29 мам, 2017 сағат 10:24

Мирас Асан: "Маңдайға сыймайды махаббат..."

Танымал жас ақын Мирас Асанның соңғы жылдары жазған бір топ өлеңің назарларыңызға ұсынамыз.

***
Белгілеп сіз тұратын көшені, күз,
Кездесті біздің киім-кешегіміз...
Айта алмас менің себеп - мүкістігім,
Естімес сіздің себеп - кеселіңіз...

Шалбардың қыры сынып сәкі алдында,
Сөмкелер иықтағы, батар мұңға...
Қолғаптар бірін-бірі қатты қысып,
Қыдырар қолшатырлар қатар қырда...

Батырған сол орамал бізді арманға,
Біз сонда неге адастық - жүз барғанға?
Түймелер ағытылды, ыстықтан ба?
Жағалар көтерілерді, ызғардан ба?

Жылаған шолпы ма екен, сырға ма екен?
Сағатым оны неге тыңдады екен?
Күртешем неге үйге кештеу келді?
Пальтоңыз неге жеңін бұлғады екен?

Шляпам неге тағы баққа ап келді,
Етігім неге өз ізін таптап, көмді?
Бөкебай ол әтірді неге ұмытты?
Ол хатты қалта неге сақтап келді?

27.ХІІ.2016



***
Алатын түгім жоқ демеулік,
Беретін түгім жоқ баю үшін.
Мен Сізден қол алам, шенеунік,
Мен Сізге жол берем, қайыршым.

Келіңіз, қол берем, жауыр, түк,
Барыңыз, мен Сізге жол берем.
Тым қатты қыспаңыз, ауыртып,
Тым ұзақ өтпеңіз, көлденең.

Ақынға Құдайдай сеніңіз,
Жырына Құрандай наныңыз.
Сіз мадам-қолдарды беріңіз,
Дуэлянт-жолдарды алыңыз.

Мен Сізге қол берем, ішпеймін,
Жол берем, сыйлықтан бас тартам.
Сіз қойған шарттарды істеймін,
Төбелес ашпаймын тас-талқан.

Қол берем, қасыма келіңіз,
Жол берем, бұл жерден кетіңіз.
Сальери-қолдарды беріңіз,
Дантеске берген жол, өтіңіз.



***

Миымда күлімдеп жүресің,
Үйімде тұнжырап жатасың.
Шай құю керегін білесің,
У құйып қоясың шатасып...


Біз жайлы оқыған кітабың,
Күз жайлы тоқыған тоқымаң...
Сен берген уды үнсіз жұтамын,
Сен берген шайды ішіп отырам.


Ой мен у санада шайқасып,
Бірдеме айтпақ боп, тосылам...
Сен жаңбыр жауғанын айтасың,
Мен тағдыр жазғанын жасырам...

04.V.2017



***
Күлкімді де тоздырдым кие-кие,
Мұң да тозды, іш - қазан күйе-күйе.
Тозды маңдай тау-тасқа соғылумен,
Тозды алақан қошемет, қол ұрумен.


Үміт тозды күтуден, кезігуден,
Күдік тозды жақыннан безінуден.
Табан тозды арманды қуалаудан,
Жанар тозды ояну, көз ілуден...


Тозды миым - тәнімнің ақылманы,
Тозды күйім, ескіріп жатыр бәрі...
Жүрек тозды сезім - бал, ақыл - удан,
Білек тозды бақытты шақырудан...


Тозған иық, тозған бас, тіл ұшым кем,
Айғайлаймын жалғанға құр ішімнен...
Төзіп келе жатырмын кім үшін мен?
Тозып бара жатырмын кім үшін мен?



Кереғар

Заңғар бар биіктен қорқатын,
Мұхит бар тамшыдан орта тым.
Кезең бар қызғалдақ баспайтын,
Өзен бар шөлдерге бастайтын.

Ешкім кеп қақпайтын қақпа бар,
Ешкім бор жақпайтын тақта бар.
Арамдық жақтайтын шындық бар,
Адалдық таптайтын мақта бар.

Сұлуды көрмейтін көздер бар,
Сұлуды тергейтін сөздер бар.
Жақынды жек көріп өлердей,
Бөтенге "кел" дейтін кездер бар.

Сезімге сенбейтін кездер бар,
Сезімге "Сен" дейтін кездер бар.
Қайтармай қалатын жауап бар,
Қайта алмай қалатын кездер - бал...

Үнсіздік шулайтын заман бар,
Бал-шырын - улайтын тағам бар.
Темірді иетін гүлдер бар,
Шөгірді сүйетін табан бар...

Өзендер шөлдейді қаталап,
Жанарлар күледі боталап...
Ішіме сыймайды сонда өлең
Маңдайға сыймайды махаббат...

11.ІІІ.2016



***
Төзімің жетсе ол күйді жазба, шыда,
Махаббат – ынтықтық-ау азға, сірә...
Көпірден секірмедік неге сонда?
Өкірген өзендерге – көз жасына.

Сүймеген шақта сүрсең өмір оңай,
Өмірден бөліп алам сені қалай?
Құбыла жақты ұмыттым, Құдай кешер,
Шұғыла шашқан кезде меңің арай!

Сөз артық шын ғашыққа, ән-сыңарға,
Көз артық, шындап шыққан тамшы барда!
Сөз керек, керек мүмкін нан сұрарға,
Жо-жо-жоқ, тым дөрекі – хал сұрарға...

Үндеме, үнсіз ғашық сөзіне ауыс,
Сөзсіз сүй, көзсіз ұнат, өзің алыс.
Сөз артық тыныштық та – тыңшы сынды,
Біз үнсіз тұрған шақтың өзі – дауыс.

Қыз заты көрмеп еді бұлай ұнап,
Сөз артық шын сезімге құдайы һақ.
Өлеңім сөзсіз жазған саған сұмдық,
Әнім де сөзсіз айтқан шынайырақ.



***
Бір сезім болады байқалмай жететін,
Бір сезім болады айта алмай өтетін...
Құрлықтар сияқты сілкініп көрмеген,
Мұхиттар сияқты шайқалмай кететін...


Бір сезім болады ренжіме, кек соңы,
Бір сезім болады, бақытты етші оны...
Қоңырау сияқты белгісіз нөмірден,
Саңырау сияқты еститін тек соны...


Бір сезім болады ұнатып көрмейтін,
Бір сезім болады жұбатып келмейтін...
Өлімге ұқсайды күлдіріп алатын,
Өмірге ұқсайды жылатып жерлейтін...


Бір сезім болады таусылып бітетін,
Бір сезім болады жүйкеңді түтетін.
Бір саты сияқты пәтерден шықпайтын,
Бір сәкі сияқты аулада күтетін...

09.ІІІ.2017



***

Қаралай бермеші қарадай жиі ақты,
Қашығым – жұп-жуық!
Біз неге жүреміз балмұздақ сияқты,
Тәп-тәтті,
Сұп-суық?
Күн жайлы ұмытып, айтамыз шықса Айды,
Шешенді мүкіс қып.
Біздің күй не үшін кофеге ұқсайды,
Ап-ащы,
Ып-ыстық?
Мен жауап бермесем сен қойған талапқа,
Кінәмді тізімде.
Біз неге ұқсаймыз мен ішкен шарапқа,
Сен жеген жүзімге?

Кереғар 2

Көктемде құспен келдің,
Шатырдан жас боп тамдым.
Шарапты ішкен менмін,
Сен неге мас боп қалдың?

Көктемде гүлмен келдің,
Үзіліп түскен әнмін.
Күршекті ілген менмін,
Сен неге іште қалдың?

Көктемде құспен келдің,
Қыратта гүл боп өндім.
Көліктен түскен менмін,
Сен неге бірге келдің?

Көктемде хатпен келдің,
Қанаты, бұл ақ құстың.
Тапанша. "Ат!" мен бердім,
Сен неге құлап түстің?

2016

Мирас Асан 1987 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Бекзат», «Соңғы раушан» кітаптарының авторы.

Ұлт порталы