15 мам, 2019 сағат 12:11

Мұхтар Мағауин. «Қол қоя салып едім...»

2005, қоңыр күздің әдепкі бір күні, түстен кейін, менің жұмыстан тыс мезгілім болса керек. Телефон шылдырады. Бейтаныс, сәл-пәл қарлығыңқы дауыс.

«Мұха, мен сізден кешірім сұрайын деп едім...» «Кім? Не боп қалды?» - деймін ғой. «Мен - Әбділхамит Нарымбетов. Анадағы «Рухани басбұзарлық» дейтін мақала... Отырар, коңырат... Мен байқамай, аңдаусызда қол қоя салып едім...» Иә, осыдан бірер ай, бәлкім, екі-үш апта бұрын сондай мақала шыққан. Басы - академик, халық қаһарманы, ортасы - ғылым докторы, профессор, соңы - қайраткер, бас редактор - мен «Он бес академиктің жалақор ғарызнамасы» деп айғақтаған (әуелде мүлде елемей, бірақ дабыра тоқталмаған соң кейінірек, жыл ақырында тиесілі жауабын берген) өзгеше лепес. «Неге «аңдамай» қол қоя саласыз?» - дедім. «Мұхтар өтініш жасап еді. Болмай сүраған соң...» «Бүгінгі Мұхтар - мен. Әуезов өліп қалған. Сіздікі қай Мұхтар?» - деймін. «Шаханов...» «Солай демейсіз бе. Шаханов талап еткеннен соң, деп. Ісіңіз түсіп тұр ма еді?» «Жоға. Сондай... Нете алмай... Енді осы оғаш қылығым үшін сізден кешірім сұраймын...» - дейді. «Бұлай болмайды, ағасы, - дедім. - Сіз аузыңызға ақ ит кіріп, қара ит шығып, жалалы мақала жазасыз...» «Жазған мен емес», - деді телефоншым тұтығып. «Жеке өзіңіз жазған жоқсыз, бірақ қол қойдыңыз. Яғни, қосанжар автор. Заң тармағы бойынша, ұжымдасқан қылмыстың жазасы ауырырақ болады...» «Қылмыс емес қой енді, теріс те болса пікір...» «Мұндай пікір болмайды, - дедім. - Жарым қазақты моңғол деп жариялаған жалған тарихшы, ұлттың тұтастығына сына қағушы кісәпір, әдеби журналды өзінің жеке мүддесіне пайдаланған бұзақы редактор, адамдық кейіптен айрылған монстр деп, тағы қаншама пәле жапсырып, тұпа-тура республика президентінің өзіне жазасыз. Рас, ату жазасын сұраған жоқсыз. Қазір басқа заман. Бірақ менің ой-пікіріме шектеу, қаламымды тежеу, басқа да катаң шаралар қолдану туралы талапты ұсыныс бар...» «Енді... ыңғайсыз болды. Сол үшін кешірім сұрап тұрмын ғой», - деді қатая бастаған телефоншы. «Кешірім сұрау бұлай болмайды, - дедім. - Сіздің жалақор ғарызнамаңыз «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» бастаған оншақты газетке шықты, «Жалын» бастаған екі-үш журналға шықты, кейбір облыстық басылымдарда жарияланды. Оны аз десеңіз, қазақ тілді интернеттің бетінде өріп жүр. Ниетіңіздің бастауы жақсы екен. Енді әлгі газет, журналдың әрқайсына және атаулы сайттарға: «Қателестім, осы былғаныш мақалаға Шахановтың азғыруымен байқамай қол қойып едім, сол үшін Мұхтардан, яғни Мағауиннен кешірім сұраймын деген дат жазып, тезінен жариялатасыз...» «Бұл мүмкін емес жағдай ғой...» - дейді, кешегі ғарызнаманың бел ортасында есім-сой, атақ-дәрежесі толық көрсетілген «филология ғылымдарының докторы, профессор Әбділхамит Нарымбетов», қайтадан күш алғандай қатқыл дауыспен. «Жалақор ғарызнамаға қол қою мүмкін болды ғой, мүмкін ғана емес, оп-оңай жүзеге асты. Орыстың мәтелін білетін шығарсыз: «Что написано пером, - То не вырубишь топором» - «Қаламмен жазылған таңбаны балталап өшіре алмайсыз» - деген. Мынау - қалам да емес, сан мыңдаған тиражбен басылған, эфирге таралған мәңгілік ескерткіш...» «Менікі қате болды...» - деді қайтадан кұмығып. «Ең үлкен қателік - жаңағы үлгі бойынша түзей алмайтыныңыз», - дедім мен жібімей. - Алайда, сізді құттықтаймын. Әлгі басшы, қосшыларыңызбен бірге, Мұхтар Мағауиннің үстінен жалақор донос жазған адам ретінде тарихта калатын болдыңыз...» Телефон тұтқасы жайлап, өз орнын тапты. Алайда, бар әңгіме бітпепті. Бітпеу керек екен. Оған дейін және кейін, күні бүгінгеше, жаңа ғасырдың басы - он жеті жыл бойы менің үстімнен қаншама ғарыз, мақала, тіпті, өлең-толғаулар жазылған. Қайда не шығып, қайсы қайда кеткенін түгендеу мүмкін емес. Нақты авторлары мен қосанжар қолдаушыларының жиынтық есебі де белгісіз. Өзіме мәлімі - жүз қаралы кісі. Мен «Ақмолалық жиырма алты комиссар» деп атаған, республикалық парламенттің Шаханов жетектеген жиырма алты депутаты, Асанәлі Әшімов бастаған әдебиет пен өнер қайраткерлері, Бибігүл Төлегенова бастаған «Дін жанашырлары», Отырар ауданының «Еңбек ардагерлері»... жекелеген тарихшы, өнертанушы, журналист, сазгер... Өз ынтасымен дүрмекке қосылған жалбағай жекелер тұрыпты, манағы, осы, және бізге беймәлім, жасырын қаншама ғарызнама қалайша ұйымдаса калды? Топ-тобымен жиналып, шулы талқы үстінде мәмлеге келген бе? Сондай, ұжымды, берекелі мәжілістердің өткерілуін теріске шығару қиын. Әйткенмен, толық келісім атаулының әуелгі бір козғаушысы, ұраншысы болады ғой. Өзім анық білетін едім. Профессор Әбділхамит Нарымбетов нақты айтты. Сенімді куәгер - жалғыз осы кісі ғана емес. Маған қарсы советтік, патриоттық науқан қызып жатқан кезде кезекті былғаныш мақалалардың бірін «Алматы ақшамы» газеті де басып еді. Әдепкі жағдай - «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Жалын», «Айқап» дей ме, «Рух-дария» дей ме, тағы қаншама құнсыз басылымдар бетінде қандаладай өріп жүрген көп мақаланың қатарында. Бірақ ай даладағы «Алматы ақшамы» - мен үшін тосын көрінген. Редакторы Сағат... міне, қайыра көшірген екінші айналымда есіме түсті, - Ерғали Сағатов, әлде Сағат Ерғали деген жігітті сырттай танимын, «Жұлдызда» әлдебір дүниелері шыққан, ең бастысы - біздің Тұрысбек Сәукетаевпен бірге оқыған, аралас-құраласы бар сияқты. Сосын Тұрысбекке айттым: «Ана сенің досыңның менде кандай шаруасы бола қалыпты?» - деп. Тұрысбек әлдеқалай кездескен, немесе арнайы телефон шалады. Мына дауға несіне араласты деп ағамыз ренжіп жатыр, дейді ғой. Ана жігіт айылын жимай, «Мұхаң өтініш жасап еді» дейді. Әрине, Әуезов емес, бүгінгі қазақта Әуезовтен, тіпті Абайдан да мықты болып тұрған Алып Адам. Әлбетте, жалғыз өзі емес, төңірегінде қаншама жанкешті жандайшабы бар. Және атаулы ғарызнама ұйымдастырумен шектелмейді, талабына құлақ аспаған, тіпті кезекті жалақор жолдамаға қайшы келген кез келген бейбаққа қысым жасалатыны бар. Осы ретте драма да, комедия мен трагедия да болып жатты. Соның біреуі.

Манағы, Шаханов бастаған «Ақмолалық жиырма алты комиссардың» «Депутаттық мәлімдемесі» жазбалай және баспасөз бетінде де «Қазақстан Республикасы премьер-министрінің атына һәм Мәдениет, ақпарат және спорт министрінің ғұзырына» жолданған еді. Екі-үш күннен соң, біздің Тұрысбекке Мәдениет министрлігінен бейресми телефон соғылады. Жаңа бастаған кезінде мен жолын ашуға септескен, бұл кезде қазақтың үлкен жазушыларының қатарына қосылып үлгерген Роза Мұқанова қарындасым. Министрлік мына депутаттардың қатқыл талабына орай, «бір ай мерзім ішінде» тиесілі жауап қайтаруы шарт. Бізге түскен мәлімдеме баспасөз бетінде шығып кеткен себепті, оған жазушылар қауымының бір тобы атаулы жауап беруі қажет сияқты. Ар жағын өздеріңіз білесіздер, депті. Тұрысбек менің мақұлымнан соң, асығыс екі беттік анықтама жазып, атақ-дәрежесі бар он-он бес қаламгер мен бірер белгілі тарихшыға қол қойғызып, министрлікке жолдады. Айтылған мерзім шегінде министрлік тарабынан тиесілі жауап берілсе керек, міне, жазушылар мен тарихшылар қауымының толғамы осындай, ғылымда, әдебиетте әрқилы пікірлер бола береді, деген тұрғыда. Әлбетте, дау-дамай, арыз-ғұрыз тоқталған жоқ, енді мүлде өршіп, жаңаша сыпат алған. Бұл арада айтайын деп отырғаным, әлгі жауап хаттан соң, оған қол қойған кісілердің барлығымен атаулы тәрбие сабағы өткізіліпті. Әрқайсымен жекелей. Өкімет, министрлік тарабынан емес, осы «Мәлімдемені» ұйымдастырушы Алыптың өзінің тікелей қатысымен. Кейбірі - телефон арқылы, кейбірімен ықтырма, бетпе-бет әңгіме. Соңғы топта Ғылым Академиясы Тарих институтының директоры мен Әдебиет институтының директорлары да бар. Қалай қол қойдыңыздар, бұл әрекеттің астарында нендей сұмдық жатыр деген тергеу және бұдан былай байқап жүріңіздер деген бопса. Әдебиет институтындағы Сейіт Қасқабасов - менің әріптес, ескілікті досым еді, академик, профессор, жаңағы Алыпқа күні қарап тұрған жоқ, Тұрысбек айтады, мен ұялтып, зорлағандай қылып, әрең қол қойғызып едім дейді, енді, осындай тіке шабуылдан соң мүлде жасып калғанын байқадым, алдағы заманда арамыз алыстады, тәрізі, жаңағы пұшайман профессор сияқты, ол да кешірім сұрап, келешекте маңынан жүрмеймін деп әрең құтылған сияқты, және пәледен машайық кашқан заман.

2006 жылы күзде аяқ астынан белсенді шығып, «дін жанашырларын» бастап, ол да анау-мынау емес, тұпа-тура республика президентінің атына ғарыз жолдаған және мынау пәлені құрту керек деп, жалпақ жұртқа жар салған Бибігүл Төлегенова әпекеммен арада ай өтпей, әлдебір аста ұшырасып, бір дастарқан басында отырып қалған едік. Бұрын да ертелі-кеш кездескеніміз бар, алайда, ұлы адамдар ұмытшақ келеді ғой, мүлде танымады. Енді мен әлденені айқындау емес, қызық үшін айттым, әпеке, мен - пәлен де түген деген жерлес бауырыңыз болам, лауреат жазушы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, кезінде сіз туралы үлкен мақала бергенбіз, түрлі-түсті суретіңізді басканбыз, ал енді кешегі, республика президентінің атына жолданып, қаншама газетке шыққан ғарызнамаңыз түсініксіз болды, сіз журналдың өткен тоғызыншы санында ұлық пайғамбарымызға, оның пәк зайыбы Айша анамызға тіл тигізді деп айыптаған шығарма мүлде басылған жоқ, қалайша, жоқ нәрсені бар деп, бізді жазаға тартуға шакырасыз? - дедім. Әпекем аңырап отырып калды. «Ондай нәрсе басылған жоқ па?..» «Жоқ. Журналды алып қараңыз. Мұндай пәле атымен жоқ!» «А... солай ма...» - деді әпекем. Бар сөзі осымен бітті. Қысылу да, кейіс те байқалмайды. Мен бұл жолы да нақты білетін едім. Манағы Алыпқа тікелей катысты. Өзі, немесе жақын бір жандайшабы барған. Атақты, абыройлы Бибігүл Төлегенова ойланып жан қинамай, майсыз бармағын баса салған. Ал біз діннен безген мұнафиқ жалақор есебінде қала бердік.

Бүгінде барлық жұрт ұмытқан ұзақ, пәрменді науқанға қайыра көз салсақ, баяғы ондаған ғарызнама, оның жаппай, қайталай, қаншама рет жариялануына ұйытқы, жетекші болған редакторлар, жапырлай ұжымдаса қол қойған он сан жұрт ішінде менен кешірім сұраған екі-ақ кісі болыпты, біреуі арада сегіз жыл озғанда, риясыз көңілмен алдымнан өтіп еді, екіншісі - манағы Әбділхамит Нарымбетов, ізін суытпай иілді, бірақ реті мүлде қиыс шықты. Мен осыншама дабырадан соң ақыры «Жұлдыз» журналынан ысырылып, етек-жеңімді жинадым да, эмиграцияға кеттім. Келер жылы елге атүсті барғанда, ашу-ренішім әлі тарқамаған еді. Бес жылдан соң байсал тартыппын. Әлдебір атаулы қонақасыда кездейсоқтан жаңағы Нарымбетовтың дүниеден өтіп кеткенін естідім. Мұндайда қазақ «иманы жолдас болсын» деп бет сыйпайды, көріскен жақынына көңіл айтады. Марқұмның жесірімен бір дастарқанда отырсақ та, ешқандай ишарат жасамадым. Енді, арада тағы бір мүшел өткен соң ойлап отырмын. Сол жүз жалақордың ішіндегі жалғыз адамы - осы Әбділхамит Нарымбетов екен деп. Әлде тікелей жарлық, әлде пәрменді үгіттен соң басы айналып кетті де, біздің «рухани басбұзар», Отырарға, тарихқа, Шахановқа, Айтматовқа қарсы арам пиғылымыздан жиреніп, нық сенім, ызалы кекпен, бояулы бармағын басты. Арада апта өтпей ой түсіп, тағы бірер апта дөңбекшіген толғаныстан соң, қанша қысылса да буынын бекітіп, үлкен ерлікпен бізге телефон шалыпты. Шындығында, Ғылым Академиясында қатарлас қызмет атқарғанбыз, қазақ фольклорын зерттеуге қатысты шулы бір мақаласын баяғыда, мектеп оқушысы кезімде «Жұлдыздан» оқығанымды айтып таң калдырғам, бұдан соң онша жұғыспасақ та, араз-құразымыз болмаған, сол ескі таныстық жөнімен алдан өтпек екен. Алайда біз жібімедік, керісінше, іске аспайтын шаруаға нұсқап, жүйкесіне тағы бірталай салмақ салған сияқтымыз. Енді амал жоқ. Біз кешірдік дегенмен, даусымыз жетпейтін жерде. «Тәңірі таразы» дегеннен басқа не қалды.

Ал мұнда жүрген, көпшілігі бүрынғы сарынмен бізді күні бүгінге дейін қаралап жатқан ағайындарды қайтеміз? Бұл ретте де өзімен кетсін дегеннен оза алмайсыз. Некестің қайсы бірін түгендерсің. Осы жауымыздың өзі артық. Тек кейбір меншікті жалақорларымның аузымен айтылып, әлі де болса біраз аңқау ағайын қайталап жүрген бір сөз - заманымыздың Алып Тұлғасы, қойдан қоңыр, қозыдан жуас Мүштар Махановтың не жазығы бар еді, моңғол Шыңғыс ханның дауы бітті ғой, мына Мағауин де қоймайды екен дейтін бөстекі сөзге түсініктеме емес. Қазақтың бас билігі өзінен кетіп, әуелде ақ патша езгісі, кейінде қызыл фашизм құрсауында қалған, жат жұрт, жау әкімшіліктің аузына қараған, жағымпаз бен жалақорға кеңшілік берілген отарлық заманда бойға жұққан катерлі індет - пәлелі арызқойлық төңірегіндегі, өзімізге тікелей қатысты, ертеңгі бала амалсыз назар аударатын былғаныш науқанның кейбір көріністері. Арғы еркіндік заманда Бұқар жыраудың үстінен ешкім арыз түсірмеген. Бұғаулы дәуірде оң ісі үшін кенеусіз ғайбатка алғаш ілінген - Махамбет екен. Содан соң Абай. Кейінде Ахаң, Жақаң, Мағжан. Ұлы Мұхаң. Сол бетімен жылжи жайылып, бізге жетіпті. Бұрынғы далбағай, жабайы жалақор емес. КГБ-ның былық тәсілдерін әжептәуір игерген алабүйрек, зәндем қауым. Енді бізден кейінгілер... білсе керек, таныса керек. Біле, тани тұра жиренсе керек. Сонда ғана жаңа ұрпағың - ұлығынан кішігіне дейін жалалы арыз, былғаныш науқаннан тыс қалмақ. Сүйекке сіңіп, қанға тараған індет тым кұрса екі ұрпақ ауысқанша тозып бітер деп үміттенем. Өйткені, мен кейінгі ширек ғасырда біршама аңдап, соңғы оншақты жыл бойы ортасында ғұмыр кешкен Батыс әлемінде мұндай пәлекет атымен жоқ. Керісінше, жалақордың өзі жауапқа тартылады. Дегенмен, біздің алдыңғы ағайындар да құлан-таза кетпес деп ойлаймын. Сондықтан да өшпес ақ қағаз бетінде куәлік жасадық.

4.ХІІ.2017, Роквилл, Мэриленд.


Мақала Мұхтар Мағауиннің жеке сайтынан теріліп, басылды. Мақала көшірілген жағдайда сілтеме жасалуға міндетті.