Фото: Semey-news.kz
Семейде 21 желтоқсанда, жаңа жылдық шыршаны безендір барысында оқыс оқиға болды. Безендіруге мұғалімдер тартылып, салдарынан олардың бірі жарақат алған. TikTok қолданушысы @eldanamukanova мәлімдегендей, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі 4-5 метр жерден құлап, ауыр жарақаттармен қазір реанимацияда жатыр.
Елдана Мұқанова мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта қоғамдық шараларға атсалысуға шақыру қаншалықты заңды деп сұрақ қояды.
"Әркім өз ісіне жауапты болып, жұмысын атқаруы керек. Мұғалім сабағын берген соң үйіне, бала-шағасына оралуы керек. Неліктен ол жұмыстан тыс уақытында тағы да әкімшіліктің жұмысын істеп, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген жағдайда ақысыз еңбек етуі керек", - дейді ол.
Белгілі болғандай, мұғалімнің аты-жөні Қуат Айтқали. Жасы 49-да. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі өз өңірінде жазушылық қырымен де танылған елге сыйлы азамат.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жағдайға бірден үн қатып, мұндай шаралардың ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заңына қатаң түрде қайшы келетінін атап өтті. Бұл заң мұғалімдерді кәсіби қызметімен байланысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салады.
«Біз облыс басшылығының бұл жағдай бойынша объективті тергеу жүргізіп, болашақта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдайтынына үміттенеміз. Барлық білім бөлімдері мен басқарма басшыларына ҚР «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларын қатаң сақтау қажеттігін тағы да еске саламын. Қуат Айтқалиевтың отбасына шынайы қолдау білдіремін және оған тез сауығып кетуін тілеймін», — деп жазды министр.
Министр зардап шеккен мұғалімге қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын және оқиғаның «ерекше бақылауда» екенін қосты.
Абай облысының білім басқармасы да бұл оқиғаға қатысты бірден түсініктеме берді.
«Абай облысының білім басқармасы оқиға бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін қызметтік тексеріс бастады. Заңнаманы бұзуға жол берген жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылады», — делінген хабарламада.
Оқиғаға қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты, бұрынғы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл жағдайды жай ғана қателік деп қарастыруға болмайтынын айтты.
«Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу. Нақты шаралар қажет. Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, кінәлілерді жазалауы тиіс. Министрлік мұғалімдерді тікелей міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуды тоқтату үшін бақылауды күшейтуі қажет. Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша өз міндеттерін орындауы тиіс. Зардап шеккен әріптесіме тезірек сауығып кетуін тілеймін. Министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны қуантады», — деді Асхат Аймағамбетов.
Осы уақытта Семей әкімдігі бас шыршаның шамдарын жағу салтанаты 25 желтоқсанға ауыстырылғанын хабарлады. 2019 жылы сатып алынған шырша қатты желден зақымданғандықтан, биыл бас алаңда биіктігі 20 метрлік жаңа шырша орнатылған болатын.
23 желтоқсанда Семей әкімі Нұрбол Нұрсағатов қызметінен кеткені белгілі болды. Ол Instagram парақшасында жазба қалдырып, бүгін соңғы жұмыс күні екенін хабарлады. Алайда шенеунік отставкаға кетуіне не себеп болғанын нақтыламады.
"Бүгін менің қала әкімі ретіндегі соңғы жұмыс күнім. Облыс орталығы мәртебесін ұзақ жылдардан кейін қайта алған қасиетті Семей қаласының әкімі болу мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік болды. Екі жарым жыл бойы мен және әкімдік қызметкерлері сіздермен бірге қаламызды жайлы әрі көрікті ету үшін күн сайын жұмыс істедік. Әрине, қиындықтар болды, өйткені барды қалпына келтіру жаңа нәрсе салудан әлдеқайда күрделі", - деп жазды Нұрсағатов.