31 мам, 2019 сағат 09:10

Мүдделер қақтығысына ұшыраған әкім жазаланды

29 мамыр күні Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңесте отырысында, Қарақия ауданы Сенек ауылының әкімі Б.Еркегуловке қатысты тәртіптік іс қаралды.

Тәртіптік іс бойынша атап өтер болсақ, аумақтық Департаментпен Әдеп кодексі талабының сақталуына жүргізілген мониторинг барысында, «фейсбук» әлеуметтік желісінде Сенек ауылының әкімі тарапынан жеке шаруашылығына қызметтік көлікпен жүретіндігі, жүргізушісі өзінің баласы екендігі және баласы қалада жұмыс жасайтындығы жөнінде сыни пікірін білдіргені көрініс тапқан болатын.

Қызметші Б.Еркеғұлов өз түсіндірмесінде ауылда басқа көлік жүргізушісі табылмағандықтан, ұлы Б.Құрмантайды село әкімінің қызметтік көлігіне жүргізуші болып жұмысқа қабылдағанын, қызметтік көлік әкімшілік аумағындағы шаруашылық қожалықтарына баратынын және баласының басқа серіктестікте смендік жұмысқа орналасқаннан кейін табелге тек жұмысқа қатысу күндерін көрсетіп отырғанын жеткізді.

Алайда, қосымша тексеру кезінде сырғалау, малдарды егу қызметтері аудандық ветеринариялық станциясына қарасты «Сенек» ветеринариялық пункті мамандары арқылы жүргізілетіндігі және қызметтерді атқаруға осы мекемеге тиесілі автокөліктің пайдаланылғандығы, сондай-ақ Сенек ауылы әкімдігінің аппаратынан «көлік жүргізуші» мамандығы бойынша сұраныс болмағандығын анықтады.

Бұған қоса, серіктестікте смендік жұмысқа орналасуына байланысты автокөлік жүргізушісі баласына қатысты жұмыс уақытын қысқарту туралы өкім шығарылмай, тек табелге жұмыс атқарған уақытына сағат белгілеумен шектеліп келген.

Кеңес мүшелері әкім Б.Еркегуловтың өз кінәсін мойындағанын ескеріп, мүдделер қақтығысының туындауына себепкер болу арқылы Әдеп кодексінің талабын бұзуына жол бергені үшін, оған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.