19 қар, 2024 сағат 15:40

Мойындалмаған Абхазия президенті оппозицияның қысымымен отставкаға кетті

Фото: Sputnik / Томас Тхайцук

Мойындалмаған Абхазия президенті Аслан Бжания оппозицияның қысымымен отставкаға кетті. Сонымен қатар парламентті басып алған оппозициямен келісім бойынша үкімет басшысы да қызметінен кетеді, деп хабарлайды Ult.kz.

"Елдегі тұрақтылық пен конституциялық тәртіпті сақтау мақсатында, Абхазия Республикасы Конституциясының 63-бабына сәйкес, мен Абхазия Республикасы президенті қызметінен отставкаға кетемін", – деп жазылған Бжанияның парламент төрағасына арнаған мәлімдемесінде. Бұл мәлімдеме Бжанияның баспасөз қызметі жариялаған.


BBC мәліметінше, Бұған дейін Абхазия оппозициясының жетекшілерінің бірі Адгур Ардзинба журналистерге берген сұхбатында оппозиция мен билік арасындағы келіссөздер нәтижесінде президент Бжания мен үкімет басшысы Александр Анквабтың отставкаға кетуге келісім бергенін хабарлаған еді.

Ресейдің "Интерфакс" агенттігінің мәліметінше, президент міндетін уақытша вице-президент Бадра Гунба атқарады, ал премьер-министр міндетін Валерий Бганба орындайды. Ол бұған дейін осы лауазымды иеленген.

Бжания сенбі күні, отставкасын талап еткен наразылық білдірушілер мойындалмаған республиканың парламент ғимаратын басып алғаннан кейінгі күні отставкаға кететінін уәде еткен болатын.

Абхазия астанасында толқулар бір апта бұрын басталды. Себеп – биліктің Ресеймен жаңа инвестициялық келісім жасауға ниеттенуі. Жергілікті тұрғындардың көбі ресейлік бизнестің кеңеюі туризмнен түсетін табыстарынан айыруы мүмкін деп алаңдап отыр.