16 қаз, 2018 сағат 08:35

МСҚ жыл басынан бері жедел жәрдем станцияларына 22,4 млрд теңге төлеген


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жыл басынан бері халыққа қызмет көрсеткен отандық жедел жәрдем станцияларына 22,4 млрд теңге төледі. Биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде жедел жәрдем станцияларымен 31,5 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген болатын. 1 қазанға дейін көрсетілген соманың 71 пайызы төленген. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламаға сүйенсек, Қор Батыс Қазақстан облысындағы «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК-мен 953,4 млн теңгеге келісімшарт бекіткен. 2018 жылы 1 қазанға дейін аталған ұйымға 806 млн теңге аударылды (жалпы соманың 84,5 пайызы).  Оның ішінде әдетте ұсталып қалатын аванс та бар.

«Көрсетілген қызмет ақысы бекітілген келісім талаптарына сай: қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер талабы бойынша, тиісті мерзімде төленеді. Жұмысшыларға жалақыны дер кезінде төлеу мәселесі – әрбір жедел жәрдем ұйымының ішкі ісі және басшылық пен меншік иесінің құзыретіндегі шаруа», - деді МСҚ басқарма төрағасы міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Естеріңізге сала кетсек, биыл Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем жүйесін реформалауға кіріскен болатын. Аталған реформа бойынша жеделдігі жағынан 4-ші санатқа жататын шақыртулар жергілікті емханаларға беріледі. Нәтижесінде қаржылық және өзге де ресурстар емханалар мен жедел жәрдем станциялары арасында қайта бөліске түседі. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем станцияларының меншік иесі болып табылатын аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының өтініші бойынша жедел жәрдем қызметінің тарифтерін көтеріп, жылдық бюджетті бөлу схемасын өзгерту туралы шешім қабылдаған болатын. Қаражат биылғы жылдан бастап бөліне бастамақ.

Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі аталған шешімдерді заңдастырып жатыр. Қосымша қаражат барлық нормативтік-құқықтық актілер өкілетті орган тарапынан бекітілгеннен кейін бөлінетін болады.

«Медициналық сақтандыру қоры жағдай реттелгенше авансты ұстамай, қаржыны толық төлеу туралы шешім қабылдады» - деді Б.Жақселекова.

Қор тегін медициналық көмек пакетінің операторы ретінде тиісті шешімдер қабылданғанға дейін медициналық қызметтерді Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тарифтер бойынша сатып алуды жалғастырады. Сонымен қатар, Қор медицина ұйымдарының ішкі қаржылық мәселелеріне, соның ішінде жалақы мәселесіне араласа алмайды, делінген хабарламада.