Фото: Азаматтарға арналған үкімет
Сенбі, 5 сәуір Қазақстанда мопедтерді тіркеу мерзімі аяқталады. Осыған байланысты, бүгін Алматыдағы барлық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жұмыс істейді, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі.
– Бұл мемлекеттік қызметке сұраныстың артуына байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, бұл күні Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесін өзгерту туралы шешім қабылдады, – делінген хабарламада.
Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қабылдауды жүзеге асыратын мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары қызмет алушыларды таңғы сағат 9:00 ден 14:00-ге дейін қабылдап, 15:00-ге дейін дайын құжаттарды береді.
Айта кету керек, бұл кесте бойынша орталықтар тек 5 сәуірде жұмыс істейтін болады.
Мамандандырылған ХҚКО-тары мына мекенжай бойынша орналасқан:
– ХҚКО №1 - Саялы шағынауданы, Аққайнар көшесі, 1
– ХҚКО №2 - Майлин көшесі, 240А
– ХҚКО №3 - Құлжа тракті 9К
– ХҚКО №4 - Кемел шағынауданы, Ақсуат көшесі, 118
Бұған дейін мопедтерін тіркемегендерге қандай жауапкершілік көзделгенін жазған едік.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылатыны туралы айтқан болатын.