Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында түркі әлемі музейі және Жібек жолын жаңғырту орталығы салынады. Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фэйсбуктағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Түркістанда еліміздің премьер-министрі Асқар Маминның төрағалығымен және облыс пен қала әкімдерінің қатысуымен аймақты дамыту тақырыбындағы кезекті мәжіліс өткіздік. Қазіргі таңда облыс орталығының, сонымен қатар түркі өркениетінің мәдени және рухани орталығы Түркістанда оның дамуына ықпал ететін кең ауқымды құрылыс жүргізілуде. Түркістанның 2019-2021 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, жалпы құны 528 млрд теңге тұратын 200-дей бірінші кезектегі нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Бұлар - әкімшілік-іскерлік, рухани және мәдени, тарихи орталық, инженерлік инфрақұрылым жобалар нысандары», - деп жазады министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Күлтөбе қалашығының археологиялық зерттеу жобаларын және Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қорғалатын аумағында орналасқан туристер мен зияратшылар үшін тартымды «Әзірет-Сұлтан» нысандарындағы қалпына келтіру жұмыстарының қалай іске асып жатқанын баяндаған.
Оның атап өтуінше, қаланың архитектуралық даму тұжырымдамасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қатысты нысандар дәлме-дәл қайталанып, Жібек жолы дәуіріндегі бейнелерді қалпына келтіруге бағытталған. Түркістан Түркі дүниесінің мәдени және рухани астанасы ретінде бүкіл әлемге танымал брендке айналуы керек.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға сапары кезінде Қазақстан мен Өзбекстандағы туристік маршруттарды қосып, екі елдің басты тарихи және рухани орталықтарын байланыстырып, Түркістан, Самарқан, Бұқара қалаларының бірлескен туристік кластерін шұғыл құруды ұсынды. «Бір белдеу, бір жол» форумында Елбасымыз Жібек жолының маңызын жаһанданудың моделі ретінде, ал Түркістанды шоқтығы биік қала ретінде атап көрсетті. Әрине, біз ортаазиялық туризм нарығының дамуына мүдделіміз, сондықтан осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырудамыз. Біз бүкіләлемдік мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген ірі тарихи кешендердің тәжірибесін жете зерттедік, мысалы, Иерусалим немесе Осман империясының тарихи тұлғаларының мавзолейлері орналасқан Түркиядағы Мевлана музейі және Топкапы сарайы», - деді ол.
Министрдің дерегінше, Түркістан қаласындағы ең көне тұрақтардың бірі - кесенеден 700 метр қашықтықта орналасқан Күлтөбе қалашығы. Ол қайта қалпына келтіріледі. Хан ордалары мен орта ғасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан, Тәуке хан резиденциялары, Үндемес ата, Чилляхан кесенелері, ХVI-XVII ғасырларда салынған тарихи ғимараттары және кесенеге баратын ортағасырлық күре жолы бар Жеті Ата қақпасының аумағы толықтай қалпына келтіріліп, жөнделеді.
Мавзолей мен Жеті Ата қақпасы арасындағы тарихи көлдің ойыстары, сол кезден сақталған құдық, сопылықтың негізін қалаушы Яссауи өмірінің соңғы 20 жылын өткізген мешітке апаратын жол, ортағасырлық рабаттың бір бөлігі қайта жаңғырады. Абылай хан, Жолбарыс хан, Қасым хан, Жәнібек батыр, Қазыбек би сынды ұлы ата-бабаларымыздың жерленген жері абаттандырылады. Өздеріне тән архитектуралық элементтері сақталған Рабия Сұлтан Бегім, Есім хан мавзолейлері, Жұма мешіті, «Әлқожа баба» және «Әулие Құмшық ата» тарихи кешендері туристер көп баратын нысандарға айналады.
Орта ғасырдағы қала өмірінің рухы мен тірлігін қайта жаңғырту мақсатында мавзолей аумағында бас қақпа жанындағы ішкі бекініс қабырғалары, цитадель қайта қалпына келтіріледі. 1987 жылға дейін қызмет еткен ХVІ ғасырдағы ежелгі шығыс моншасы бастапқы келбетіне қайта енеді. Мавзолей аумағында көшпенділер салты мен дәстүрінен ерекше сыр тартатын, ортағасырлық тұрмыстың айрықша көріністерін беретін Этноауыл салынады. Сонымен қатар, шеберлер орталығы, шығыс базары, кәдесыйлар сататын дүкендер салынады және мавзолейдің барлық аумағы келушілер мен демалушыларға қолайлы болу үшін ландшафтық сәулет, фонтандар, ашық айвандар, басқа да нысандар орналасады.
«Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатында көпфункционалды визит-орталық, халықаралық ғылыми-зерттеу кітапханасы, түркі әлемі музейі және Жібек жолын жаңғырту орталығы салынады. Жалпы айтқанда, жұмыс көлемі орасан, достарым! Аталған қайта жаңғырту, қалпына келтіру жұмыстары туристер легін екі есе арттыратынына сенімдіміз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.