итиль» атауы Визан­тия тауарихтарында VІ ғасырда таңбаға түскен, яғни, мың жарым жылдық жазба куәлігі бар. Арыдағы фин-угор тайпалары, бәлкім, славян текті жұрт та өздері отырған оң жақ сала – «Қара Еділдің» бастауын «Вол­га» деген, «су», «өзен» мағнасында (Валге, Вилькеа, немесе Вильга, Влга). Заман оза келе, түрік жұртынан бақ тайып, орыс патшалығы етекке жайыла түскенде, дарияның ұзына бойы осылай атала бастайды және Батыс жұрттары да қабылдайды. Әйткенмен, қазақ та, татар мен шыбаш, башқұрт та тарихи, әрі етене «Еділ» атауынан бас тартқан жоқ. Қаз­туғанның «Қайран да менің Еділім» деген толғауын «Қайран да менің Волгам-ай!..» деп өзгерте алмайсыз. Тіпті, Ресей туралы жазған кездің өзінде «Волга» деп көлгірсу – ұят қана емес, құнсыздық көрінісі деп білуге тиіспіз.

«Жанұя». Өлмейтін, өлексе сөз­дер болады. Сілімтік, жабысқақ. Со­ның айқын бір мысалы. Ойдан шыға­рылды, кеңінен таралды, қазірде сылбыр болса да, қатардан қалған жоқ. Совет заманында бізде тұрмысқа да, баспасөз бен көркем әдебиетке де еркін еніп кеткен «семья» ұғымының «егемен» заманда тезінен табылған «баламасы». «Семьяға» дейін қазақта туыстық, шағын үй-ішіндік атау бол­ма­ғандай. «Жанұяның» тезінен қа­тарға қосылуының бір сыры осы теріс ұғымда жатыр. Шындығында, қатар­лас бір емес, әлденеше атау бар еді. «Шаңырақ». «Түтін». «Отбасы». «Әй­ле». «Үй-іші». «Үй-жай». «Үй-баран». Ең ақыры – осының бәрінің кеңейтіл­ген, жиынтық көрінісі – «үйелмен». «Шаңырақ» – тура мағнасы, киіз үйдің шаңырағы есебінде ғана танылып, «түтін» – тағы да бықсыған қоңырсық ретінде қалып, «жаңарған жұртта» тосыннан «семья» атауы қалыптасты. Енді, кері заман туғанда, жалбағай «ұлтшылдар» дыбысталуы үйлес, және өздеріне таза қазақы көрінген «жанұя» дейтін жылбысқы сөз шығарыпты. Қазірде көпшілік сауатты жұрт «отбасы» атауын қолданады, ара-тұра «үй-іші». Мен өзім қисынды жеріне қарай «шаңырақ» деп, «түтін» деп те жаза берем. Өзіндік шаңырақ иесі азамат – «үй-жайы бар», «үйлі-баранды». Айтпақшы, «үйелменнің» жағдайы сәл-пәл басқашарақ. «Үйел­мен» – туыстас бірнеше шаңырақ, әдетте әке, бала, ата, тіпті, ағайынды бауырлар отбасының һәм бұлардың барлық үй, қора-қопсы, мал-жанының жиынтық көрінісі. Манағы «жанұя» мен «семьяның» кеңейтілген нұсқасы.

Сонымен, бір қабырға, межелі қоныс-жай ішінде отырған туыстас кісілердің ұйыс, ұшқас, өңкей, шағын тобының кеңінен тараған қазақша ортақ атауы – отбасы, үй-іші, шаңы­рақ, түтін. Қазақтың тілі бай, орайына қарай, қалағанын қолдана беріңіз. Тек «жанұядан» аулақ тұрған жөн.

«Жарты арал», «жартылай арал». Ағымдағы баспасөз ғана емес, тіпті, бізден бұрынғы, әжептәуір үлкен жазушылардың шығармала­ры­нан кездестіріп келемін. Бұл – кәдімгі орыстың «полуостров» сөзінің тікелей қотарымы. Қазақша – «түбек». Кеше­лі-бүгін шыққан емес, атам заманнан бері қолданылып келе жатқан атау.

«Зағип». Бүгінгі баспасөзде көп ұшырасады. «Зағиптар қоғамы» деген бірлестік те бар екен, орталарынан дау шығып, сотқа жетіп, біраз шулатты. Мен басында қандай зағип деп ұқпай қойып едім, ақыры толық түсіндім: көзі кеміс кісілер, солардың өзіндік қауымдастығы. Қазақ тілінде «зағип» – ауру-сырқаулы, кемтар, мүгедек жан. Ал көзі кеміс, турасын айтқанда «соқыр» сөзінің бір баламасы – «көр», тұпа-тура атауды дөкір көрсек, сирек қолданылатын, бірша­ма сыпайы, «басыр» деген сөз бар. Әлбетте, құдай тірі пенденің маң­дайына бермесін, соқыр, көр, басыр кісілер де зағип қатарында, алайда, айттық, сал ауру, аяғы, қолы кеміс шолақ пен молақ, бүкір мен ақсақ – мүгедек, дертті кемтар атаулының бәрі «зағип». Қазақтағы «бишара», «мү­сәпір» – әдетте тұрмыс кебіне байланысты айтылса, «зағип» – тек қана дене сырқатына қатысты сөз. Яғни, манағы «зағип» – жалпылама ұғым, ал көзі кеміс кісілер – «басыр», бұлардың өзіндік ұжымы – «Басырлар қоғамы», немесе «Басырлар қауым­дастығы» аталуға тиіс.

«Қаймана». Қазіргі нақты қолда­ныс­тағы қалыбы – «қаймана қазақ». Яғни, «жалпы қазақ», «исі қазақ», тіпті, «өзіміздің қазақ» дейтін ұғым бермек. Қолы жүрік журналистеріміз және жекелеген бір жазушылар осылай ойлайды. Шындығында, «қай­мана» – бөтен, бейсауат, көлденең [кісі] деген сөз, жау емес, бірақ жат, бөгде. Сонда «қаймана қазақ» – өзіміздің тумалас, ағайындас, біртұ­тас, жалпы қазақ емес, туыс та, біліс те, тілектес те емес, әлдеқайдағы «бө­тен қазақ» болып шығады. Бұл турасында осыдан төрт-бес жыл бұрын арнайы жазған азаматтар болған, бірақ кезінде бәсеңсігенімен, қолда­ныстан шыққан жоқ, ағымдағы баспа­сөзден, атаулы сайттардан ұшырасып тұрады.

Сонымен, байырғы тіліміздегі «қаймана» – бөтен, сыртқары, қағай деген ұғым береді, яғни «қаймана қазақ» – қазіргі қолданыстан мүлде кері мағынадағы тіркес.

Көкек, 2016,

Америка Құрама Штаттарынан.

Мұхтар Мағауин

(жалғасы келесі санда).

«Жас Алаш» газеті